
Есбер Ойшыұлы ұзақ жылдар Меркі ауданында абыройлы қызмет етті. Алматы ауылшаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп келген соң Жамбыл атындағы ұжымшарда еңбек жолын бастады. Жас маман шаруашылықтың өркендеп, ілгері дамуына айтарлықтай үлесін қосып, іскерлігімен танылды. Шаруашылықтың бас инженері ретінде атқарған қызметі де елдің көз алдында жарқырап, ауылдастарының үлкен құрметіне бөленді. Кейінгі жылдары Меркі жол пайдалану учаскесіне басшылық етті. Бұл мекемеде жұмыс істеген жылдары елеулі жетістіктерге қол жеткізді. 1999 жылы құрметті демалысқа шықты. Өз кезегінде Есбер ағамыз шахмат өнерін жақсы көретін. Достары мен жолдастарын жинап алып, уақыттың басым бөлігін осы ойынға арнайтын.
Екі бауырлас елдің ойыншылары шаршы тақта үстінде дәстүрлі түрде кездесіп тұратындығын айта кеткен жөн. Жылдам /рапид/шахматтан өткен бұл турнирде нағыз шеберлер бәсеке көрігін қыздырды. Ардагерлер арасында Байзақ ауданынан келген Жамалбек Әсембаев өз мықтылығын тағы дәлелдеді. Екінші орынды Тұрар Рысқұлов ауданының өкілі Серік Райымқұлов, үшінші орынды Қырғыз елінің азаматы Әлім Айтелиев иеленді.
Ересектер арасында Тұрар Рысқұлов ауданының шахматшысы Жандос Әдібаев үздік ойын өрнегін көрсетті. Екінші және үшінші орындарды байзақтық Бақыт Шалқаров пен Жамбыл ауданынан келген Жүсіпбек Қыдырмұханбетов өзара бөлісті.
Жанкүйерлер оқушылардың шаршы тақтадағы тартысты тайталасының куәсі болды. Осы сында Қырғыз елінің жүйрігі Алишер Жеңісбеков ешкімге дес бермеді. Екінші және үшінші орындар қордайлық Алинұр Уалихан мен меркілік Ерасыл Мырзакерімнің еншісіне тиді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен дипломдар тапсырылды. Жақсы ойын өрнегін көрсеткендерге ынталандыру сыйлықтары берілді. Есбер ағамыздың ұл-қыздары Ержан Белхожаев, Гүлнар Дандыбаева және Жанар Белхожаева жарысқа қатысқандар мен мерейлі бәсекеде мерейлерін үстем еткендерді құттықтап, ең ізгі лебіздерін арнады. Турнирді ұйымдастырушылар атынан Марат Бекбауов сөйлеп, ыстық ықыласын білдірді.
Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,
ардагер журналист