
Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиевтың айтуынша, осымен он сегізінші рет ұйымдастырылған байқау жұмысшы мамандықтарды кеңінен насихаттауды, жастарды кәсіпке баулуды, олардың кәсіби бәсекелестігін арттыруды, еңбекке деген сүйіспеншілігін қалыптастыруды мақсат етеді.
– 18 жылдың ішінде «Кәсіби маман» байқауы жастар үшін тәжірибе алаңына айналып үлгерді. Өйткені қатысушылардың жұмыстары арнайы шақырылған, өз саласында көп жылдық тәжірибесі бар мамандардан құралған қазылар алқасы тарапынан әділ бағаланады. Жұмыс сапасы, орындалу техникасы, үйлесімділігі, тазалығы мен жылдамдығы, бәрі-бәрі ескерілді, – дейді Айбек Қадралиев.
Байқау бірнеше бағыт бойынша өтті. Атап айтқанда, «Шаштараз шебері» (Barbershop), «Визажист», «Аспазшы», «Қолөнер» және «Дәнекерлеу ісі» номинациялары бойынша үміткерлер өзара бақ сынасты. Әрбір қатысушы өз мамандығына деген сүйіспеншілігін, өнерге деген ынта-жігерін көрсетті.
Жарыс нәтижесі бойынша «Визажист» номинациясында Дана Жолдасбаева (Тараз қаласы) өз ісінің шебері екенін дәлелдеп, бірінші орынды жеңіп алды. Әлия Айтуған (Шу ауданы) екінші орынға ие болса, үшінші орын Аружан Үтеп (Жамбыл ауданы) пен Диана Баймұратоваға (Тараз қаласы) бұйырды.
«Шаштараз шебері» номинациясында Руслан Қисықов (Тараз қаласы) үздік деп танылып, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды иеленген Асан Ерболұлы да өзінің ұқыптылығы мен іскерлігін көрсете алды. Ал үшінші орынды Ержан Жалғас (Талас ауданы) мен Ильдус Садритдинов (Тараз қаласы) өзара бөлісті.
«Дәнекерлеу ісі» номинациясында Бауыржан Сайлау (Жамбыл ауданы) үздік атанып, бірінші орын иеленді. Байзақ ауданынан келген Тойбек Көремшеев екінші орынды еншілесе, Сарысу ауданының намысын қорғаған Бекежан Дәуітбеков үшінші орынды місе тұтты. Бұл аталымда қатысушылардың кәсіби дайындық деңгейі мен қауіпсіздік техникасын сақтау ережелері ескерілді.
«Аспаз номинациясы» бойынша Жансая Шәріпхан (Меркі ауданы) дайындаған тағамның сапасы мен безендірілуі көптің көңілінен шығып, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды иеленген тараздық Қарақат Ибрагим та өзіндік стилімен ерекшеленді. Үздік үштікті түйіндеген мойынқұмдық қатысушы Динара Нұрғали мен сарысулық Сағанатқа Құдайберген ұлттық және заманауи аспаздықтың үздік үлгілерін көрсете білді.
Шексіз шыдамдылық пен ерекше талғамды талап ететін «Қолөнер» аталымында Нуридин Сайлау (Меркі ауданы) шеберлігімен топ жарып, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын Байзақ ауданынан келген Бауыржан Мейрамалыға бұйырса, үшінші орынды шулық Бауыржан Жақсыбаев иеленді. Бұл қатысушылар ұлт мұрасын бүгінгі күнмен үндестіре отырып жеткізді.
Жеңімпаздары салтанатты марапаттау рәсімі Тараз қаласындағы «Достық» үйінде өтті. Жиында алдымен арнайы бейнеролик көрсетіліп, байқау барысындағы ең жарқын сәттер көпшіліктің назарына ұсынылды. Салтанатты кешке облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысып, жастардың кәсіби біліктілігіне жоғары баға беріп, олардың еңбегі мен талпынысына ризашылығын білдірді.
– Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ұйымдастырылған «Кәсіби маман – 2025» байқауы жоғары деңгейде өтті. Байқауға түрлі саладағы дарынды жастар қатысты. Олар сайыста өздерінің кәсіби шеберліктерін, заманауи ойлау қабілеттерін және еңбекке деген құлшыныстарын көрсете білді. Қандай салада болмасын, мықты маман болу – үлкен жауапкершілік. Тек дипломмен емес, нақты іспен дәлелденетін кәсіби шеберлік – заманауи еңбек нарығының басты талабы. «Кәсіп – игерсең – ырыс, игермесең – тыныс» дейді дана халқымыз. Сондықтан да еңбекке адал, кәсібіне берілген, іскер азамат болу – әрбір жасқа жүктелетін міндет, – деген Серік Жақсылықұлы жеңімпаздарды дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Айта кетейік, серіктестер ретінде байқаудың жоғары деңгейде өтуіне «Barbershop Bazooka», «Barbershop Level», «Safiya_beauty_zone», «Makeupdariga_tarazz», «Rystayeva_ulzhan_beautysalon» сынды өңірдегі бірқатар шаштараз және сұлулық салондары, Тараз сервис және технологиялық колледжі мен Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжі өз үлесін қосты.
Жас шеберлердің байқаудан алған әсері мен рухани серпілісі оларды алдағы еңбек жолында алға жетелейді деп сенеміз. Ең бастысы – өз ісіне адал, шынайы еңбектің иесі болған әрбір жас үшін мұндай байқаулар үлкен демеу болары сөзсіз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ