Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жамбыл мұрасы – сарқылмас рухани қазына

Жамбыл мұрасы – сарқылмас рухани қазына
Автор
Халқымыздың ұлы ақыны, ғасыр жасаған Жамбыл Жабаев – ұлт руханиятының мәңгілік шырақшысы, жыр керуенін ғасырдан ғасырға жеткізген алып тұлға. Оның аты аталса болды, көз алдыңа алдаспандай өткір сөз, қара дауылдай төбеңнен төнген рух пен халық жүрегінен қайнап шыққан шындық елестейді. Қысқасы, Жамбыл – жай ғана ақын емес, ол – халықтың үнін сөйлеткен ұлы дала жыршысы.

Жамбыл шығармашылығының тамыры тереңде жатыр. Ол ата-бабадан жеткен жыраулық өнердің нағыз жалғасы бола алды. Сүйінбай сынды дүлдүлден бата алып, ел намысын ту еткен айтыс өнерінде де шыңдалды. Оның жырларынан біз халқымыздың мұңын да, арманын да, шаттығы мен қайғысын да таба аламыз. Әрбір өлеңінде қазақ даласының күйі шертіліп, тұлпар тұяғының дүбірі мен қобыздың күңіренген сарыны естіледі.

ХХ ғасырдың аласапыран уақытында Жамбыл жырлары елдің рухын көтерді. Ол кеңестік дәуір талабына сай болса да, жырын ешқашан халықтан жырақтатпады. «Ленинградтық өренім!» деп жазғанда, оның даусы тек Алатаудың бауырынан емес, бүкіл Отанның жүрегінен естілгендей болды. Ол соғыстың сұрапылын, ананың зары мен жауынгердің ерлігін поэзияның өрнегімен кестелеп, халықпен бірге қуанып, жұртымен қоса жылай білді.

Жамбылды кезінде замандастары, сүйген халқы тірі аңыз деп те атап кетті.

Кейінгі зерттеушілер Жамбылдың кеңестік кезеңдегі жырларына сын көзбен қарауы мүмкін. Бірақ ақиқат біреу – Жамбылдың өзі де, сөзі де халықпен бірге жасап келеді. Оның әрбір өлеңі рухтың тірі тамырындай нәр беріп, тарихтан тіл қатып тұрады. Ол жырмен ғана өмір сүрген, жырмен ғана ел есінде қалған ерекше дара тұлға болып қалмақ.

Жамбыл шығармалары Кеңес үкіметінің кезінде мыңдаған, миллиондаған данамен қазақ, орыс, тағы басқа тілдерде жарық көргені баршаға аян. 1930-1950 жылдардың арасында ол кісінің өлеңдері бүкіл əлемге белгілі болды, 160-тан астам шет тілдеріне аударылып, Жер шарына тарады.

Жалпы Жамбыл – ақын ғана емес, нағыз жырау, шыншыл жыршы. Ол ойшыл, тарихтың куәгері ретінде өмірдің шындығын жырлаушы болып санамызда қалды. Жамбылдың кез келген шығармасынан оның орасан талантын көреміз. Ол өлеңдерінде небір ғажайып теңеу, метафораларды қолдана алған, сөзді ойнатып, керемет құбылтатын, жаңа сөз оралымдарын жасап, бейнелі тіркестер тудыратын, өзіне дейінгі ақын-жыраулар үлгісін пайдалана отырып, оны жаңарта дамыта алған, сөйтіп өзіндік сөз қолдану мәнерін қалыптастырған ақын болды. Қысқасы ұлттық әдебиетімізде көркемсөздің хас шебері ретінде биікке жайғасты.

«Өзінің осындай асқан көркем шеберлігі мен маржан талантын Жамбыл бұрынғы жырауларша мемлекет басшыларына тікелей қарата арнау айтып, елдік, бірлік, татулық, Отанды сүю, қорғау секілді өз кезінде өте актуальды болған мәселелерді көтеруге жұмсаған. Ертедегі жыраулар сияқты үлкен жиындарда, Жоғарғы Кеңес сессияларында, Ұлы Отан соғысы кезінде қиналған халыққа арнаған толғау-өлеңдері көркемдік сапасы мен эмоциялық күш-қуаты тұрғысынан жаңа, бүгінгі көзқараспен бағалануға тиіс және Кеңес кезіндегі өмір мен саяси-әлеуметтік жағдайды да ескеру қажет», дейді жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы.

Белгілі жазушы Жамбылдың өкіметті мақтап, мадақтағаны үшін оған ренжудің жөні жоқ екенін айтады. Ақынның сол кездегі қауымы, қоғамы талап еткен дүниені жазғанын ескертеді.

«Еске түсірейікші, бұрынғы біздің классик жырауларымыз ханға арнай сөйлемейтін бе еді, әмірші мен халық қиналған шақта, ел басына ауыр күн туғанда ақыл айтып, өткен-кеткенді шолып, келешекті барлай айтып, жұртты бірлікке, сабырлыққа шақырмаушы ма еді?! Сыпыра жыраудың Тоқтамысқа, Асан Қайғының Жәнібекке, Шалкиіздің Би Темірге, Жиембеттің Есімге, Бұқардың Абылайға айтқандары Жамбылдың Кеңес өкіметінің көсемдеріне айтқанынан бөлек емес қой! Жыраулар неге солай айтты? Айтқызған дәл сол шақтағы тарихи-қоғамдық жағдай. Жамбыл да өз уақытындағы қоғамы, қауымы талап еткен соң айтты. Сол үшін оны кінәлауға бола ма? Әрине, болмайды. Пәлі, жалғыз Жамбыл ғана Кеңес өкіметін мақтады ма? Ол заманда Кеңес өкіметін, оның көсемдерін мадақтамаған, дәріптемеген ақын-жазушы бүкіл Одақта болған жоқ. Одақ қана емес, шетелдерде де Кеңеске, партия басшыларына арналған дүниелер туып жатты. Осының бәрі шындық қой, тарих қой. Ендеше, неге біз шындықты көлегейлеп, тарихтан алып тастауымыз керек?», дейді жазушы Н.Қапалбекұлы.

Жалпы, Жамбылдың мұрасы сарқылмас рухани қазына екеніне дауымыз жоқ. Оның жырларынан біз өткенімізді танимыз, болашағымызды болжаймыз. Ол қазақ поэзиясының тұғыры, жырдың биігі болып қалды және сол шыңда қала бермек. Оның жырында даланың кеңдігі де, бабалар аманаты да, ұрпаққа ұлағат та бар.

Тоқ етерін айтсақ Жамбыл – жырдың жалыны. Ол шындықты шекпен етіп киіп, халықтың үмітін арқалап өткен ақын. Оның үні – уақыттың үні. Сондықтан уақытпен үндескен Жыр алыбының жалыны ешқашан сөнбек емес.

Фариза КЕНЖЕБАЕВА,
облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер
орталығынының бөлім меңгерушісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар