
Бүгінде жасанды интеллект адам өмірінің барлық саласына еніп, ақпарат алмасу мен өндірістен бастап, білім, денсаулық сақтау, құқық, шығармашылық, тіпті ауылшаруашылығы мен журналистикаға дейінгі көптеген бағыттарға өзгеріс әкелуде. Алайда бұл тақырып қазақ оқырманы үшін әлі де болса түсініксіздеу, көбіне ағылшын немесе орыс тіліндегі терминдермен ғана шектеліп келеді. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жазылған «Жасанды интеллект әліппесі» жасанды интеллект саласына жаңаша көзқараспен қарауға жол ашатын тың еңбек.
Кітап 1000 таралыммен «Ai-Hub publishing» баспасынан басылып шыққан. Жобаны жүзеге асыруға сала мамандарынан бөлек, тілші-редакторлар, технология саласындағы зерттеушілер, ІТ мамандары жұмылған.
Автордың айтуынша, кітапқа қазірдің өзінде сұраныс жоғары. Сондықтан биылғы жылдың соңына дейін 25-30 мың таралыммен қайта басып шығару көзделіп отыр.
Кітаптың құрылымы бірнеше негізгі бөлімдерден тұрады. Алғашқы 100 бетінде оқырманға жасанды интеллект ұғымы, пайда болу тарихы, даму бағыттары, қоғамға әсері мен этикалық мәселелері туралы кеңінен ақпарат беріледі. Сонымен қатар, жасанды интеллект технологиясы арқылы тарайтын жалған ақпаратпен күрес жолдары, заңнамалық тұрғыдан қалай реттелуі тиіс екені жайында да нақты мысалдар мен пайымдар келтірілген. Кітап жасанды интеллекттің адамзат болашағына қалай ықпал ететіні туралы да салмақты ой қозғайды.
Кітаптың ерекшелігі – кейінгі 200 беті. Мұнда автор жасанды интеллектті қолдануға арналған нақты промпттар (яғни, тапсырма нұсқаулары) жинағын ұсынады. Бұл промпттар білім беру, медицина, туризм, ауылшаруашылығы, медиа, құқық, бизнес, маркетинг, шығармашылық сияқты 27 сала бойынша берілген. Яғни, кітап теориялық түсініктен бөлек, жасанды интелектті нақты қалай пайдалану керек екенін үйрететін практикалық құралға айналған.
– Жасанды интеллект жайлы ақпараттың барлығы ағылшын немесе орыс тілінде жазылған. Ал қазақша іздегенде толыққанды, түсінікті ақпарат табу қиын. Біз осы олқылықтың орнын толтырғымыз келді. Бұл еңбек – ғылыми мақала емес, ІТ мамандарына ғана арналған емес. Бұл – кез келген қазақ оқырманына арналған, жеңіл, қызықты әрі пайдалы нұсқаулық, – деген автор Мейіржан Әуелханұлы кітапты жазуға екі жылға жуық уақыт кеткенін айтады.
Бұл уақыт ішінде автор әлемдік сарапшылардың еңбектерін зерттеп, отандық және шетелдік тәжірибелерді саралаған. Сонымен бірге, қазақ тілінде жасанды инттеллект терминдерін қалыптастыру, мағынасы дәл, қисынды болуын қамтамасыз ету бағытында редакциялық жұмысқа да ерекше мән берілген.
Кітаптың редакторы – белгілі журналист, публицист, қоғам қайраткері Қайнар Олжай. Ол бұл еңбектің тілі де, құрылымы да өте сауатты жазылғанын атап өтті.
– Жасанды интеллект туралы бұл еңбек тек мазмұнымен емес, тілдік жағынан да құнды. Кітаптың алғашқы бөлімі көркем тілмен жазылған. Ал кейінгі бөлім – қазақша промпттар. Себебі бұл бөлім жасанды интеллектті қазақша дұрыс түсіну мен дұрыс қолдануға мүмкіндік береді, – дейді Қайнар Олжай.
Айта кету керек, ЖИ әліппесін үйрететін мұндай еңбек Орталық Азия кеңістігінде де алғаш рет жарық көріп отыр. Сондықтан Өзбекстан мен Қырғызстанның баспа өкілдері мен мамандары тарапынан кітапты өз тілдеріне аудару туралы ұсыныстар түсіп жатқан көрінеді. Бұл – кітаптың сапасы мен мазмұнының жоғары екенінің тағы бір дәлелі.
Ал «Ai-Hub publishing» баспасы алдағы уақытта жасанды интеллектке байланысты әлемдік деңгейдегі еңбектерді қазақшаға аударуды қолға алмақ. Сонымен қатар, ІТ мен жасанды интеллектке қатысты оқушылар мен студенттерге арналған оқулықтар мен әдістемелер дайындау жұмыстары басталып кеткен. Баспаның алдағы жоспарында арнайы терминологиялық сөздік пен жасанды интеллектке арналған қазақша энциклопедия шығару да бар.
Айжан ӨЗБЕКОВА