Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«AI-Sana»: бірегей бағдарламаның берері көп

«AI-Sana»: бірегей бағдарламаның берері көп
Автор
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «AI-Sana: инерциядан серпінге» ұранымен ауқымды іс-шара өткізді. Игі бастама жасанды интеллектіні кеңінен насихаттауға және оны экономиканың түрлі салаларына енгізуді көздейді.

Талқылауға 150-ден аса қатысушы қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік органдар, бизнес пен азаматтық қоғам өкілдері, IT-кәсіпкерлер, сарапшылар, студенттер және жоғары сынып оқушылары бар.

Қазақстан жасанды интеллекті технологияларын дамыту және енгізу бойынша өңірдегі көшбасшы атанып отыр. Мемлекет цифрлық трансформацияға стратегиялық әрі кешенді көзқараспен қарап, Еуразиялық цифрлық хаб құруға ұмтылып келеді.

Іс-шараның модераторы «Talap» қолданбалы зерттеулер орталығының бас экономисі Рахим Ошақбаев болды.

Талқылауға қатысқан Президент Кеңесшісі Қуанышбек Есекеев өзінің кіріспе сөзінде, Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық алғышарттар бар екенін және бұл бағытта белсенді қадамдар жасау қажеттігін атап өтті.

– Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұл салада белсенді жұмыс істеп жатыр және көптеген жобаларды ұсынуда. «AI-Sana» – бұл тек технологияларды енгізу жолы ғана емес, сонымен бірге отандық әзірлеушілердің инновацияны қалай ілгерілетіп жатқанын көрсету мүмкіндігі. Бұл талқылаулар маңызды нәтижелер әкеледі деп сенемін, – деді Қ.Есекеев.

Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев Қазақстан тек жаһандық трендтерді бақылап қоймай, сонымен бірге технологиялық күн тәртібін өзі, жеке қалыптастыруы қажет екенін мәлімдеді.

– Бүгінгі іс-шара – қоғамның барлық топтарын қамтитын, «AI-Sana» бастамасын ілгерілетуге арналған маңызды оқиға. Осы орайда, мектеп оқушыларына арналған «Tumo Education» (12-18 жас), студенттер мен ересектерге арналған «Tomorrow School» бағдарламалары іске қосылады. Бұл бастамалар азаматтарға ЖИ саласындағы дағдыларды меңгеруге көмектеседі, – деді министр.

Министр сондай-ақ «Alem.AI» орталығының жұмысымен таныстырды. Онда кез келген тұрғын жасанды интеллект негіздерін оқи алады. Бұл жобалар цифрлық экономиканың инфрақұрылымын дамытуға және кадрларды даярлауға бағытталған.

Іс-шара барысында банк секторы, денсаулық сақтау және білім беру салаларында қолданылып жатқан ЖИ жобалары ұсынылды. Олардың қатарында, «Haileybury Astana» мектебінде жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу жобасы да бар.

Талқылау барысында, технологиялық прогреске қарамастан, негізгі бастамашы және ЖИ жүйелерінің негізгі пайдаланушысы адам болып қала беретініне баса мән берілді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі цифрлық экожүйені дамыту жолындағы бірқатар жұмыстарды жалғастыруда. Ол – мемлекет, бизнес, сарапшылар және азаматтардың арасында диалог орнатып, жасанды интеллектіні Қазақстанның күнделікті өмірі мен экономикасына сәтті енгізу мақсатында қолға алынуда.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш
өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар