
– Аптап ыстықтың салдары халықтың денсаулығына кері әсерін тигізіп жатыр. Жедел жәрдемге шақыртулар күрт көбейді. Қазір біз тәулігіне 1 700-1800 шақырту қабылдаймыз. Бұл қалыпты кезеңмен салыстырғанда 20-30 пайызға артық. Тұрғындар көбіне қан қысымының жоғарылауы, жүрек-қан тамырлары ауруларының асқынуы, күн өту, бас айналу және әлсіздік сияқты шағымдармен жүгінуде, – дейді облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы ақпараттық жедел диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі Бекзат Әбітаев.
Маманның айтуынша, қазіргі ауа райы әсіресе жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесі аурулары бар азаматтар үшін, сондай-ақ қарттар, жүкті әйелдер мен балалар үшін өте қауіпті кезең. Дәрігерлер тұрғындарға сағат 11:00 мен 17:00 аралығында ашық күн астында көп жүрмеуге кеңес береді. Бұл – адам ағзасына түсетін ауырлықтың ең жоғары уақыты. Сонымен қатар, жеңіл әрі ашық түсті киім киіп, күннен қорғайтын бас киім мен көзілдірік тағу ұсынылады. Ауыр, майлы тағамдар мен алкогольден уақытша бас тартқан жөн.
Күн өткен жағдайда бас айналу, жүрек айну, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі сынды алғашқы белгілер байқала бастайды. Мұндайда адамды бірден көлеңкеге шығарып, үстіндегі артық киімін шешіп, салқын су ішкізу керек. Маңдайына немесе желке тұсына суық компресс қою алғашқы көмек ретінде өте тиімді. Алайда жағдай жақсармаса, жедел медициналық көмекке дереу жүгінген абзал.
Жалпы ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, жыл санап ыстық ауа температурасы жаһандық сипат алып бара жатыр. Ғалымдардың 2025 жылдың 22 маусымы мен 2 шілде аралығында жүргізген зерттеуі барысында Батыс Еуропаның көп бөлігін шарпыған +40°C температураның адам өміріне кері әсері нақты деректермен анықталған. Ауа температурасы жоғарылаған кезеңде әсіресе қарттар мен созылмалы ауруы бар адамдар қатты зардап шеккен.
Зерттеушілердің айтуынша, аптап салдарынан болатын өлім-жітімнің көпшілігі ресми түрде тіркелмейді. Себебі мұндай жағдайлар көбіне басқа себептермен байланыстырылып жатады. Сондықтан зерттеу жүргізушілер шынайы көрсеткіш ресми мәліметтерден әлдеқайда жоғары болуы мүмкін деген пікірде.
Мамандар әсіресе Батыс Еуропа күннің күрт ысуынан қатты зардап шеккеннін айтады. Испанияда ауа температурасы +40 градустан асып түссе, Францияда ормандар өртеніп, ондаған мың гектар жасыл желек күлге айналып, елді мекендерге қауіп төнді. Бұл аптаптың табиғатқа, инфрақұрылымға, адам психологиясы мен өмір сүру салтына дейін ықпал етіп жатқанын көрсетеді.
Лондондағы екі беделді ғылыми мекеме бірлесіп жүргізген зерттеу қорытындысы бойынша, 22 маусым мен 2 шілде аралығында қайтыс болған 2 300 адамның ішінде 1500 адамның ажалы климаттың өзгеруіне, күннің шамадан тыс ысуына тікелей байланысты болған.
Лондон империя колледжінің зерттеушісі Бен Кларктың айтуынша, соңғы жылдары климаттық жағдайлар тұрақсызданып, жаз мезгілінде температура орта есеппен 4 градусқа дейін көтерілген.
Сондықтан дәл осындай аптап ыстық кезде денсаулыққа ерекше мән беру қажет. Облыстық жедел жәрдем қызметі мен төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарға ауа райының өзгерісін ескере отырып, күнделікті өмір тәртібін ыңғайлауға, үй жағдайында салқын әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға кеңес береді.
Ауа райы – адамға бағынбайтын табиғат құбылысы. Дегенмен әркім өзіне жауапты болса, жазғы аптаптың қаупін барынша азайтуға болады. Қарапайым ережелерді елемеу қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Ең бастысы – денсаулыққа немқұрайды қарамай, уақытылы әрекет ету. Қауіптің алдын алу – жауапкершілік пен ұқыптылықтан басталады.
Айжан ӨЗБЕКОВА