
– Кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде іске асырылуда. Коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 40 174 азамат тіркелген. Оның 30 045-і әлеуметтік осал топтағылар. Өткен жылдың қортындысымен облыс аумағында 759 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2023 жылмен салыстырғанда 104,5 пайызға артты. Ал биыл пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін 100,8 пайызға орындап, 765 мың шаршы метр тұрғын үй беру жоспарланып отыр. Оның 33 пайызын бюджет қаражаты есебінен, 67 пайызын жекеменшік қаражаты есебінен орындап, аталған межеге жету күтілуде. Қаңтар-маусым айының қорытындысымен 317,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,2 пайызға орындалды. Жалпы құрылыс саласына 365,8 миллиард теңгеге инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстарының көлемі 109 пайызға асыра орындау жоспарлануда. 2025 жылы кезектегі азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен жалпы 36 миллиард теңге бөлінген болатын. Бүгінде 14,5 миллиард теңгеге 2 190 пәтерлі 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 2 030 пәтерге арналған 44 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Бүгінгі күнге бюджет қаражаты есебінен 420 пәтерлі 8 әлеуметтік тұрғын үй құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, Асанбай Асқаров көшесінің соңындағы алқапта 1 176 пәтерлі 30 көпқабатты әлеуметтік кредиттік тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, құрылысын 2025 жылы бастау үшін 7,7 миллиард теңгеге Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өтінім ұсынылды. Айта кетейік, 2025 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 21,5 миллиард теңге бөлініп, жоспар бойынша 1 415 пәтер сатып алынады, – дейді Дәулет Анабекұлы.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ