Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бақыт сарайы

Бақыт сарайы
А.Қартабай
Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданында неке қию орталығының ашылу салтанаты өтті. Мұнда неке қиюмен қатар, сәбидің дүниеге келуіне немесе мерейтойға арналған салтанатты іс-шараларды да ұйымдастыруға болады.

Таразда неке қию орталығы ашылды

Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев қатысты.

– Неке қию орталығының ашылуы – өңір тұрғындарына көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, халыққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған игілікті іс. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мықты мемлекеттің тірегі мықты отбасыдан басталатындығын әрдайым айтып келеді. Расымен де, отбасы – қоғамның іргетасы, тірегі. Сондықтан әрбір жас жұптың шаңырақ көтеруі – ерекше құрметке ие сәт. Бүгінгі ашылып жатқан неке қию орталығы – осы жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. Орталық ұсынатын қызметтер халыққа қолжетімді әрі сапалы бола түсетініне сенімім мол. Бұл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпороциясының цифрландыру, тиімділік пен ашықтықты қамтамасыз ету жолындағы мақсатты жұмысының нәтижесі. Сонымен қатар бұл орталық – тек қызмет көрсету орны ғана емес, ұлттық құндылықтарды насихаттап, отбасылық институтты нығайтуға өз үлесін қосатын маңызды орын болмақ, – деді ашылу салтанатында Ербол Шырақпайұлы.

Орталықтың ғимараты облыс әкімдігінің қолдауымен жөнделіп, қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған. Онда кең салтанат залы, қалыңдық пен күйеу жігітке арналған бөлме, фотосессия жүргізуге арналған алаң және фуршет аймағы қарастырылған. Залдың классикалық дизайны мен интерьері жайлылық пен мерекелік көңіл күй сыйлайды.

Келесі кезекте Ербол Шырақпайұлы неке қию орталығында орналасқан жаңғыртылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен де танысты. Орталық қызметкерлері қонақтарға цифрлық кеңсенің функционалды аймақтарға бөліну ерекшелігін көрсетті. Мұндай құрылым қызмет көрсету секторларына келушілер легін біркелкі бөлуге мүмкіндік беріп, жұмыстың тиімділігін арттырады. Қызмет алушыларға ыңғайлы жағдай жасауға кең зал мен заманауи жабдықтар да септігін тигізеді.

– Біз мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше мән береміз. Тараз қаласындағы жалғыз неке қию орталығының ашылуы – филиал мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың нәтижесі. Осы маңызды жобаны іске асыруға қолдау көрсеткені үшін облыс әкіміне алғысымды білдіремін, – деді Арман Кенжеғалиев.

Дәл осы күні жаңа орталықтың төрінде алғашқы неке қию рәсімі өтті. Бұл қуанышты сәттің басты кейіпкерлері – кеше ғана бір партада отырған сыныптастар, бүгінде отбасылық өмірге бірге қадам басуға шешім қабылдаған Жандәулет пен Арайлым болды. Балалықтың бал дәуренінен басталған достық махаббатқа ұласып, екі тағдыр бір арнаға тоғысты. Екі жастың қуанышын бөлісуге ата-аналары, жақын туыстары мен достары жиналып, салтанатты сәтке куә болды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар