Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жол саласындағы жас маман

Жол саласындағы жас маман
Автор
Қазіргі таңда жастардың арасында жұмысшы мамандықтарына қызығушылық төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Көбі табысы жоғары әрі жұмысы жеңіл, кеңседе отырып істейтін қызмет түрлерін таңдауға бейім. Алайда мұндай көзқарас барлық жасқа тән деп кесіп айтуға болмайды. Мәселен біздің бүгінгі кейіпкеріміз Назкен Такеева нәзікжанды бола тұра, жол саласы секілді ауыр әрі жауапты салада бес жылдан бері табандылықпен еңбек етіп келеді.

2019 жылы құрылған «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық кәсіпорнының негізгі міндеті – автомобиль жолдарындағы жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу, автомобиль жолдарын орташа жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізу, диагностикалау және аспаптық тексеру, халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында автомобиль көлігі инфрақұрылымының қауіпсіздігін бақылау және жаңа технологияларды енгізу және тәжірибелік учаскелерді сүйемелдеу.

Бүгінгі таңда аталған кәсіпорынның өңірлік филиалында ер-азаматтармен иық тірестіріп еңбек етіп жүрген нәзікжандылар да жоқ емес. Облыстық филиалда лаборант болып қызмет атқаратын Нәзкен Такеева бұл мамандыққа өз қалауымен келген.

Кейіпкеріміз Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында туып-өскен. Ол осында орта мектепті сәтті тәмамдаған соң, облыс орталығындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Мамандығы – «Стандарттау, метрология және сертификаттау». Байзақтық бойжеткен жоғары оқу орнын аяқтаған соң, оңтүстік астанамыз Алматы қаласына жол тартқан.

– 2009 жылы оқуымды аяқтай сала жұмысқа орналасудың сәті түспеді. Тек араға бір жыл салып, яғни 2010 жылы Алматы қаласындағы «Альянс ИПЦ» серіктестігіне лаборант болып қабылдандым. Осылайша, еңбек жолым басталды. 2013 жылы бұл мекемеден жобалау және құрылыс фирмасына ауысып, онда 2015 жылға дейін қызмет атқардым. Бұдан кейін декреттік демалыста болғандықтан, биылғы жылдан бастап «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық кәсіпорнының облыстық филиалында лаборант болып жұмыс істеп жатырмын. Бұл жердегі қызметім бірнеше құрылымдардан тұрады. Ең өзектісі, инертті материалдарды, топырақты, битумды, қиыршық тасты, минералды ұнтақты, асфальтобетонды және цементобетонды қоспаларды сынамадан өткізіп, олардың құрамын реттеу. Сонымен қатар цементпен нығайтылған асфальтобетон қоспасының, қиыршық, тас қиыршық, тас құмды қоспаның құрамына талдау жүргізу, – дейді Назкен Махмұтқызы.

Әрине кез келген жұмыстың өзіне тән қызығы мен қиындығы болары анық. Ал Назкеннің қыз баласы да болса да, жол саласындағы жұмысын тиянақты орындап, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүргені көп жасқа үлгі-өнеге.

– Бұл салаға жүрек қалауыммен келгеннен кейін әрқашан позитивті көңіл күйде жұмыс істеуді ұнатамын. Бастысы, жұмысым өзіме ұнайды. Шын мәнінде қай зертхананы алсаңыз да ондағы тыныс-тіршілік ғылыммен тікелей ұштасып жатқанын аңғарасыз. Осы себепті, біз әрқашан ізденуге, жаңашылдықты меңгеруге тырысамыз. Бұл ретте ұжымдастар бір-бірімізді қолдап, тату-тәтті жүреміз. Жетекшіміз Дәурен Хасенов өте білімді азамат. Ол өз жұмысының маманы. Қуанарлығы, бізге білмегенімізді үйретуден жалықпайды. Жалпы, өз жақындарым да бұл мамандықтан алыс емес. Ағам мен жолдасым жол саласының қызметкері. Қолдау болар ағаң мен қамқоршы болар жолдасыңмен бір салада қызмет ету – мен үшін мақтаныш. Жастарға айтарым, көңілің қалаған жұмыспен айналысу, бақыттың бір кілті іспетті, – дейді Н.Махмұтқызы.

Назкен Такееваның мамандығына деген жауапкершілігі мен өз ісіне берілгендігі – жастар үшін жақсы үлгі. Мұндай мысалдар жұмысшы мамандықтарының әлі де үлкен беделге ие екенін екенін, бұл бағытта нәтижелі еңбек етіп жүрген білікті кадрлардың бар екенін көрсетеді.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар