
Ерлан ЕСКЕРМЕС:
ҚАЗІРГІ ЕРЛАН ҮШІН – ЖАРАТҚАНҒА МЫҢ АЛҒЫС
Өзім туралы айту өте ауыр. Бір кездері алшаң басып жүрген ер-азамат әп-сәтте арбаға таңылады деп кім ойлаған?! Сондықтан қолыма қалам алып, өз тағдырым туралы жазуды жөн көрдім. Қазір 32 жастамын. Ал өмірім түбегейлі өзгергенде 25 жаста едім. Менің ең үлкен қателігім – көлікті жоғары жымдамдықпен айдағанды қатты ұнататынмын. Сол күні анам үйден шығып бара жатқанда «Сенің көлік айдағаныңнан қорқамын» деп ренжіп еді. Ана жүрегі сезген екен.
Барлығы аяқ астынан болды. Жұмыс күні аяқталып, достарыммен кездесіп, үйге қайтып бара жатқанмын. Қаланың шетіндегі айналма жолда басқа жүргізуші қарсы бетке шығып кетті. Екеуміз соғыстық. Менің көлігім бірнеше рет аударылды.
Есімді ауруханада жидым. Алғашында не болғанын түсінбедім. Қозғала алмай жаттым. Айналамда адамдар жүгіріп жүр. Жансақтау бөлімінде жатқаныма 3 күн болғанын сонда білдім. Дәрігер бел омыртқам сынғанын, енді жүре алмайтынымды айтты. Басында сенбедім. «Уақыт өтсе, бәрі орнына келеді» деп сендім. Бірақ шындық – басқа еді.
Сөз байласып, той күнін белгілеп, сырға тағып қойған қалыңдығым бар еді. Оның ұзатылу тойына бір ай қалған болатын. Қыздың отбасы тойды кейінге шегеріп, денсаулығымның жақсарғанын күтті. Қалыңдығым ауруханада қасымда жүрді. Бірде ауруханаға ата-анасын ертіп келді. Бәрінің жүзі солғын, қалыңдығымның көзі ісіп кетіпті. Әкесі сөз бастап: «Балам, ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді. Қызым осалдық танытып отыр. Анасы екеуміз «Тағдырдың ісіне шара не? Барлық қиындықты бірге жеңесіңдер» деп қанша жерден үгіттесек те, көнбеді. Қайтейін, кешір бізді» деп үстел үстіне ақ орамалға түйілген бір затты қойып, шығып кетті. Ол мен құда түскенде таққан сырға екен. Көндім, көндіктім.
Бірнеше ай ауруханада жаттым. Арбамен қозғалуды, өз бетіммен киінуді, тамақтануды, тіпті төсектен орын ауыстыруды қайта үйрену оңай болған жоқ. Өзімді барша адам баласынан төмен сезіндім. Ең қиыны – айналамдағы адамдардың көзқарасы. Кейбіреулер аяп қарайды, енді бірі мүлде сөйлемей қояды. Соның бәрі қиын еді. Бір кездері ең белсенді адам едім. Спортпен айналыстым, тауға шықтым, саяхаттадым. Ал енді – пәтер ішінде ғана қозғала алатын, өз-өзіне сенімі жоғалған адамға айналдым.
Бірақ өмірім сол жерде тоқтап қалмады. Бір күні оңалту орталығында менен жасы үлкен жігітпен таныстым. Арбаға таңылған, бірақ көңілді, белсенді, өмірге құштар жан екен. Ол маған қарады да: «Сен неге тастап кеткен сүйіктіңді ойға алып мұңая бересің? Мен қайта сені тастап кеткен қызды аяймын. Ол өзінің осы ісімен қандай адам екенін көрсетіп, бет-бейнесін ашты. Сенің ақшаң, көлігің, аяғың бар кезде ғашық болып, саған нағыз керек кезде, аяғыңнан тұра алмай қиналған сәтте демеп, сүйеудің орнына тайып тұрды. Оның басына да қиындық түспесіне кім кепіл? Ондай сенімсіз адамды ойлай бергенше, тірлігіңмен айналыс. Өзіңді көрсет, мықты екеніңді дәлелде», деді. Сол сәтте өмірге қайда келгендей әсерде болдым.
Сөйтіп онлайн жұмыс істеуге көштім. Алғашында фриланс дизайн, кейінірек маркетингке ауыстым. Табыс таба бастадым. Мотивациялық видеолар түсіріп, басқа мүгедек жандарға қолдау көрсетуге тырыстым.
Иә, мен бұрынғы Ерлан емеспін. Қазіргі Ерлан – өмірдің әр сәтін бағалайтын, жеңілістен кейін қалай тұру керегін білетін адам.
Мүгедектік – әлсіздігім емес, ол менің жаңа бастамам болды. Қазіргі уақытта мен сүйгенімді кездестірдім. Арбаға таңылғанымнан қорықпай қасымнан табылады. Үнемі қолдап, әрбір қуанышым мен мұңымды бөліседі. Құдай жүру қабілетімнен айырса да, бақытымнан айырмағанына шүкір етемін. Алдағы уақытта бас қосып, шаңырақ көтерсек пе деп ниет етіп отырмыз.
Қазір нағыз шынайылықтың, қамқорлықтың, жақсылық пен игіліктің бағасын, өмірдің қадірін білетін Ерланға айналдым. Дәл осы қазіргі Ерланды жасап шығарған Жаратқанға мың алғыс!
Аяназ ЕРКІНҚЫЗЫ:
КӨРУ ҮШІН КӨЗ ЕМЕС – ЖҮРЕК КЕРЕК
Көру қабілетімнен 17 жасымда айырылдым. Бұл тағдырдың тосынсыйы емес еді. Бұл менің өзіме де, дәрігерлерге де мәлім болған диагноз – қант диабетінің салдарынан болды. Барлық адам сияқты жастарға тән мен де «ештеңе болмайды» деген өзімшіл сеніммен жүрдім. 16 жасымда көруім нашарлай бастады. Басында көзілдірік кидім, кітапты шаммен оқыдым. Бірақ бәрібір жағдай нашарлады. Ақыры бір күні таңертең тұрғанымда терезеден күннің шуағын көре алмай қалдым. Алғашында өз-өзімді алдап: «Қараңғы түн шығар» деп ойладым. Бірақ жүрегім дүрсілдеп, ішім бір жамандықты сезіп тұрды.
Дәрігерлер «көру жүйкеңіз зақымданған, енді сізге көру мүмкіндігі қайтып келмейді» деді. Бұл сөз маған өте ауыр тиді. Сол сәт өмір аяқталғандай болды. Бөлмемде жатып, күндердің санын шатастырып, уақыт ұғымын жоғалттым. Бірақ өмір тоқтамайды екен. Ата-анам, ұстаздарым, көзі көрмейтіндерге арналған арнайы мектептің мұғалімдері мені қайтадан өмірге бейімдеді.
Брайль әліпбиін үйрендім. Дыбыстық жазбалармен оқып, білімімді жалғастырдым. Университетке түскенде көптеген қиындықтар болды. Оқытушылардың кейбірі менің мүгедектігімді «кедергі» ретінде көрді. Бірақ мен мойымадым. Кітаптарды дыбысқа жазып, емтихандарды ауызша тапсырып, курстастармен бірге жұмыс істеуді жалғастырдым.
Қазір мен онлайн-редактор болып жұмыс істеймін. Мәтін жазамын әрі көптеген арнайы жобалардың авторымын. Көру мүмкіндігім болмаса да, мен адамдардың ішкі дауыстарын естимін, олардың эмоциясын сеземін. Сол арқылы адамдардың жанын емдейтін, жүрегін жұбататын түрлі текст дайындап, соны озвучка жасаймын.
Мүгедектік менің өмірімді шектемеді. Ол тек мені өмірге басқаша қарауға үйретті. Ең бастысы – өз-өзіңе сену және күресе білу екенін ұғындырды. Көру үшін көз ғана емес, жүрек керек екенін түсіндім. Әрбір күн – күрес пен үміттің арасы. Кейде өзіңе деген сенім сөніп бара жатқанда, бір ауыз жылы сөздің өзі шырақ бола алады. Сол сәттерде жанымда болған жандардың қолдауы – менің екінші көру қабілетімдей болды.
Мен өз қараңғылығымда тұншығып тұрып жарықты емес, жүректегі жылуды іздедім. Сол арқылы адамдардың нағыз келбетін таныдым. Көз көрмесе де, жүрек алдамайды екен. Кейде көзі көретін адамдардың өзі өмірдің сұлулығын байқамай өтеді. Ал мен әр дыбыстан, әр үміттен өмірдің мәнін сезінемін. Мүгедектік – кемшілік емес, ол – ерекше жол, ерекше сезіну қабілеті. Мен өз тарихымды бөлісу арқылы өзгелерге үміт пен шабыт сыйлағым келді.
Аружан ТОҚТАМЫС:
ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫҢ ҮМІТІ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ
Небәрі 9 жасымда ауыр менингитпен ауырып, соның салдарынан есту қабілетімнен айырылдым. Бұл мен үшін ең күрделі кезең болды. Бала кезімде ән айтқанды, музыка тыңдағанды, әңгіме тыңдағанды жақсы көретінмін. Бір күні дене қызуым көтеріліп, ауруханаға түстім. Сол кезде дәрігерлер менингит диагнозын қойды. Жанымда анам отырды. Ең соңғы рет оның жылаған дауысын естігенім сол сәт еді...
Содан кейін әлемге тыныштық орнады. Ешкімнің дауысы естілмейтін үнсіз әлем. Басында не болғанын түсінбедім. Анам сөйлеп жатыр, бірақ мен оны көріп тұрсам да, ести алмадым. Сол күннен бастап менің әлемім өзгерді. Адамдар маған қарап сөйлейді, бірақ мен түсінбеймін. Мектепте сабақтан қалып қоя бастадым. Достарыммен араласу қиындады. Олар мені түсінбеді, мен оларды естімедім. Өзімді жалғыз сезіндім.
Бұл жағдайда маған қарағанда анам мықтырақ болды, берілмеді. Ол мені арнайы есту-сөйлеу орталығына апарды. Ым-ишара тілін үйрене бастадым. Мұғалімдер, логопедтер көмектесті. Бірнеше жылдан соң қайта мектепке бардым, енді ыммен сөйлеп, ерін қимылымен оқу арқылы түсінуді үйрендім.
Адамдардың көбі естімейтін адамды «қалыпты өмір сүре алмайды» деп ойлайды. Бірақ бұл – қате. Қазір мүгедектігі бар балаларға арналған орталықта жұмыс істеймін. Олармен сөйлесе аламын, олар мені түсінеді. Бізге бір ғана нәрсе қажет – түсіністік пен мүмкіндік. Оның үстіне мен сурет саламын. Әр сурет – менің үнсіз әлемімдегі айқайым іспетті. Әр бояу – менің сөзім сияқты.
Естімеймін, бірақ жүрегіммен тыңдаймын. Сеземін. Түсінемін. Мүгедектік – мені шектемейді, қайта тәрбиеледі. Бұл менің осал тұсым емес, бұл – менің ерекшелігім деп қабылдаймын. Себебі үнсіздікпен үндесуді үйрендім. Өмір жолым жеңіл болған жоқ, бірақ әрбір ауыр сәт мықты етті. Барлық нәрсені жүрегіммен қабылдап, жанарыммен ұғынуды үйрендім. Әлем мені үнсіз деп ойлауы мүмкін, бірақ менің ішкі дауысым – өте биік сөйлейді. Себебі мен сөйлемей-ақ сезіндіре аламын, естімей-ақ түсіне аламын. Өмір менен дыбысты алып қойғанымен, маған сезімнің тереңдігін сыйлады. Енді мен үнсіз жүректерге үн бола аламын.
Мен секілді үнсіз жылайтын қаншама балалардың үміті болғым келеді. Себебі бұл жолдан өттім. Әрбір балаға сенім қажет, ал сенім – кішкентай ғажайыптың бастауы. Мен үшін сол ғажайып – анамның мейірімі болды. Әлем бізді өзгертуге тырысқанда, біз оған өз дауысымызды естіртуіміз керек. Ал ең бастысы дауыспен емес – жүрекпен. Мен өмірге ренжімеймін, керісінше, оған алғыс айтамын. Себебі ол маған өзгелерді сөзсіз-ақ түсінуді үйретті.
Әр хат тағдырмен бетпе-бет келген жандардың жан сыры ғана емес, өмірдің шынайы келбеті, рух пен сенімнің жеңісі. Бұл үшеуі де өз жүректерінің жарасын сөзге, үнсіздігін үмітке, күресін – мотивацияға айналдырған кейіпкерлер. Олар бізге өмірдің сырын басқа қырынан түсіндіріп, мүгедектік деген ұғымның артында әлсіздік емес, ерекше сезіну, ерекше көру, ерекше сөйлеу қабілеті жатқанын айқын көрсетіп берді. Ал ең ғажабы бұл хаттар тағдырға өкпе емес, өмірге алғыс ретінде жолданған.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ