
Осы орайда жуырда «Заң және тәртіп» қағидаты аясында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Жуалы ауданының тұрғындарымен кездесті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынға облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Жанаев, облыстық әділет департаментінің басшысы Нұрғали Андасов, «Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев, сондай-ақ облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері мен жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Кездесуді ашқан Серік Жақсылықұлы күн тәртібіне шығарылған негізгі мәселелерге тоқталып, қатысушыларды құқықтық тәрбие мен қоғамдық қауіпсіздікке үлес қосуға шақырды.
Бұдан кейін сөз алған Бауыржан Жанаев 2025 жылдың алғашқы 6 айында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бауыржан Дәулетханұлының мәліметінше, облыс бойынша жыл басынан бергі 6 айда 49 149 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде 1 192 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 425 азамат қылмыстық әрекеттері үшін қамауға алынған. Сонымен қатар, 1 237 тыйым салынған зат тәркіленіп, айналымнан шығарылған.
– Қылмыстың едәуір бөлігі жастар арасында орын алатынын ашық айтуымыз керек. Дейтұрғанмен жүргізілген кешенді профилактикалық шаралар нәтижесінде қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтар 20 пайызға, ал көшелердегі қылмыстар 18,6 пайызға төмендеді. Жуалы ауданында да жалпы қылмыс деңгейі 16,4 пайызға азайса, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар 50 пайызға кеміген. Ал бұрын сотталған азаматтардың қайта қылмыс жасау көрсеткіші 50,3 пайызға төмендеді, – деген Бауыржан Жанаев жастар арасындағы құқықтық мәдениетті нығайту, алкоголизм мен нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ интернет-алаяқтықпен күрес тақырыптарын да кеңінен қозғады.
Сондай-ақ жиында аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жеңісбек Сейітбеков те сөз алып, жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Орталық директоры өз баяндамасында құқықтық сауаттылық өркениетті қоғамның басты талабы екенін баса айтты.
Жиын барысында өзге де сала өкілдері құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
Кездесуді қорытындылаған Серік Сәлемов тәртіпке бағыну парасатты тұлғаның ерікті әрі саналы таңдауы екенін атап өтіп, заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында әр азаматтың жауапкершілігі мен белсенді ұстанымы аса маңызды екенін баса айтты.
Сымбат ҚУАНЫШ