
Меркі ауданындағы «Көк Көл» демалыс аймағында ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек қатысып, ветеринарларды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ Әбілхайыр Ғалымұлы Премьер-министр Олжас Бектеновтың құттықтау хатын оқып, облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаевқа табыстады.
– Академик Константин Скрябиннің «Медицина – адамды, ал ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деуі тегін емес. Ветеринария қызметіне берілген ең жоғары баға осы болса керек! Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында жануарлардың денсаулығы, азық-түлік қауіпсіздігі және ауылшаруашылығы өндірісінің тұрақтылығы қамтамасыз етіледі. Мемлекет басшысы ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп отыр. Үкімет инфрақұрылымды нығайту, ең заманауи жабдықтар сатып алу, цифрлық мониторинг құралдарын енгізу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл бағытта облысымызда тиісті жұмыстар қолға алынған. Өздеріңізге белгілі, облысымыздағы 160 ветеринариялық пункттің 75-і жарамсыз күйде тұр. Саладағы өзекті мәселені шешу мақсатында тиісті жұмыстар басталды. Қазіргі таңда 75 пункттің 44-інің құрылысы жүргізілуде. Алғашқысы Байзақ ауданында пайдалануға берілді. Қалған 30-ы келесі жылдың соңына дейін толық салынып, ел игілігіне беріледі. Жаңа ветеринариялық пунктердің негізгі ерекшелігі – дәрі сақтайтын орыны, емдеу шараларын жүргізетін және мал тоғытатын алаңы болады. Осыдан екі ай бұрын ветеринария саласының мамандарына 50 жаңа автокөлік табыс етілді. Жалпы қажеттілік 140 болса, жыл соңына дейін тағы 50 көлік беріледі. Қалған 40 автокөлік келесі жылы жаңартылады. Сонымен қатар 1100 арнайы киім алынды. Тағы 1100 жаздық арнайы киім алынып жатыр. Күзде 1100 қыстық киім беріледі. Өңірдегі 160 ветеринарлық пунктке 160 термочемодан сатып алынып, таратылды. Маңызы айқын мамандық иелерін қолдау алдағы уақытта да жалғаса береді. Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді Әбілхайыр Ғалымұлы.
Сонымен қатар іс-шара барысында облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев та ақжарма тілегін арнады.
Келесі кезекте бірқатар сала қызметкеріне Ауылшаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» және үшінші дәрежелі «Еңбек данқы» төсбелгілері тағылды. Тағы бір топ азаматқа Ауылшаруашылығы министрінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты табысталды. Облыстық мәслихаттың депутаты Нұржан Әділов те мерекелік құттықтауын жеткізіп, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен 9 ветеринар маманды марапаттады. Сондай-ақ Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов мерекелік құттықтауын жеткізіп, бірқатар меркілік мал дәрігерін марапаттады.
Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ