«Ауыл аманаты»: 5,1 миллиард теңгеге 711 жоба қаржыландырылды
- author AR-AY
- 16 шілде, 2025
- 13

Атап айтқанда, малшаруашылығын дамытуға – 240 жоба, жылыжай кешендерін салу бағытында – 33 жоба, ал басқа да бизнес бастамалар бойынша 438 жобаға қолдау көрсетілді.
2025 жылы бағдарламаны іске асыруға 5 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаржы 25 ауылшаруашылығы кооперативі мен 450 жеке кәсіпкерді қолдауға бағытталып, 525 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Мәселен, Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылының тұрғыны Марат Алғашбек мемлекеттік бағдарлама аясында 9 миллион 200 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, газоблок шығаратын өндірістік цех ашты. Жоба шеңберінде бірнеше жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Бүгінде кәсіпкер өндіріс аясын кеңейтіп, пластик терезе мен есік жасау ісін де қолға алған. Оның айтуынша, ауыл ішінде бұл қызмет түріне сұраныс жоғары.
Т.Рысқұлов ауданында «Ауыл аманаты» жобасы 5 ауылдық округте жүзеге асырылуда. Жоба аясында 847 азамат жеке кәсіпкер атанып, 863 адамды жұмыспен қамтып отыр.
2019-2023 жылдар аралығында «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 42,2 миллиард теңге қарастырылды. Бағдарлама игілігін жалпы 62 ауылдық округтің тұрғындары көрді.
Нәтижесінде 8 028 азамат несие алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Ауылдық елді мекендерде жалпы 37 044 жұмыс орны құрылды, оның 22 838-і тұрақты.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар санының қысқаруына оң әсер етті.
2020 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша атаулы әлеуметтік көмек 36 259 адамға тағайындалса, 2025 жылдың 1 маусымына бұл көрсеткіш 18 435 адамды құрады. Осылайша бағдарлама нәтижесінде АӘК алушылар саны 17 824 адамға азайып отыр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі