Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың айтуынша, биыл егіс алқабын өткен жылмен салыстырғанда 25,5 мың гектарға ұлғайтып, жалпы көлемін 665,4 мың гектарға жеткізу көзделген екен. Атап айтқанда, дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 378,3 мың гектарды, майлы дақылдар 44,3 мың гектарды, ал қант қызылшасы 8,5 мың гектарды құрамақ. Сондай-ақ картоп 8,8 мың гектарға, мал азығы дақылдары 186,7 мың гектарға егіледі деп күтілуде.
Ислам даму банкінің қаржыландыруымен өңірдегі 71 каналға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты суды көп қажет ететін көкөніс дақылдарының алқабы 2,1 мың гектарға қысқартылып, жалпы алаңы 28,9 мың гектарға, бақша дақылдары 3 мың гектарға азайтылып, 9,7 мың гектарға егіледі. Сонымен қатар өңірде орналасқан қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету ісіне де басымдық берілетін болады. Дәндік жүгері дақылының алаңы 11,8 мың гектарға артып, жалпы алаңы 30 мың гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде жиналатын өнім көлемі 2025 жылмен салыстырғанда 109 мың тоннадан 210 мың тоннаға дейін артады деп күтілуде. «Тараз қант зауыты» іске қосылатыны ескеріліп, қант қызылшасының егіс алқабын 1,9 мың гектарға арттыруға ұйғарым жасалыпты. Осылайша 8,5 мың гектардан қара күзде 450 мың тонна тәтті түбір жинау көзделуде.
– 2026 жылдың көктемгі дала жұмыстарына қажетті 59,6 мың тонна тұқым 100 пайыз дайындалды. Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруалардан түскен өтінімдерге сәйкес 27,4 мың тонна дизель отыны қалыптастырылды. Энергетика министрлігі тарапынан облысқа мұнай өңдеуші зауыттардың қуаттылығына қарай 15,9 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оны өңірге жеткізіп, шаруаларға шетінен үлестіретін 8 өңірлік таратушы оператор айқындалды. Осы жылы шаруалар үшін 1 литр жанармайдың бағасы 281 теңге болып бекітілді. Қазіргі уақытта ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге шекті баға нарықтан 15 пайызға төмен босатылып отыр. Мұнай өңдеуші зауыттар мен өңірлік операторлар арасында келісімшарт жасасу жұмыстары жүргізіліп, 8,1 мың тонна дизель отынына қаражат төленді. Бүгінгі таңда бөлінген көлемнің 5,5 мың тоннасы облысымызға жеткізіліп, 3,2 мың тоннасы агроқұрылымдарға таратылды, – деді Әбдірәсіл Серікұлы.
Өнімділіктің жоғары болуына тікелей әсер ететін минералды тыңайтқыштарды ендіру жұмыстары да қатаң бақылауда. 2026 жылы 665,4 мың гектар алқапқа 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру жоспарланыпты.
Жиында басқарма басшысы ауылшаруашылық техникасын жаңғырту, қолда бар техниканы көктемгі дала жұмыстарына дайындау, шаруалардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы, оларға қолдау көрсету секілді мәселелерді жан-жақты баяндады.
– Көктемгі дала жұмыстарына ең қажеттісі – шаруаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету. Дизель отынын таратуда қандай да бір туындап жатқан мәселе бар ма? Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру үшін ішкі нарықты өзіміздің өніммен қамтамасыз етуіміз керек. Биыл қанша гектарға ерте пісетін көкөністерді егу жоспарланды? Тұқымның сапасына да ерекше мән беру керек. Біздегі тұқымның 91 пайызы ІІ-ІІІ репродукциялы, ал элита және І репродукциялы тұқым бар болғаны 7,6 пайызды ғана құрап отыр, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Жанармай таратуда ешқандай мәселе жоқ екенін, өзге өңірмен салыстырғанда көрсеткіш жоғары болып тұрғанын сөз еткен Әбдірәсіл Желеубаев: «Биыл ерте пісетін көкөністер көлемін 1,8 мың гектарға ұлғайттық. Оның ішінде 500 гектары пияз, 1000 гектарға жуығы – картоп. Нәтижесінде 20 мың тонна пияз бен 19 мың тонна картоп жинауды көздеп отырмыз. Бұл өнімдер нарыққа ерте шығып, бағаны ұстап тұруға септігін тигізеді.
Былтыр элиталық тұқым жоспары республика бойынша 7,2 пайыз болып бекітілген, алайда біз 7,3 пайызға орындадық. Биылғы меже 8 пайыз болса, қазір 7,6 пайыз, көктемгі егіс жұмысы аяқталғанша межені 9 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Тұқымшаруашылығын субсидиялауға 410 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта барлық жаздық дақылдардың тұқымы, яғни 15,4 мың тонна тексеруден өтті, сапасы бақылауда, – деді Ә.Желеубаев.
Жиын соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аудан әкімдері мен мүдделі мекеме басшыларынан да жауап алып, кейбіріне жұмыс қарқынын ширатуды тапсырды. Аймақ басшысы егіс науқанын сапалы өткізу, жанар-жағармайды уақытылы жеткізу, жаңадан сатып алған техниканы уақыт оздырмай тіркеу, су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Барлық көрсетілген міндеттердің орындалу барысы облыс әкімдігінің тікелей бақылауында болатыны айтылды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ



