Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жалпыұлттық сауалнамадан қалыс қалмаңыз

Жалпыұлттық сауалнамадан қалыс қалмаңыз
inbusiness.kz
Биыл төл әдебиетіміздегі 100 таңдаулы кітапты айқындауға арналған «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы басталды. Сауалнаманың басты мақсаты – қазақстандық жазушылардың шығармаларын насихаттау, оқуға деген қызығушылықты арттыру және баспа ісін қолдау. Бұл халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, отандық әдебиетті дамытуға үлес қосады.

Кеше «AMANAT» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы аясында зиялы қауым өкілдері мен жастардың кездесуі өтті.

Кездесуге Жазушылар одағының облыстық филиалының өкілі Хамит Есаман, белгілі журналист және қоғам қайраткері Жаңабай Миллионов, облыстық мәслихаттың депутаты, «Аq jol» газетінің редакторы Оралхан Дәуіт және өңірдің белгілі қаламгерлері, тарихшылар, ғалымдар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Олар сауалнама аясында ұсынылған кітаптардың мазмұны, көркемдік ерекшелігі мен бүгінгі ұрпаққа берер тағылымы жайлы ой бөлісті.

– Кітап – адам мен қоғамды байланыстыратын алтын көпір. Әдебиетті оқыған бала – өз халқының тарихын, тілі мен мәдениетін тереңірек түсінеді. Ал мұндай кездесулер жастар мен зиялы қауым арасындағы рухани байланысты нығайтып, ой алмасуға мүмкіндік береді, – деді жиында алғаш болып сөз алған Жаңабай Миллионов.

Сонымен қатар белгілі журналист Оралхан Дәуіт бұл бастама жастардың рухани дамуына, ұлттық құндылықтарды тануына, тіл мен әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыруға үлкен ықпал ететін атап өтті.

– Кітап – ой мен сананың тұнығы. Әсіресе, көркем әдебиет адамның жандүниесін тәрбиелейді. Өз басым кітапты әр адам күнделікті серігіне айналдыру керек деп есептеймін. Осы орайда, мұндай жобалар арқылы жастармен көбірек пікір алмасып, олардың қандай кітаптарды оқитынын, не қызықтыратынын біліп отырған абзал. Бұл – тек бірреттік акция емес, ұлттық сана мен білімге бағытталған тұрақты бағдарламаға айналуы тиіс. Жастарға айтарым – кітапты сүйіңдер, ізденіңдер, зерделеңдер. Сол арқылы ғана биіктерге жетуге болады, – деді Оралхан Дәуіт.

Ал, Хамит Есаман «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы жастардың рухани әлемін байытуға бағытталған тамаша бастама екеніне тоқталып, жоба арқылы жас ұрпақтың көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға болатынын жеткізді.

Іc-шара соңында қатысушылар кітап оқу мәдениетін дамыту бойынша өз ұсыныстарын білдіріп, үздік шығармаларға дауыс берді.

Айта кетейік, сауалнама «eGov mobile» қосымшасы арқылы онлайн форматта өтіп жатыр және 23 шілдеге дейін жалғасады. Қатысушы 1-ден 10-ға дейін кітапты таңдап, олардың атауы мен авторын көрсетуі тиіс. Нәтижесі Абай күні – 10 тамызда жарияланады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар