
Жаңа органның өңірлік бөлімшелері де жұмыс істей бастады. Бұл құрылым тек қылмысты ашумен ғана емес, оның алдын алу, ұйымдастырушылық және заңнамалық реттеу шараларымен де айналысады.
Департаменттің жартыжылдық жұмысының қорытындысы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте таныстырылды. Баспасөз жиынында департамент бастығы Жандос Сүйінбай баяндама жасап, нақты деректермен бөлісті.
2025 жылдың алғашқы алты айында елімізде 11 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл – киберқылмыстың ауқымын айқындайтын дабыл қағарлық көрсеткіш.
Тергеу барысында полиция 74 sim-box құрылғысын және 88 мыңнан астам тіркелмеген SIM-картаны тәркіледі. Бұл фактілер бойынша 30 адам ұсталды, олардың 14-і – шетел азаматтары.
Сонымен қатар тұрақты жүргізілетін онлайн-мониторинг нәтижесінде 59 мың заңсыз интернет-ресурс анықталып, бұғаттауға жіберілген.
Алаяқтыққа қарсы әрекет ету мақсатында құрылған «Антифрод-орталығы» банктермен тығыз жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде 2,6 млрд теңге көлеміндегі қаражаттың азаматтар шотынан заңсыз шығарылуына жол берілмеген.
Бұдан бөлек, байланыс операторларымен бірлескен шаралар арқылы 66,9 миллион жалған қоңырау бұғатталды.
Жыл басынан бері интернет-алаяқтық үшін 870 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Киберқылмыспен күресте халықаралық серіктестік те маңызды. Департамент басшысының айтуынша, шетелдік әріптестермен тікелей байланыс орнатылып, жедел ақпарат алмасу арналарын қалыптастыру жұмысы жүргізілуде.
– Биылғы қаңтарда Арменияда бірлескен операция ұйымдастырдық. Оның нәтижесінде Еуропа мен ТМД елдерінің азаматтарын алдаған екі call-орталықтың қызметі тоқтатылды, – деді Жандос Сүйінбай.
Сонымен қатар еліміздің өз ішінде, нақты айтқанда Астана мен Алматы қалаларында бес call-орталықтың жолы кесілді.
Спикердің айтуынша, интернет-алаяқтықтың алдын алудың ең тиімді жолы – азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығы.
Жандос Сүйінбай жұртшылықты бейтаныс нөмірлерден келетін қоңырауларға, күмәнді сілтемелерге және күмән туғызатын интернет-хабарландыруларға сақ болуға шақырды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан техникалық және құқықтық шаралармен қатар, әр азаматтың жеке ақпаратын қорғау мәдениеті де үлкен рөл атқаратыны айтылды.
Ұқсас жаңалықтар
ТОП–100: Еліміздің үздік студенттері электрондық журналда жинақталды
- авторAR-AY
- 10 шілде, 2025