Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Академиялық ұтқырлықтың ұтымды тұсы көп

Академиялық ұтқырлықтың ұтымды тұсы көп
Автор
Қазіргі заманғы білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған маңызды жобалардың бірі – академиялық ұтқырлық бағдарламасы. Бағдарлама студенттерге басқа жоғары оқу орындарында, соның ішінде шетелдік университеттерде уақытша білім алу арқылы кәсіби және тұлғалық тұрғыдан дамуға зор мүмкіндік береді. Баяғдарлама аясында оқытушылар, зерттеушілер және студенттер шетелге белгілі бір уақытқа барып, онда білім алады, сабақ береді немесе ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады.

Аталмыш бағдарлама білім алушының тек кәсіби дамуына ғана емес, мәдени көкжиегін кеңейтуге, ойлау қабілетін арттыруға, шет тілін меңгеруге, жаңа достар табуға және жаһандық ортада еркін бейімделуге мүмкіндік беретін аса маңызды бастама.

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар басқармасының басшысы Дархан Дулатұлының айтуынша, аталған оқу орнында академиялық ұтқырлық бағдарламасы 2015 жылдан бастап жүйелі түрде жүзеге асып келеді.

– Осы жылдар ішінде бағдарлама көптеген студенттердің білім көкжиегін кеңейтуіне, түрлі оқу орталарының тәжірибесімен танысуына септігін тигізіп отыр. Бүгінгі таңда ұлттық бағыттағы академиялық ұтқырлық аясында еліміздің өзге жоғары оқу орындарына елуге жуық студент жіберілсе, дәл осындай мөлшердегі студентті өз университетіміз қабылдап отыр. Мұндай тәжірибе алмасу еліміздегі білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, оқу бағдарламаларын салыстыра отырып, студенттердің кәсіби біліктілігін арттыруға үлкен ықпалын тигізеді.

Ал халықаралық бағыттағы ұтқырлық бойынша әрбір семестрде онға жуық студент шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алуда. Соңғы жылдары университетіміздің студенттері Оңтүстік Корея, Польша, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей секілді мемлекеттерде білім алып қайтты. Бұл елдердің әрқайсысы өзіне тән білім беру жүйесімен, академиялық мәдениетімен ерекшеленеді. Сондықтан студенттер тек кәсіби салада ғана емес, сонымен қатар мәдени және тілдік тұрғыдан да үлкен тәжірибе жинақтап келеді. Бағдарлама екі университет арасындағы ынтымақтастық келісімшарты негізінде жүзеге асырылады. Яғни, студент шетелдік жоғары оқу орнына барып білім алса да, оқу ақысы өз университетінде сақталады, ал серіктес университет оны тегін қабылдайды. Бұл жүйе студент алмасу қағидатына негізделген және қаржылық жағынан студенттерге тиімді мүмкіндік ұсынады, – деген Дархан Дулатұлы шетелде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алып келген студенттерге арнайы диплом қосымшасы берілмегенімен, олар білім алғанын растайтын арнайы сертификатпен марапатталатынын жеткізді.

Сонымен қатар, олардың шетелде оқыған пәндері транскрипт пен диплом қосымшасына енгізіледі. Сәйкесінше берілетін құжаттар студенттің халықаралық тәжірибесін дәлелдейтін, әрі болашақта магистратура немесе жұмысқа орналасу барысында маңызды рөл атқаратын ресми дәлел болып саналады.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Түркияда білім алып келген студенттің бірі – Аружан Есімханқызы.

– Шетелде білім алуға арналған мүмкіндік бар екенін алғаш рет үшінші курста оқып жүргенімде университетіміздің ресми сайтынан білдім. Ғылым бөлімінде жариялаған ақпаратты көріп, қызығушылық танытып, құжаттарымды өз бетімше жинап, тапсыра бастадым. Сол жылы жазда мемлекеттік грант туралы хабарлама шықты. Бұл жолы толық қаржылық қолдауды мемлекет өз мойнына алатыны белгілі болды. Тағы да құжаттарымды жинап, іріктеуден өтіп, сұхбаттасуға қатыстым. Соның нәтижесінде мен мемлекеттік гранттың иегері атандым. Осылайша ұзақ уақыт армандаған академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелде оқуға мүмкіндік алдым.

Аталған мемлекеттік грант шетелде оқу барысында туындаған негізгі шығындарды толығымен жапты. Оның ішінде ұшақ билеттері, жатақхана, медициналық сақтандыру, визаға қажетті қаражат барлығы грант есебінен төленді. Өз қалтамнан тек күнделікті тамақ пен жеке қажеттіліктерге ғана шығын шығардым. Жалпы алғанда бұл сапар мен үшін қаржылай аса ауыр болмады, – дейді Аружан Есімханқызы .

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің студентін Түркияның «Karadeniz Teknik» университеті қабылдаған. Білімді ару қысқа уақыт ішінде дайындалып, бір аптаның ішінде жолға шығады. Бір айта кетерлігі, Түркиядағы дәрістер негізінен ағылшын тілінде жүргізілген. Аружан ағылшын тілін бұрыннан жақсы меңгеріп жүргендіктен, сабақтарды еш қиындықсыз игеріп, барлық емтихандарын сәтті тапсырған. Сонымен қатар, қосымша тіл ретінде үйренген түрік тілін жетік білуі де білім алу процесін жеңілдетіп, жаңа ортаға тез бейімделуіне мүмкіндік берген.

– Студенттермен, оқытушылармен, жергілікті тұрғындармен жақсы қарым-қатынас орнаттық. Шетелде білім алу тек оқумен шектелмеді. Біз ағылшын драма және театр бағытында тәжірибе жинадық, тіпті Түрік радиосында қазақ және түрік тілдерінде қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын оқып, сұхбат жүргіздік. Мұның бәрі мен үшін ерекше тәжірибе болды.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысу үшін студенттің үлгерімі, GPA балы, тіл білімі маңызды рөл атқарады. Әр университеттің талаптары әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ ортақ талап – ағылшын тілін білу және жақсы академиялық көрсеткіштерге ие болу, – дейді А.Есімханқызы.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттерге тек білім алу мүмкіндігін ғана емес, сонымен қатар олардың кәсіби және жеке дамуына зор әсер ететін бірнеше маңызды артықшылық ұсынады. Сондықтан жастардың мүмкіндікті жіберіп алмағаны дұрыс.

 

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар