Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ыстықкөлдегі кездесу немесе Шыңғыс Айтматовтың соңғы сұхбаты

Ыстықкөлдегі кездесу немесе Шыңғыс Айтматовтың соңғы сұхбаты
Автор
Ұмытпасам 1996 жылдың жазы болатын. Ол кезде «Қазактелефильмде» Бас директор болып қызмет атқаратынмын. Бір күні көптен бері араласып, рухани ағам болып кеткен қазақтың талантты ақыны, Қазақстанның Қырғызстандағы Өкілетті және Төтенше Елшісі Мұхтар Шаханов телефон соқты.

– Доқтырхан інім, – деді Мұқаң амандық сұрасқан соң тікелей шаруасына көшіп, – сәрсенбі күні таңертең Бішкек қаласында «Ыстықкөл» атты халықаралық форум басталмақ. Екі жылда бір рет өтетін бұл беделді басқосуға Еуропада жүрген Шыңғыс Айтматов ағаң Батыстың бір топ көрнекті ақын-жазушысын, мемлекет және қоғам қайраткерлерін ертіп әкелгелі отыр. Ресейден менің досым Евгений Евтушенко бастаған бір қауым орыстың мықты қаламгері де қырғыз жеріне арнайы атбасын бұрмақ. Осы кездесуге Кеңес одағының бұрынғы президенті Михаил Горбачев та келуге ниет білдіріпті. Мен жайлы өзің түсіруді қолға алған деректі фильмге «Ыстықкөл» форумынан көріністер түсіріп алсаң, дұрыс болар еді. Осы оңтайлы сәтті пайдаланып, Шыңғыс Айтматовтан, Евгений Евтушенкодан және басқалардан сұхбат алуға болады. Өзің бұған қалай қарайсың? Келуге мүмкіндігің бар ма?

«Іздегенге – сұраған» демекші, мен жерден жеті қоян тапқандай қуанып кеттім.

– Мұхтар аға, рақмет сізге! Дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келетін, кілең ығай мен сығайлар жиналатын жиынға барған да арманда, бармаған да арманда емес пе! Әрине, барамын, – дедім қуанышымды жасыра алмай.

– Олай болса, келістік, – деді Мұхтар Шаханов. – Ертең таңертен Алматыдан шығып кеткенің дұрыс болады, бір күн ертерек келіңдер. Жаныңдағы көмекшілеріңді ертіп, өзің талай рет ат басын бұрған Қазақстан Елшілігіне тікелей келе бер. Жігіттерге ескертіп қоямын, өздері қарсы алады.

Ертесіне режиссер Баян Сұлтанова, кинооператор Николай Кишенин және жүргізуші Берік төртеуміз Бішкекке аттанып кеттік.

«Ыстықкөл» форумының алғашқы күні Бішкек қаласындағы Президент Әкімшілігінің үлкен мәжіліс залында өтіп, бұл кездесуге бүкіл әлемнің «сен тұр, мен атайын» дейтін әдебиетшілері, өнер қайраткерлері, саясаткерлері қатысты. Бес жүзге жуық адам қатысқан айтулы форумды Шыңғыс Айтматов ашып, дүниежүзінің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан адамзат баласының бүгінгі таңдағы ең өзекті проблемаларына тоқталып, бүкіл ұлт атаулыны ізгілікке, жақсылыққа, парасаттылық пен адамгершілікке, адалдық пен тазалыққа бастайтын әдебиет пен өнердің атқаратын рөліне жан-жақты терең талдау жасады.

Сол күні шетелден келген көрнекті саясаткерлер мен ақын-жазушыларды, өнер қайраткерлерін Кырғызстан Республикасының Президенті Асқар Ақаев қабылдады. Қырғызстан Президенті алыс-жақыннан келген құрметті қонақтарға жүрекжарды сөздерін айтып жатқанда, алғашқы қатардағы орындардың бірінде бүкіл әлемді дүрілдетіп, уысында ұстаған КОКП Орталық Комитетінің бұрынғы Бас хатшысы Михаил Горбачев отырды. Баяғы сес, айбат жоқ, жүні кәдімгідей жығылып қалыпты.

Кешке қарай Ыстықкөлге жүретін болған көлігімізді қаратып алмақ болып, қаланың шетіндегі техникалық қызмет көрсету орталығына бұрылдық. Бірнеше жыл жүріп тастаған «Волганы» мұқият қарап шыққан қырғыз жігіті басын шайқап:

– Оу, тайекелер, мына жағдаймен бүгін Алматыға жете алмайсыздар, көліктің астыңғы жағындағы «гранатасы» бүлініпті, оны ауыстырмаса, жолда қаласыздар, – деді қолына жұққан майды шүберекпен сүртіп жатып.

– Қырғыз бауырым, біз Алматыға емес, Ыстықкөлге жол жүріп бара жатырмыз. Өзің де естіп жатқан боларсың, Қырғызстанда халықаралық «Ыстықкөл» форумы өтіп жатыр. Бұл басқосу ертең таңертең Ыстықкөлде жалғасады, біз тезірек сонда болуымыз керек. Бір амалын жаса, көкетай, – деймін шыр-пыр болып.

– Бәрін түсініп тұрмын, бірақ менің қолымнан ештеңе келмейді. Біріншіден, менде қажетті қосалқы бөлшек жоқ, екіншіден, «гранатаны» тапқан жағдайдың өзінде оны ауыстыру үшін біраз уақыт керек. Сіздерге қол ұшын бергім-ақ келіп тұр. Бірақ, қолдан келер шара жоқ, – деді қырғыз ағайын шынын айтып.

«Жоққа жүйрік жетпейді» деген осы. Жағдайды айтып түсіндірмек болып, Қазақстан Елшілігіне телефон соғып едім, форумды өткізуге жауапты қызметкерлердің бәрі Ыстықкөлге екі-үш сағат бұрын жол жүріп кетіпті. Не істерімізді білмей салымыз суға кетіп тұрғанда жанымызға қымбат шетелдік көлік мінген жігіт ағасы тоқтады. Көліктен шығып, бізге, біздің «Волгамызға» көзтады.

– О, менің қазақ тайекелерім келіп қалыпты ғой, – деді ол ашық-жарқын амандасып, – байқаймын, көңіл күйлеріңіз онша емес, бір проблема болып қалды ма?

Жүргізуші бала екеуміз болған жайды түсіндіріп айтып жатырмыз.

– Жөндеуші баланың айтқаны жөн, – деді бейтаныс қырғыз қол сағатына қарап. – Қосалқы бөлшектер сататын базар да жабылып қалды. Дегенмен, сіздер уайымдамаңыздар, бір амалын табамыз тайекелер. Құдай қаласа, бір сағаттан соң, Ыстықкөл қайдасың деп тартып кетесіздер. Ал, қазір жақсылап тұрып шай ішіп алайық, – деп бізді техникалық қызмет көрсету орталығының жанындағы асханаға қарай бастады.

Дастарқан мәзірі тез дайын болып, бір-екі кесе ыстық шай ішіп, маңдайымыз жіпси бастағанда қырғыз ағайын өзін таныстырып өтті.

– Қазақта «Мың адамның түрін білгенше, бір адамның атын білген жөн» деген сөз бар. Ac үстінде таныса отырайық. Менің атым – Медетбек, әкемнің аты – Дүйсен. Алатаудың етегінде Ақбастау деген атақты жайлау бар, оның бір шетін қазақтар, енді бір шетін қырғыздар ежелден жайлап, ауылы аралас, қойы қоралас болып жатады екен. Менің ұлы нағашыларым қазіргі Алматы облысындағы Жамбыл ауданында мекен етіпті. Анам Шапыраштының ішіндегі Екей руының қызы. Жарықтық жақсы адам болған екен, ерте қайтыс болыпты. Атам, әкем ертеректе анамның елімен жиі-жиі араласып тұрыпты, кейін қилы-қилы заман болып, көзкөргендер дүниеден озып, қатыса алмай, арамыз алшақтап кетті.

– Сіздің нағашыларыңыз тұратын Жамбыл ауданын мен жақсы білемін. Ежелден құт пен бақ, ырыс пен береке қонған қасиетті жер, батырлар мен ақындардың атамекені. Жамбыл ауданында атақты Қарасай, Наурызбай, Саурық, Сұраншы батырлармен бірге Қоқан шапқыншылығы кезінде үлкен ерлік көрсеткен Медетбек батырдың да аты қастерлеп аталады. Сіз сол қазақ батырымен аттас екенсіз, – дедім мен әңгімеге араласып.

– Сөзің өте орынды, – деді қырғыз бауырым. – Медетбек батырдың есімі қазаққа қандай белгілі болса, қырғыз жерінде де әрқашан да құрметпен аталады. Менің атым Медетбек батырдың құрметіне қойылған. Оның үлкен тарихы бар. Көнекөз қариялардын айтуы бойынша, ежелгі заманда қырғыз халқының басына күн туып, алыстағы Сібірден Алатаудың күнгей жағына қоныс аударса керек. Сол қиын-қыстау күндерде қазақтар: «Бәріміз де Ертүріктің ұрпағымыз, бөтен емес, өзіміздің бауырымыз боласыңдар» деп, Ыстықкөлдей ыстық ықылас танытқан екен. Қазақтардың бұл жақсылығын қырғыз халқы ешқашан да ұмытпайды, ол сан ғасырлар бойы атадан-балаға айтылып келе жатқан ұлы өсиет болып табылады. Ежелден көрші жатқан екі халық қыз алысып, қыз берісіп, мың жылдық құда болып, тату-тәтті тұрды, қуанышы да, қайғысы да бір болды.

Әрине, бес саусақ бірдей болмайды, адам болған соң оның аласы да, құласы да кездесіп қалады. Екі туысқан халықтың татулығы мен бірлігіне сына қаққысы келген бұзық ниетті жандар қырғызда да, қазақта да болғаны ащы болса да шындық. Осы оқиғалардың арты үлкен дауға, соғысқа айналып кетулеріне екі көрші туысқан халықтың данагөй ақксақалдары жол бермеген.

Менің туған бабам – Шоңбай қырғыздың атақты барымташысының бірі болыпты. Тарих қойнауына кеткен XVIII ғасырдың аяғында өмір сүрген батыр тұлғалы барымташы бастаған топ көршілес жатқан Шапырашты ғана емес, Шығыстағы Наймандардың, Арқадағы Арғындардың жылқысын үйір-үйірімен айдап әкетіп жүріпті. Шоңбай бабам жүрек жұтқан батырлығымен, жомарттығымен, үлкен адамгершілігімен атақ-даңқы шығыпты. Елдің айтуынша, ол дүниенің құлы болмапты, барымтадан түскен өз үлесін туған-туысқандарына, кедей-кепшікке, жесір-жетімге бөліп береді екен.

Бірде Шоңбай бабам Алатаудың теріскей жағындагы Шапыраштының жылқысын ұрламақ болып, түнгі жорыққа аттанғанда көптен бері кектеніп жүрген қазақтар айласын асырып, оны қолға түсіреді. Ертесіне барымташыларды дедектетіп, Шапырашты руының игі-жақсыларының алдына алып келеді.

– Шоңбай бастаған қырғыз барымташылары талай рет жылқымызды айдап әкетіп, елді қан қақсатты. «Көп асқанға, бір тосқан» демекші, қолымызға түсіп, мүсәпір болып, алдымызда отыр. Бұл баукеспе ұрыға ешқандай рақымшылық болмасын, құнының да бізге керегі жоқ. Өмір бойы терең зынданда құрт-құмырсқаға таланып қор болып өлсін! – деп Сарыбай би өзінің қатал үкімін айтады.

Шоңбайға көптен бері тісін қайрап жүрген басқа билер де Сарыбай бидің сөзін қостайды.

– Дат, – депті сонда Медетбек батыр. – Мен Шоңбайдың жасаған қастығын ақтайын деп тұрған жоқпын. Ол қандай жазаға болса да әбден лайық. Дегенмен, тым қаталдыққа, қатыгездікке бармайық. Шоңбайды өлгенше зынданда ұстағаннан біз ештеңе ұтпаймыз, қайта қазақ-қырғыз бір-біріне өшіге түседі. Оның баукеспе барымташы екендігіне еш дау жоқ, бірақ қырғыздың көбісі Шоңбайды нағыз адам ретінде, кедей мен жетім-жесірді есіркеген жүректі, қайырымы мол жан ретінде хан көтеріп, сыйлайды. Шоңбайды мен де сырттай жақсы білемін, дұшпаным болса да адамдығын сыйлаймын. Қырғыз батырының осы жағын да ескеріп, оны қор етпейік. Өлімге жұмсап отырған қырғыздың манаптары айып-құнын төлесін, Шоңбайды бостандыққа жіберейік. Ол бұдан былай қазақ жерін арам ниетпен аттамаймын деп ант берсін.

Қазақтың дана билері әрқашанда сөзге тоқтаған. Олар Медетбек батырдың қарақылды қақ жарған әділ шешіміне құлақ асып, көп ұзамай-ақ Шоңбай бабам еліне аттанып кетіпті.

Менің бабам Шоңбай сөзінде тұрып, барымташылықты мүлдем қойып, кәсіпке көшіпті, одан жаман болмапты. Жасы тоқсаннан асқанша Медетбек батырдың ақылдылығы мен кемеңгерлігін, өзіне жасаған шоң жақсылығын үнемі айтып отырады екен. Баба өсиетіне атам да, әкем де адал болды. Әкем Дүйсен қазақтың қызына үйленіп, перзентті болғанда үлкен той жасап, менің атымды Медетбек қойыпты.

Өнегелік, тәлім-тәрбиелік мәні зор, әсерлі әңгімені ұйып тыңдап қалыппыз. Алғаш көргеннен-ақ бізге үлкен бауырмалдық танытқан жігіт ағасы ыстық ықыласымен бәрімізді өзіне баурап алды. Тамақ ішіп болғанымызда ішке ұзын бойлы жас жігіт кіріп, ізетпен сәлем берді.

– Бәрі де дайын, сапарға шығуларыңызға болады, – деді ол егде қырғызға қарап.

– Дұрыс балам. Тайекелер танысып қойыңыздар, бұл жігіт менің кіші ұлым. Аты – Азамат. Балам сіздерді өзінің көлігімен Ыстықкөлге дейін жеткізіп салады. Қайта оралғанда өз көліктеріңіз дайын болады, – деп орнынан тұрып, бізге сәт-сапар тіледі.

Біз Медетбекке алғысымызды жаудырып, Ыстықкөлге аттанып кеттік.

...«Ыстықкөл» форумының жалғасы көрікті көлдің жағалауындағы «Қырғызстан» санаторийінде өтті. Дүниежүзінің түкпір-түкпірінен арнайы ат шаптырып келген, атағынан ат үркетін ақын-жазушылар, саяси қайраткерлер бас қосқан халықаралық жиын демалысқа ұласты. Қырғыз ағайындар да қазақ сияқты той десе барын шашып тастайтын қонақжай халық. Бұл той да Манастың 1000 жылдығына арналған ұлан-асыр мерекеден бір кем болған жоқ. Қырғыздардың ежелгі салт-дәстүрі бүгінгі заманның жоғарғы талғамымен жалғасып, дүркіреп өтті. Франция, Италия, Германия, Испания, Белгия, Португалия, Ресей және басқа да елдерден келген меймандар Алатаудың күнгей жағындағы әдемі көлдің көркіне тамсана көз тастап, суына шомылып, яхтаға мініп, мәз-мейрам болысты.

Мұхтар Шаханов ағам ескертіп қойған болуы керек, «Ыстықкөл» форумын өз дәрежесінде өткізуге бар күш-жігерін жұмсап жүрген, бүкіл әлем мойындаған аса дарынды қаламгер Шыңғыс Айтматов қанша шаршап-шалдығып жүрсе де қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов туралы сұхбат беруге келісімін берді.

– Мына шалқып жатқан Ыстықкөлдей терең, анау Алатаудай биік әрі шоң қос Мұхтарды білемін. Оның алғашқысы – заманымыздың заңғар жазушысы, Ленин сыйлығының лауреаты, менің рухани ағам Мұхтар Әуезов, ал екіншісі – бір қазаққа ғана емес, әлем әдебиетінде, оның ішінде поэзияда өзінің үлкен орны бар менің бауырым, рухани інім Мұхтар Шаханов. Мұхтардың асқақ рухқа толы ғаламат поэзиясына бір ауыз сөзбен баға беруге болмайды. Ол бүкіл Түркі әлемі мойындаған ұлы ақын. Басына ноқта симайтын батыр, өршіл ақын. Өлеңді кие тұтқан, жаны жаңа жауған қардай кіршіксіз таза ақын. Қазақ халқы мен оның болашағы үшін қарлығашша шырылдайтын, елінің үлкен бақыты үшін ештеңеден тайынбайтын қайраткер батыр ақын. Елші ретінде қазақ пен қырғызды жақындатып, екі туысқан халықтың достығын паш етіп, рухани дүниесін биікке көтеріп жүрген бауырмал жан. Мен Мұхтарды көргенде қазақ бауырларымның кең-байтақ даласын, сол даладай кең пейілін көргендей боламын! – деп ұлы қаламгер Мұхтар інісі туралы ағынан жарылды.

Бұл менің Шыңғыс Айтматовтан алған алғашқы және соңғы сұхбатым еді. Ұлы адамдармен сөйлескенде, олардың мысы басып тұрады. Бір аңғарғаным, есімі бүкіл дүниежүзіне белгілі жазушының тұла бойынан осы арақашықтықты алыстатып тұратын қасиет мүлдем байқалмады. Жүзінен үлкен парасаттылықтың нұрлы шуағы төгіліп, адамды өзіне бірден баурап алады екен, менімен туған ағамдай еркін, жылы сөйлесті. Толқып жатқан Ыстықкөлдің жағасында дидарласып отырып Шыңғыс Айтматовтың даналығы мен қарапайымдылығына таң қалдым.

– Атың қызық екен, – деді Шыңғыс аға мен ұсынған өзінің кітабына қолтаңба жазып жатып – Жамбылдағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында оқып жүргенімде менің Доқтырбек деген досым болды, есімін ырым етіп, осылайша қойыпты.

– Менің анам ауылдағы әйелдердің арасында тұңғыш рет Жуалы ауданындағы жалғыз перзентханада босаныпты. Сіз айтпақшы, ырым етіп атымды Доқтырхан қойған екен, – дедім мен күле жауап беріп.

– Менің туған ауылым Шекер мен Жуалы ауданы шектесіп жатыр. Бұл құтты жерді жақсы білемін. Ертеректе «Правда» газетінде тілші болып жүргенімде «Жуалының ақ бидайы» деген үлкен очерк жазған болатынмын. Солай доқтыр болмай, журналист болып кеткем, бауырым, – деді Шыңғыс Айтматов менің арқамнан қағып. – Айтпақшы, жақында Алматыға келгенде Мұхтар інім екеуміз сенің қазақ теледидарынан жүргізіп жүрген «Бойтұмар» деген хабарыңды көрдік. Мұқаң сені жақсы көреді екен, әбден мақтады. Түбі бір, тегі бір түркі халықтарының салт-дәстүрін, тарихын, ұлы тұлғаларын насихаттағаның өте дұрыс. Қилы-қилы заман болып, бәрімізге ортақ рухани қазығымыздың алтын діңгегін босатып алдық қой. Соны мықтап бекіту керек. Онсыз біз алға жылжи алмаймыз. Рухани байлық жоқ жерде, ырыс та, береке де, татулық та, бейбітшілік те болмайды. Осыны ұмытпа, Доқтырхан інім. Ісіңе сәттілік тілеймін!

– Рақмет, Шыңғыс аға! Кішкентай еңбегімді кәдімгідей бағалап жатырсыз. Мен үшін одан асқан қуаныш жоқ! – дедім алғыс сезімімді білдіріп.

Осындай сәтті пайдаланып қалатын бір топ журналист Шықаңды жан-жақтан қоршап, сұхбат ала бастады.

Франциядан келген жас журналист қыз өжет екен, суырылып алға шығып: «Сіздің туындыларыңыздың көптеген кейіпкерлері қазақтар болып келеді. Оның себебі неде?» деген сұрақ қойды.

– Қазақ пен қырғыз түркіден тарайтын туысқан халықтар. XV-XVI ғасырдан бері Алатаудың екі шетінде тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазақ пен қырғыз ежелден қыз беріп, қыз алысқан, мың жылдық құда болған, салты, дәстүрі, діні, тілі өте жақын ел. Біздің куанышымыз, қайғымыз, тағдырымыз бір халықпыз. Алатаудағы жайлауларда осы күнге дейін қазақтарсыз той өтпейді. Сондықтан да менің романдарымда қазақ кейіпкерлерім көп кездеседі. Ол кейіпкерлерсіз кез келген туындым шымыр, шынайы шықпаған болар еді, – деді Шыңғыс парасатқа толы сөздермен салиқалы жауап беріп.

– Менің Орта Азияда тұңғыш рет болуым. Қырғызстанның табиғаты маған ұнады. Көрші жатқан Қазақстан қаңырап жатқан шөлді ел дейді. Осы рас па? Жалпы қазақ деген қандай халық? – деді Италияның журналисті тақ-тақ етіп.

– Мен сенің соңғы сұрағыңнан бастап жауап берейін, – деді заңғар жазушы күле сөйлеп. – Қазақ елінің бір шеті мен екінші шетін 6 мың шақырым жер алып жатыр. Бұл кең-байтақ жерге 9 Франция, 20-ға жуық Италия сыйып кетеді. Қазақтың жері қандай кең болса, пейілі де сондай дархан. Ғылымы, әдебиеті, мәдениеті өркендеген мемлекет. Былайша айтқанда Қазақстан Орта Азияның көшбасшысы. Қазақ пен қырғызда «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» деген сөз бар. Мүмкіндік болса, өз көзіңмен көріп, Қазақстанға барып қайтқаның жөн.

Енді бірінші сұрағыңа жауап беруге тырысайын. Қазақстанда шөл де, өзен мен көл, теңіз де бар, асқар-асқар тау мен сыңсыған орман да бар. Жерінің беті де, асты да тұнып тұрған байлық. Көкшетаудың, Алтайдың, Жетісудың сұлу табиғаты Швейцариядан бір кем емес. Бір сөзбен айтқанда, ғажайып өлке, ырысты, берекелі ел. Осының бәрін Жаратқан ием қазақ ағайындардың ақ пейіліне қарап берген болуы керек.

Бір топ шетелдік журналистің сұрақтарына қысқа, бірақ өте тұжырымды жауап берген Шыңғыс Айтматов өзін күтіп тұрған мәскеулік ақын Евгений Евтушенко мен Мұхтар Шахановқа қарай бет алды...

Дүниежүзінің барлық ізгі ниетті адамдары хан көтеретін аса талантты жазушының жүрегінен шыққан шынайы лебізді тыңдай отырып, іштей қатты толқып тұрдым. Дуалы ауызды Айтматов өте орынды айтады. Иә, қазақ халқы байтақ жерді алып жатқан кең халық, жомарт халық, данышпан халық, батыр халық! Ал, қырғыз бен казақтың арасындағы ізгілікті жолды, бауырмалдыққа толы туыстық жолды жалғастырған біздің Есқожа, Таңатар, Құдайберді, Медетбек батыр сияқты дана бабаларымыз бен аталарымыз. Шыңғыс ағаның ұлағатты сөздерін тыңдап, мен осыны тереңірек ұғына түскендей едім.

 

 

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы-режиссер,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар