Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жас архившілер тәжірибе алмасты

Жас архившілер тәжірибе алмасты
Автор
Астана қаласындағы Президент Архивінің жаңа ғимаратында халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шара – Жас архившілердің VIII жазғы мектебі өтті. «Архивтердің цифрлық трансформациясы және құжаттық мұраны сақтау» тақырыбында ұйымдастырылған жиын архив ісінің заманауи келбетін айқындайтын, сала мамандары үшін өзекті жаңалықтар мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген білім алаңына айналды.

Архив – бұл ұлттың жады, мемлекеттің тарихи жолын баяндайтын баға жетпес құжаттар мен мұрағаттар қоры. Уақыт сынынан өткен осы мұраны сақтау және келешек ұрпаққа аман жеткізу – архившілердің ең басты міндеті. Бүгінде архив саласындағы басты бағыттардың бірі – құжаттарды цифрландыру арқылы сақтаудың жаңа әдістерін енгізу. Бұл үрдіс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай аясында көтерген бастамасымен үндес. Президент өз сөзінде Ұлттық цифрлық архив құру қажеттігін айтып, оны отандық және шетелдік нейрожүйе жасаушылардың еркін пайдалануына мүмкіндік беру маңызды екенін атап өткен еді.

Жазғы мектеп дәстүрлі оқу форматынан бөлек, кәсіби пікір алмасу мен ынтымақтастықты нығайтудың ашық алаңы ретінде ұйымдастырылды. Қазақстан мен Ресейдің жетекші архив мамандары, жасанды интеллект және цифрлық трансформация саласының сарапшылары қатысқан іс-шара мазмұны мен маңызы жағынан бұрын-соңды болмаған ауқымда өтті.

Жазғы мектеп жобасы алғаш рет 2017 жылы басталған болатын. Оны Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесе ұйымдастырып келеді. Содан бергі аралықта 1200-ге жуық жас маман осы мектеп аясында біліктілігін арттырып, саладағы жаңашыл бағыттармен танысты. Алғашқы жылдары тек ТМД елдерімен шектелген форумның географиясы бүгінде кеңейіп, Қытай, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері секілді мемлекеттердің өкілдері де белсенді қатысуда.

Биылғы мектепке Қырғыз, Молдова, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінен келген делегациялармен қатар, еліміздің барлық өңірлерінен келген архив мекемелерінің өкілдері де қатысты. Олардың қатарында архив ісі бойынша білім алып жүрген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері де болды.

Іс-шараның ашылу салтанатында Президент Әкімшілігінің Жалпы бөлімінің меңгерушісі Ербол Адаев сөз сөйлеп, Президент Кеңсесінің басшысы Бақытжан Сариевтің құттықтау хатын жеткізді. Онда архивтерді цифрландыру үрдісінің «ашық архив» қағидасын жүзеге асыруда және азаматтық қоғамды дамытуда ерекше рөл атқаратыны баса айтылды.

Сонымен қатар жиында Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің проректоры О.Павленко, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілі Н.Алпысбаева, Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Р.Әли, Өзбекстан Республикасының «Узархив» агенттігінің директоры У.Юсупов және Бүкілресейлік архив ісі ғылыми-зерттеу институтының директоры П.Кюнг сынды тұлғалар сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

Жиын барысында цифрлық дәуірдегі ұйымдарды трансформациялау, жасанды интеллект пен машиналық оқытуды архив ісіне енгізу сынды мәселелер талқыланды. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жанат Дүбірова мен сарапшы Рүстем Биғари өз баяндамаларында «iKomek 109», «Электрондық үкімет», «Цифрлық Қазақстан» сияқты жобалар арқылы тәжірибе бөлісті.

Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінен келген ғалымдар М.Ларин мен О.Букреева Ресей архивтерінде электронды құжат айналымын нормативтік және әдістемелік тұрғыда қамтамасыз ету жолдары туралы айтты. Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Б.Нұрпейісова еліміздегі электрондық архивтер мен цифрлық құжаттар айналымы жөнінде ақпарат берді.

Қазақстандық IT-сарапшылар – «Astana IT University» жанындағы «Artificial Intelligence» ғылыми-инновациялық орталығының директоры Б.Әбдікенов пен аға ғылыми қызметкер М.Мұқышев «VLM» (Vision Language Model) және «DLM» (Deep Learning Model) құралдарының архив ісіне ықпалы туралы баяндама жасады.

Іс-шара аясында қатысушылар Президент Архивінің жаңа ғимаратында ұйымдастырылған тәжірибелік сабақтарға қатысты. Архивтік құжаттарды цифрлау, сканерлеу, электрондық базаға енгізу, техникалық талаптар мен стандарттар таныстырылды. Зерттеушілердің цифрлық құжаттарға қол жеткізу жолдары мен пайдалану ережелері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар заманауи құрылғылар көрсетіліп, олардың қолданылу ерекшеліктері егжей-тегжейлі таныстырылды.

Жазғы мектеп бағдарламасына дәрістер, практикалық сабақтар, тренингтер мен интерактивті сессиялар енді. Қатысушылар командалық жұмысты ұйымдастыру, басқару әдістері, жаңа технологияларды меңгеру секілді тақырыптар бойынша да тәжірибе жинақтады.

Жазғы мектепке облысымыздан цифрландыру және архивтер басқармасының жолдамасымен Тараз қалалық мемлекеттік архивінің ұлттық архив қорын толықтыру, мекемелердің құжаттамалық қызметінің жұмысын үйлестіру бөлімінің басшысы Эльмира Еркебұланова да қатысып, архив саласындағы заманауи тәсілдер бойынша құнды білім мен тәжірибе жинап қайтты.

– Президент Архивінің ұйымдастыруымен VIII Жас архившілердің жазғы мектебі маусым айының 10-13 күндері аралығында өтті. Бұл мектепке Қазақстан мен көршілес елдерден 100-ден аса маман қатысып, ерекше әсер алды. Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина салтанатты жиында сөйлеген сөзінде архив саласының мамандарына күнделікті процестерді оңтайландыру және цифрландыру мүмкіндіктері туралы тұшымды ойларымен бөлісті. Бұл архив саласы үшін маңызды, себебі болашақта көптеген құжаттар цифрлық форматта сақталып, осы деректермен жұмыс істеудің жаңа әдістері қалыптасуы қажет. Бұл оқу жобасына қатысуыма ықпал еткен облыс әкімдігіне, Тараз қалалық мемлекеттік архивінің директоры мен ұжымына алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да жас мамандардың мұндай білім алаңдарына қатысуына жағдай жасау қажет деп санаймын, – дейді Эльмира Еркебұланова.

Жазғы мектеп шеңберінде айтылған бастамалар мен ұсыныстар алдағы уақытта еліміздің архив саласын жаңа деңгейге көтеруге негіз болмақ. Цифрлық трансформация – тек технология емес, бұл – ұлттық мұрағаттарымыздың болашағын сақтау мен дамыту жолындағы үлкен серпіліс.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар