
Қазіргі таңда геопортал картографиялық қабаттармен толық қамтылған. Тұрғындар үшін ашық қолжетімділіктегі картада – 124 қабат, ал қызметтік қажеттілікке арналған жабық электрондық картада 700-ден астам қабат бар. Бұл өз кезегінде тұрғындар мен сала мамандарына деректердің өзекті әрі толық көрінісін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, 2023 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің сынағынан өтіп, оң қорытынды актімен (30.06.2023 жылғы №KZ41VQQ00081564) өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді.
Облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалқар Амантұров бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымына кеңінен тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.
– Геопортал – біз үшін жай ғана карта емес. Бұл – басқару шешімдерін қабылдаудың, мемлекеттік қызметтерді ашық көрсетудің, цифрлық деректермен негізделген талдаудың тиімді құралы. Бүгінгі таңда сәулет және қала құрылысы саласы бойынша 6, ал жер қатынастары саласы бойынша 8 мемлекеттік қызмет толығымен автоматтандырылып, геопортал арқылы көрсетілуде. Жалпы алғанда 14 мемлекеттік қызмет цифрлық форматта қолжетімді. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап «Жер учаскесінің жалдау мерзімін ұзарту» және «Жер учаскесін жекеменшікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеу арқылы сату» қызметтері енгізілді. Осы уақытқа дейін бұл қызметтер бойынша 1 064 өтінім келіп түсті. Оларды салалық бөлімдердің жауапты мамандары қарастырып жатыр.
2023 жылы Мемлекет басшысы «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша» Заңға қол қойып, бұл бағыттағы 2 маңызды қызметті электронды түрде көрсетуге мүмкіндік ашылды. Бұл – жер телімдерін электрондық форматта беру процесін жеңілдетіп қана қоймай, жемқорлық тәуекелдерін азайтуға да ықпал ететін жаңашылдық. Жерге қатысты өтінімдер «eGov.kz» порталы арқылы қабылданып, олар Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры және геопортал жүйелерімен біріктіріле отырып қаралады.
Тағы бір ерекше атап өтерлік жоба – жастарға арналған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы. Бағдарламаға өтінім беру процесі 2022 жылдан бастап толықтай геопортал негізіндегі «e-jambyl.kz» платформасы арқылы жүзеге асырылып келеді. Сол жылы бағдарлама аясында 737 өтінім түсіп, 89 жас «Отбасы банкке» жолдама алып, 41 азамат баспаналы болды. 2023 жылы төрт кезеңмен 677 өтінім тіркеліп, 226 азамат жолдаманың иесі атанды. Бұл ретте 144 жас баспанасына қол жеткізді. Ал 2024 жылы 479 өтінім қабылданып, олардың ішінен 134-і мақұлданды, 278 өтінім резервтік тізімге енгізілді. Мұндай жүйелілік цифрлық платформалардың тиімділігін тағы да бір дәлелдейді.
Геопорталдың қызмет көрсету аясын кеңейту бағытында көптеген жаңашыл жобалар іске асуда. Мәселен, тұрғындар өз сайлау учаскесін жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы анықтай алады. Ал қалдықтарды басқару бойынша енгізілген «Қатты тұрмыстық қалдықтардың мониторингі» қабаты және «Telegram» арқылы жұмыс істейтін «Taraz_TBObot» пилоттық жобасы қоршаған ортаны бақылауда цифрлық әдістердің мол мүмкіндігін көрсетеді. Сонымен қатар, «Smart mine» жобасы арқылы 164 жер қойнауын пайдаланушы есептерін геопортал арқылы тапсырды. Бұл саладағы автоматтандырылған есептілік – ашықтық пен бақылауды қамтамасыз ететін тиімді қадам.
2023 жылы геопортал алаңында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» модулі де іске қосылды. Бұл модуль арқылы табиғи монополия субъектілерінің 6 саласы бойынша 17 қызмет автоматтандырылып, өтінімдер онлайн қабылдануда. Яғни, тұрғындар енді жылу, су, электр желісі секілді қызмет түрлерін бұрынғыдай қағазбастылықпен емес, цифрлық арнамен шешуге мүмкіндік алып отыр.
Біз «e-jambyl.kz» платформасы арқылы жер қойнауын пайдалану есебінен бастап, тұрғын үй саласына дейінгі барлық мәліметті бақылауда ұстай аламыз. Ахуалдық-аналитикалық дашборд жүйесі іске қосылып, барлық бағыттағы қызметтер туралы мәліметтерді, өтінімдер статистикасын, интернетпен қамту деңгейін, бейнебақылау ахуалын бір орталықтан көруге мүмкіндік беріп отыр. Бұл құрал әкімдікке де, тұрғындарға да – бірдей тиімді. Себебі, дерекке сүйенген шешім – әрдайым нақты әрі орынды.
Цифрландыру – жай ғана технология емес, бұл – басқару мәдениетін жаңарту, – дейді Ш.Амантұров
Геоақпараттық жүйе арқылы жер қатынастары, қала құрылысы, коммуналдық қызметтер, жастар бағдарламалары, экологиялық бақылау мен өнеркәсіптік мониторинг – бәрі-бәрі біріктірілген. Бұл – тек облыс әкімдігінің немесе салалық басқармалардың емес, тұтас қоғамның цифрлық мәдениетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс екені анық. Осылайша цифрландыру тек жылдам қызмет көрсету құралы емес, ел дамуына серпін беретін заманауи тетікке айналып келеді.
Айжан ӨЗБЕКОВА