Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Елімізде 43 жаңа қоқыс полигоны салынады

Елімізде 43 жаңа қоқыс полигоны салынады
Автор
Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және өңдеу мәселесі күрделене түсуде. Қазіргі таңда ел аумағындағы қоқыс полигондарының дені толып кеткен. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, Атырау, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында полигондар 90 пайызға дейін, ал Астанада 98 пайызға дейін толып тұр. Жезқазғанда жағдай одан да күрделі. Ондағы полигондар толып, жұмыс істеуге жарамсыз күйге жеткен

Мәселені шешу мақсатында Үкімет 100 жаңа қоқыс полигонын салу туралы шешім қабылдаған. Бұған қоса, 8 жұмыс істеп тұрған полигонның қуаттылығын арттырып, тағы бесеуін рекультивациялауды, яғни оларды экологиялық жағынан қауіпсіз етіп жауып, қайта пайдалануға беруді көздеп отыр.

Алайда министрдің айтуынша, бүгінде тек жетеуі ғана салынып, пайдалануға берілген. Тағы 23 полигон бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын, 18-і әзірлену үстінде. Ал қалған 52 полигон бойынша жұмыстар мүлде басталмаған. Мәселен, Абай облысында – 22, Ақмолада – 4, Солтүстік Қазақстанда 8 полигонға қатысты құжаттама мерзімі өтіп кеткен. Бұл бағытта қандай да бір түзету жұмыстары жоспарланбаған.

Осыған байланысты министрлік жаңа полигондардың құрылысын утильалым есебінен қаржыландыру бастамасын ұсынған. Нәтижесінде 11 өңірде 53 миллиард теңгеге 43 жаңа полигон салу жоспарланып отыр.

Мемлекет қолға алған бұл шара – елдегі қалдықтарды басқару жүйесін жаңартуға, қоршаған ортаны сауықтыруға және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама. Алайда оның табысты жүзеге асуы – жергілікті атқарушы органдардың белсенділігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты болмақ.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар