
Жуырда облыс жастары Тараз қаласы, «Астана» ықшамауданындағы №26 тұрғын үйдің аумағында «Таза аула» экологиялық акциясын ұйымдастырды. Іс-шараға қатысушылар тұрғындармен бірге тазалық жұмыстарын жүргізді.
– Табиғатты қорғау, ел аумағындағы елді мекендерді абаттандыру және экологиялық мәдениетті арттыру бағытындағы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы облысымызда кең көлемде жүзеге асуда. Қаланың тыныс-тіршілігіне серпін беріп жүрген жастар қоршаған ортаның жай-күйіне бейжай қарамайтынын осылай дәлелдеп жүр. Олардың мақсаты – тек сенбілік өткізу емес, қоғамға, әсіресе жас буынға үлгі көрсету. Сондықтан, мұндай бастамаларға үлес қосу – мен үшін құр міндет емес, жүрек қалауы, – деді белсенді жас Медеу Мырзатай.
Осындай бағыттағы іс-шаралар облыстың барлық аудандарында өтті. Атап айтқанда, Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлы ауылында және Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы орталық саябақта «Таза Like» акциясы ұйымдастырылса, Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылында «Жаз Ата» саябағы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында жастар аллеясына тазалық жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, тұрғындар тазалық мәселесіне қатысты жергілікті атқарушы органдарға «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі арқылы Telegram-ботпен өтінім беруге мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері платформа арқылы 259 өтінім түскен. Telegram-ботқа түскен өтінімдердің басым көпшілігі аумақтарды күл-қоқыстан тазалауға қатысты болса, бірнеше өтінім көшелерге асфальт төсеу, жолдарды тазалауға қатысты болды.
Жалпы «Таза Қазақстан» акциясына 106 мың адам және 60 ірі кәсіпорын мен 400-ден аса шағын кәсіпорын қатысты.
Іс-шара аясында 30 тарихи-мәдени ескерткіш, 79,2 мың тұрғын үй ауласы, 2,7 шақырым көше жолы, 803,8 шақырым арық жүйесі мен каналдар және 641,1 мың шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумақтарын тазалау, 6,1 мың тонна күл-қоқыс шығару жұмыстары жүргізілді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі