
Мемлекет басшысының өңірлерді дамыту және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Байзақ ауданына қарасты Диқан ауылдық округінде заманауи кірпіш зауыты іске қосылды.
Жаңа өндіріс ошағының ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.
Ербол Шырақпайұлы бұл кәсіпорынның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор әсер ететінін атап өтіп, инвестициялық жобаның бастамашысы, кәсіпкер Берік Жүсіповке алғыс білдірді.
Құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған жобаға 2,5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Зауыт жылына 36 миллион дана күйдірілген кірпіш шығара алады.
Өндіріс ошағында 3 адам тұрақты жұмыс істейді, ал маусымдық кезеңде жұмысшылар саны 15 адамға дейін көбейеді. Зауыттың құрал-жабдықтары Қытай Халық Республикасынан сатып алынған. Барлық жұмыс автоматты түрде атқарылады.
Алдымен топырақ, су және көмір арнайы станокта араластырылады. Кейін қоспа тығыздалып, кірпіштің пішініне келтіріледі. Бұдан соң кірпіштер пешке салынып, 400 градус ыстықта кептіріледі. Кейін 800 градус температурада күйдіріледі. Суыған кірпіштерді арнайы роботтар жинап, реттейді.
Дайын өнімдер еліміздің барлық өңіріне жеткізіліп, жақын шетелдерге де экспортталады.
Жалпы 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында облыстың негізгі капиталына 245,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57,5 пайызға артық.
Биыл 115 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылады деп күтілуде.
Былтыр жалпы құны 214 миллиард теңге болатын 35 инвестициялық жоба іске қосылып, 1 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды.
Еске сала кетейік, 2025-2028 жылдар аралығында облыста жалпы құны 3,5 триллион теңгені құрайтын 62 инвестициялық жоба іске асырылып, 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Сарысу ауданы дамудың жаңа сатысында
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл – экономикасы тұрақты өсіп келе жатқан өңірлердің бірі
- авторAR-AY
- 4 шілде, 2025