Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтады
gq.ru
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқев қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтады, деп хабарлайды arainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Астана күні мен Ұлттық домбыра күніне орай халықты құттықтады. Биыл бұл екі мереке қатар келіп отыр. Мемлекет басшысы бұл сәйкестіктің символдық мәні ерекше екенін атап өтті.

– Қазақтың қасиетті қара домбырасы – Ұлы даланың мыңжылдық бірегей мәдени мұрасы. Ал елордамыз – Қазақстанның тұрақты әрі қарқынды даму жолын және ұлттың жарқын болашаққа деген ұмтылысын айшықтайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың бүгінде еліміздің қоғамдық, саяси және іскерлік орталығына айналғанын атап өтті. Мемлекет тағдырына қатысты маңызды шешімдер дәл осы қалада қабылданып, ірі идеялар жүзеге асуда.

– Астанада білім мен еңбекқорлыққа негізделген құндылықтар орнығып, ел бірлігі мен ынтымағы нығая түсуде. Бас қаламыз Орталық Еуразияның жауһары әрі заманауи Қазақстанның келбеті ретінде қалыптасты. Халықаралық қауымдастық Астананы бейбіт бастамалар мен жаһандық диалогтың ордасы ретінде жоғары бағалайды, – деді Президент өз үндеуінде.

Мемлекет басшысы елорданың әрдайым елді жаңғыртатын үлкен реформалардың бастауында тұратынын атап өтіп, Астананың алдағы уақытта да Әділетті, Таза және Қуатты Қазақстанды құру жолындағы бастамаларға ұйытқы болатынына сенім білдірді.

Сөз соңында Президент сүйікті қаланың өркендей беруін тілеп, барша қазақстандықтарға зор денсаулық пен бақ-береке тіледі.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар