
Ұлттық домбыра күні – 2018 жылдан бері шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін, қазақ халқының төл аспабы – домбыраға арналған мереке. Бұл күн – ұлттық мәдениет пен руханияттың символына айналған домбыраны ұлықтау, оның ұрпақтар арасындағы сабақтастығын дәріптеу мақсатында белгіленген.
Домбыра — әлемдегі ең көне әрі кең таралған шертпелі музыкалық аспаптардың бірі. Ғалымдар мен өнертанушылар мұндай аспаптардың тарихын ғылымда X ғасырдан бастайды. Алайда 2010 жылы қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары тың жаңалық жариялады: біздің заманымыздың V ғасырына жататын көне шертпелі аспап — «ата домбыра» табылғаны жайлы сүйінші хабар тарады.
1500 жыл бұрын қолданылған бұл көне аспап Моңғолия аумағындағы Алтай тауындағы Үңгіртас үңгірінентабылған. Алдымен малшының қолына түскен жәдігер археологтардың назарын аударып, 2008 жылы мемлекет қамқорлығына алынады. Белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы осы аспапты зерттеп, оның қазіргі домбыраның арғы тегі екенін ғылыми түрде дәлелдеп шықты. Бұл жаңалық шертпелі аспаптардың тарихы бұдан әлдеқайда тереңде жатқанын, яғни V ғасырдан бастау алатынын айғақтады.
Ұзаққа созылған келіссөздерден кейін, Моңғолия тарапы көне домбыраның көшірмесін жасауға рұқсат беріп, сол негізде жасалған нұсқа қазіргі таңда музейде сақтаулы тұр.
Бүгінгі Ұлттық домбыра күніне орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Х әлеуметтік желідегі парақшасында мерекемен құттықтап, домбыраның қазақ руханиятындағы маңызын атап өтті.
Ұқсас жаңалықтар
Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевты мерейтойымен құттықтады
- авторAR-AY
- Бүгін, 12:09