Жамбыл облысында 200-ден аса оқушы «Ерке сылқым» күйін бір мезетте орындады
- author AR-AY
- 5 шілде, 2025
- 3

Мерекелік шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым, партия өкілдері және өнерсүйер жұртшылық қатысты.
Кештің шымылдығы 200-ден аса мектеп оқушысының ұлттық өнердің мәңгілік жауһарына, өңірлік «брендке» айналған атақты «Ерке сылқым» күйін бір мезетте орындауымен ашылды.
Ербол Қарашөкеев Ұлттық Домбыра күні – тек мереке ғана емес, ұрпаққа үлгі, болашаққа бағдар екенін атап өтіп, жамбылдықтарды айтулы датамен құттықтады.
– Домбыра – қазақ халқының жан серігі, ғасырлар бойы аманат болып жеткен киелі мұрасы. Ұлы даланың үні мен тіліне айналған бұл аспап елді бірлікке, ырысқа, өнерге ұйыстырған. Қазақ халқы домбыраны төріне іліп, күйшілерді төредей құрметтеген. Домбыраның күмбірі – батырларға жігер, ақындарға шабыт берген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өскелең ұрпақтың домбыраға деген ықыласына ерекше баға беріп, бұл – өте жақсы үрдіс екенін атап өтті. Қасиетті қара домбыраның үнін бүкіл әлемге паш етіп жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
Біз осы асыл қазынаны бағалап, болашақ ұрпаққа аманатпен жеткізуіміз қажет, – деді өңір басшысы.
Кең ауқымды мерекелік іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібаевтың танымал туындылары, сондай-ақ басқа да белгілі композиторлардың шығармалары орындалды.
Сондай-ақ осы күні «Әулиеата әуендері» атты аудиожазбаға енген жаңа шығармалардың тұсауы кесілді.
Көрермен қауым әуелеген ән мен күмбірлеген күйдің әсеріне бөленіп, ерекше көңіл-күймен тарқасты.
Айта кетейік, Тараз қаласы мен облыс аудандарында Ұлттық Домбыра күніне орай ұйымдастырылған тағылымды іс-шаралар легі жалғасуда.