
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Тәуелсіздік жылдарынан бері елімізде рухани құндылықтарды сақтау мен дамытуға, ұлттың рухани иммунитетін қалыптастыруға айрықша көңіл бөлініп келеді, – деді өңір басшысы жаңа нысанның ашылу салтанатында.
Бүгінде Байзақ ауданында 40-қа жуық мәдениет ошағы бар. Алдағы уақытта Ақжар, Ақшолақ және Базарбай ауылдарында да жаңа нысандар салынбақ.
Солардың бірі – Мырзатай ауылында пайдалануға берілген жаңа ауылдық клуб. Бұл мәдениет үйі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында «Ник Тараз» ЖШС-ның мердігерлігімен салынған. Жоба құны – 256 миллион теңге. Нысанда алты қызметкер жұмыс істейді. Мұнда ән, би, мәнерлеп оқу үйірмелерімен қатар, «Асыл әжелер» тобы да жұмысын бастаған.
Бұған дейін ауыл тұрғындары мәдени шараларды әкімдікке жапсарлас ескі ғимаратта өткізіп келген еді. Енді заман талабына сай жаңа клубтың ашылуы тұрғындар үшін зор қуаныш болды.
– Ауылымызда халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Көшелеріміз жарықтандырылып, жол жөнделді. Медициналық пункт салынып, пайдалануға берілді. Енді, міне, мәдениет үйі де бой көтеріп отыр. Бұған дейін ауылда жеке мәдениет ошағы болмаған еді. Бұл – тұрғындар үшін үлкен қуаныш, – дейді ауыл тұрғыны Оразбай Дәлібаев.
Айта кетейік, былтыр Жамбыл облысында 8 мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биылғы алғашқы жартыжылдықта 4 нысанның құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 7 мәдениет ошағы ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр.