Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Үздік дәнекерлеушілер анықталды

Үздік дәнекерлеушілер анықталды
Автор
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында №9 Меркі колледжінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша «WELDINGSKILLS – 2025» халықаралық кәсіби шеберлік байқауы ұйымдастырылып, үздіктер анықталды.

Іс-шара шеңберінде халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында маңызды қадам жасалды. Атап айтқанда, №9 Меркі колледжінің директоры Ғалымжан Мамырбаев Халықаралық білім беру технологиялары орталығының (ICET) директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, халықаралық сарапшы Татьяна Ивановнамен екі жақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Аталған құжат колледж студенттеріне заманауи білім беру технологияларына қол жеткізуге және халықаралық тәжірибені меңгеруге кең мүмкіндік береді.

Байқау «Дәнекерлеу технологиясы» құзыреттілігі бойынша өтті. Жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, студенттердің кәсіби дамуына қолдау көрсету, олардың біліктілік деңгейін бағалау және ынталандыруды мақсат еткен сайысқа Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары және Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан Республикасынан студенттер қатысып, өзара кәсіби шеберліктерін сынға салды.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысқан облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков барлық қатысушыларды құттықтап, үздік нәтижелер көрсеткен студенттерге дипломдар мен сертификаттар, жетекшілеріне алғыс хаттар табыстады.

Тартысқа толы болған байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлде №9 Меркі колледжінің 2-курс студенті Нұрсұлтан Садахбаевқа бұйырды. Бірінші орынды Жетісу облысы, Талдықорған индустриялдық колледжінің студенті Расул Мұхтаров еншіледі. Ал Түркістан облысы, №8 Түркістан колледжінің студенті Михаил Башкатов екінші орынға лайық деп танылса, Түркістан көпсалалы колледжінің студенті Артем Абдукасимов үздік үштікті түйіндеді.

Байқаудың бас жүлдегеріне «SKLAD» онлайн платформасының жетекшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Татьяна Сороковик атынан шетелде тағылымдамадан өтуге тегін сертификат табысталды.

Сонымен қатар байқауға қолдау көрсеткен «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қанат Шайхиев жеңімпаздарға қаржылай сертификаттар, ал орын ала алмаған қатысушыларға №9 Меркі колледжінің әлеуметтік серіктесі «Меркі тәжірибе шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қобыланды Манкеев тарапынан қаржылай қолдау көрсетілді.

Ұйымдастыру жұмыстарына белсене атсалысқан №9 Меркі колледжінің басшылығы мен ұстаздарға «Talap» КЕАҚ атынан алғыс хаттар табысталды.

«WELDINGSKILLS – 2025» халықаралық байқауы – жастардың кәсіби өсуіне жол ашатын, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін, жұмысшы мамандықтарының болашағына серпін беретін маңызды алаң болды. Байқау нәтижесі – тек жеңімпаздарды анықтап қана қоймай, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың жарқын мысалы болды.

 

«AR-AI»-ақпарат

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар