
Валентина Павловна жақында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіріп, диплом алды.
Валентина Павловна бұған дейін экономика мамандығы бойынша жоғары білім алып, қаржы, экономика саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған. Оның «Лем» баспасынан жарық көрген 20-дан аса оқу құралы бүгінде еліміздің бірнеше жоғары оқу орнында қосымша оқулық ретінде қолданылады. Әсіресе «Бухгалтерлік есеп: басынан бастап балансқа дейін» атты еңбегі кәсіби ортада кеңінен танымал.
Алайда ол білім жолында мұнымен тоқтап қалмай, заңгерлік бағытта тағы бір белесті бағындыруды мақсат еткен. Бұл шешімге келуіне нақты бір жағдай себеп болыпты.
– «Zoom» платформасында өткен онлайн жиында Білім және ғылым министрлігінің өкілдерімен заңнамадағы өзгерістер жайлы пікір алмасу болды. Сонда мен Кәсіпкерлік кодекске қатысты бір сәйкессіздікті атап өттім. Алайда менің дәлеліме: «Сіз заңгер емессіз, бұл салаға қандай қатысыңыз бар?» деген жауап айтылды. Осы сөз мені терең ойға қалдырды. Өз пікірімді кәсіби деңгейде дәлелдей алу үшін заңгерлік білім қажет екенін ұқтым, – дейді Валентина Павловна.
Осылайша, ол екінші рет студент атанып, білім алуға бел буады. Жасының үлкендігі оған еш кедергі болған жоқ.
– Кеше ғана құжат тапсырып жатқандай едім, бүгін диплом алып, төбем көкке жеткендей қуанып тұрмын. Екі жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Осы жолда мені қолдаған барлық оқытушыларға алғысым шексіз
Білім алуға ешқашан кеш емес. Армандар жасқа қарамайды. Қалауы мен сенімі бар адам кез келген биікті бағындыра алады, – деп өз ойымен бөлісті диплом иесі.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков бұл оқиғаны ерекше атап өтіп, Валентина Павловнаның табандылығы мен еңбекқорлығы оқу орнының тарихында айрықша орын алатынына тоқталды.
– Валентина Проскуринаның өмір жолы – тоқтаусыз ізденістің, білімге деген шынайы құштарлықтың айқын үлгісі. Оның табандылығы мен еңбекқорлығы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің арман-мақсаттарымен үндесіп жатыр. Мұндай түлектер – оқу ордамыздың абыройын асырып, елге үлгі болатын, рухани жол сілтейтін асыл жандар, – дейді университет ректоры Махметғали Сарыбеков.
9 немере мен 2 шөберенің әжесі Валентина Павловна енді магистратураға түсуді ойлап жүр.
Еңлік ӘБДІРАСИЛ,
журналист