
Бірлескен кеңестің жұмысына Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев, Атырау облысы әкімдігі мен министрліктің аумақтық бөлімшелерінің басшылығы қатысты.
Ерекше қорғалатын аумақтар Экология және табиғи ресурстар министрлігінің иелігінде. Сондықтан да қолданыстағы заңнамаға сәйкес осы учаскелерде алдын алу іс-шараларын жүргізуге және өртті сөндіруге жауапты. Бұл жерлердегі өрттерге уақытылы ден қоймау халыққа, инфрақұрылымға және экожүйеге қауіп төндіруі мүмкін.
Соңғы ірі қамыс өрттерінің бірі Атырау облысындағы «Ақжайық» табиғи резерватының аумағында орын алды. Өртті сөндіру жұмыстары 11 күнге созылды.
Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері елімізде 260 қамыс өрті тіркелді. Жетуі қиын жерлер мұндай өрттерді сөндіру жұмыстарын қиындатады және өрт сөндіру техникасын қолдану іс жүзінде мүмкін емес. Бұл ретте көп жағдайда өрт сөндіруді Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен авиациясы жүзеге асырады.
Осыған байланысты Рамиль Камалов Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан аумақтарды өртке қауіпсіз жағдайда ұстау, патрульдеуді ұйымдастыру, құрғақ өсімдіктерден тазарту, қажетті техника мен ресурстарды тарту бөлігінде міндеттемелерді орындау бойынша жүйелі жұмыстың қажеттілігін атап өтті.
«Экология және табиғи ресурстар министрлігі қызметтің салалық ерекшеліктерін ескере отырып, қамыс өртінің алдын алудың қолайлы шаралары туралы шешім қабылдауы тиіс. Өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрлігі өрт туындаған жағдайда қолдау көрсетуге – күш, техника жіберуге, үйлестіруді қамтамасыз етуге дайын», деді Р.Камалов.
Тараптар қауіпсіз өрт қауіпті кезең шеңберінде бірлескен іс-шараларды күшейту туралы уағдаласты.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ