Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Адам жанына араша болған орталық

Адам жанына араша болған орталық
Автор
Сіз бен біз алаңсыз жұмыс істеп отырғанда немесе тәтті ұйқы құшағының жатқанда кейбіреулер өмір үшін күресіп жатады. Бірі апатқа ұшыраса, енді бірінің үйі отқа оранып, көмекке мұқтаж болады. Осындайда алғашқы болып әрекет ететін – облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жоспарлау және жедел басқару орталығы.

Мұндағы мамандар әрбір дабылға жедел жауап беріп, қауіптің алдын алуға күш салады. Олардың жұмысында бейқам сәт болмайды, кез келген шақыру – нақты шешім қабылдауды, бірден әрекет етуді талап етеді. Себебі әр секундтың бағасы адам өмірімен өлшенеді.

Орталыққа азаматтық қорғау полковнигі Жеңіс Қайнарбаев жетекшілік етеді. Саладағы еңбек өтілі 22 жылдан асатын Жеңіс Қайратұлы тәжірибесі мол, нағыз кәсіби маман ретінде ұжымына үлгі.

– Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қарамағындағы жоспарлау және жедел басқару орталығы аймақтағы төтенше жағдайларға жедел әрекет ететін басты құрылымдардың бірі. Бұл орталықтың негізгі міндеті – халықтан төтенше жағдайлар туралы келіп түскен хабарламаларды қабылдап, оларды өңдеп, оқиға орнына тиісті күштер мен құралдарды жедел бағыттау. Сонымен қатар оқиға орнынан деректер жинап, жоғары басшылыққа ақпарат жеткізеді. Қазіргі таңда диспетчерлік орталық 3 негізгі бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, кезекші бөлім, өрт-байланыс орталық пункті және анықтамалық-аналитикалық бөлім болып бөлінеді. Кезекші бөлімде жедел кезекші мен оның көмекшісі қызмет етеді. Өрт-байланыс орталық пунктінде аға диспетчер мен диспетчерлер жұмыс істейді. Ал үшінші бөлім – анықтамалық-аналитикалық топ оқиғалар туралы жинақталған ақпаратты талдап, жүйелейді, – деген Жеңіс Қайратұлы мамандарды іріктеу мәселесіне тоқталды.

Диспетчер болу үшін кандидаттар азаматтық қорғау органдарына қабылдау заңнамасына сәйкес конкурс арқылы іріктеледі екен. Аға диспетчер үшін жоғары білім, ал диспетчер үшін орта білім талап етіледі. Сонымен қатар психологиялық тұрақтылық, қазақ және орыс тілдерін еркін меңгеруі қажет, ал ағылшын тілі анықтамалық деңгейде қарастырылады.

Орталық бастығының айтуынша, қызметкерлер жұмысқа қабылданарда кәсіби даярлық мектебінде оқу курсынан және арнайы дайындықтан өтеді. Сонымен бірге ай сайын ақпарат алмасу сабақтары мен психологиялық тренингтер ұйымдастырылып тұрады екен.

«101» және «112» арнайы жедел желілеріне келіп түскен барлық қоңырауларға тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Мұндай бақылау өңірдегі төтенше жағдайларға қатысты жедел ахуалды бағалап, азаматтардың хабарласу деңгейін саралау үшін маңызды.

– 2025 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша екі нөмірге жалпы 235 402 қоңырау түсті. Оның ішінде «112» нөмірі арқылы тіркелген өтініштер саны 207 899-ды құрады. Бұл төтенше жағдайлардың 2024 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 2,9 пайызға азайғанын көрсетеді. Өткен жылдың алғашқы жартысында орталыққа 242 551 қоңырау түссе, оның 216 545-і «112» желісі арқылы қабылданған. Келіп түскен қоңыраулардың мазмұны мен сипатына да талдау жасалды. Атап айтқанда, бейінді емес бағыттағы, яғни шұғыл әрекетті қажет етпейтін, анықтамалық сипаттағы сауалдар, балалардың ойыны немесе жалған шақыртулар «112» нөмірі бойынша 143 279-ды құрады. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 0,8 пайызға артқан (2024 жылы – 142 136 қоңырау). Бұл дерек қоғамда әлі де болса төтенше жағдайлар желісінің нақты мақсаты мен функцияларын түсінуге қатысты ақпараттық жұмыстарды күшейту қажеттігін көрсетеді, – деп толықтырып өтті Ж.Қайнарбаев.

Төтенше жағдайлар қызметінің жеделдігі мен тиімділігі тек адами факторға емес, заманауи технологиялық жүйелердің жұмыс сапасына да тікелей байланысты екені белгілі. Уақытпен санаспайтын бұл салада техниканың мүлтіксіз жұмыс істеуі қауіптің алдын алуда шешуші рөл атқарады. Сондықтан диспетчерлік орталықтың заманауи құралдармен жабдықталуы уақыт талабы әрі жауапты қызметтің негізгі тірегі саналады.

Жеңіс Қайратұлының сөзінше, орталық заманға сай жабдықталған. Қазіргі таңда 6 «101» және 4 «112» байланыс желісі жұмыс істейді. Сонымен қатар 3 репитерлі радиобайланыс қондырғысы орнатылған. Хабарлама түскен соң оның қай өрт сөндіру бөлімінің аймағына тиесілі екені автоматты түрде анықталып, радиобайланыс арқылы тиісті бөлімге жіберіледі. Қоңырау саны көбейген жағдайда қосымша күштер автоматты түрде жұмылдырылады.

Орталық бүгінгі күні автоматтандырылған жұмыс орнымен толықтай жабдықталған. Бұл жүйе мекенжайды тез анықтауға, мүгедектігі бар адамдар туралы ақпаратты көруге, жақын маңдағы су көздерін табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қаладағы 6 «Сергек» камерасы іске қосылған. Облыс аумағындағы орман және дала өрттерін анықтау үшін «Ғарыш сапары» ұлттық компаниясының космомониторинг жүйесі де қолданылады.

– Болашақта орталық қызметін жетілдіру бойынша бірқатар жоспарымыз бар. Атап айтқанда, барлық төтенше жағдайға шығатын көліктерге GPS жүйесін орнатып, күштер мен құралдардың нақты қозғалысын бақылау көзделуде. Сонымен бірге «Сергек» камераларының санын арттыру арқылы мониторингті күшейту жоспарлануда. Төтенше жағдайлармен күрес тек өртсөндіруші немесе құтқарушының міндеті емес, түрлі қызметтердің бірлесе әрекет етуін талап ететін жүйелі жұмыс. Осы орайда диспетчерлік орталықтың медицина, полиция және өзге де тіршілік қауіпсіздігіне жауапты құрылымдармен тығыз байланыста жұмыс істеуі – оқиға орнына көмек дер кезінде жетуіне, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Апаттың зардабын азайту үшін жарақат алғандарға медициналық көмек көрсету, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол қозғалысын реттеу бәрі бір уақытта үйлесімді іске асуы қажет. Сондықтан «112» жүйесі аясында әзірленген бірлескен әрекет ету тәртібі, ортақ оқу-жаттығулар мен тұрақты байланыс төтенше жағдай кезінде көмектің уақытылы жетуіне үлкен әсер етеді, – дейді орталық бастығы.

Көпшілік үшін диспетчер маманның жұмысы тек қоңырау қабылдаумен шектелетіндей көрінуі мүмкін. Бірақ бұл тәртіп пен шапшаңдықты талап ететін, жауапкершілігі зор қызмет. Ендеше диспетчердің бір күнінің қалай өтетініне шолу жасап көрейік.

Мамандардың жұмыс күні таңертеңгі нұсқаулықтан басталады. Кезекшілікке кіріскен қызметкерлер алдымен жедел жағдаймен танысып, өзіне тиесілі қызметтік құжаттар мен байланыс құралдарын қабылдап алады. Одан кейін облыстық өртке қарсы гарнизонының күштері мен құралдарының саптық жазбасы жасалып, орталықтағы радиобайланыс жүйелері тексеріледі. Бұл кезең өрт сөндіру бөлімдерімен үзіліссіз әрі нақты байланыс орнату үшін маңызды.

Орталықта кезекшілік тәртібі нақты белгіленген. Мамандар тәуліктік режимде жұмыс істейді. Бір күн кезекшілікке түсіп, үш күн демалыс алады. Ауысым сағат 08:00-де басталып, келесі күнгі 08:00-де аяқталады. Түнгі мезгілде диспетчерлер арнайы кестеге сай 4 сағаттан кезекпен демалады. Алайда кезекшілік кезінде төтенше жағдай орын алса, барлық диспетчер бірден жұмылдырылады. Қызмет барысында әрбір маманға нақты міндет жүктеледі. Жедел кезекші, көмекші, диспетчер және аға диспетчер өз бағыттары бойынша жұмыс істейді.

Келіп түскен әрбір хабарлама жедел түрде тіркеліп, қай аумаққа тиесілі екені анықталады. Радиобайланыс арқылы оқиға орнына тиісті өрт сөндіру бөлімшесі бағытталады. Сонымен қатар байланыс үзілмей, оқиға орнынан мәліметтер үздіксіз жаңартылып отырады. Қоңырау саны күрт артқан жағдайда қосымша күштерді жұмылдыру жүйесі автоматты түрде іске қосылады.

Жұмыс барысында диспетчерлер тек қоңырауларды қабылдап қоймай, оларды саралап, шын немесе жалған шақырту екенін анықтайды. Сондай-ақ күнделікті келіп түскен ақпараттар бойынша басшылыққа арналған құжаттар әзірлеп, талдау жұмыстарын да қатар жүргізеді.

– Төтенше жағдай орын алған сәтте орталық жедел әрекет ету тәртібін іске қосады. Қоңырау түскен мезеттен бастап оқиға орнына жақын орналасқан өрт сөндіру немесе құтқару бөлімдері бағытталады. Диспетчерлер оқиға орнына көмек жеткенге дейін байланысты үзбей, жағдайды толық бақылауда ұстайды. Егер бір мезгілде бірнеше оқиға орын алса, басымдық деңгейіне қарай шешім қабылданып, ресурстар соған сай бөлінеді. Күніне орта есеппен 1 000-нан аса қоңырау келіп түседі. Әсіресе өрт қаупі жоғары кезеңдер мен қатты боран кездерінде жүктеме артады. Бір айта кетерлігі, ауысымдар күндізгі және түнгі деп бөлінбейді. Диспетчерлерге демалыс уақыты түнгі 22:00-ден 02:00-ге дейін (№1 диспетчерге), 02:00-ден 06:00-ге дейін (№2 және №3 диспетчерге) белгіленген. Демалыс 4 сағаттан аспайды. Қиын немесе аса күрделі өрт жағдайларында демалып жатқан диспетчер де оятылып, жұмысына қайта кіріседі, – деді Жеңіс Қайратұлы.

Осындай тынымсыз әрі жауапты жұмыста кәсібилігімен ерекшеленіп жүрген мамандар да жоқ емес. Солардың қатарында аға диспетчерлер Малика Аманжол мен Айдана Айтбаева ерекше көзге түседі.

Бір оқиғаны мысалға келтіре кетсек, 2024 жылдың 20 маусымында сағат 22:13-те Тараз қаласындағы Промзона №83 мекенжайында орналасқан «Тараз» металлургиялық зауытындағы жоғары кернеулі трансформатордың жануы туралы хабарлама түседі. Жоғары кернеулі ТДЦ-200000 кВ трансформаторының жануы, 10 метр қашықтықта орналасқан әкімшілік ғимаратқа да өрттің таралу қаупінің туындауы жағдайды күрделендірді.

Ақпаратты алғашқы болып қабылдаған диспетчер Малика Аманжол жағдайдың маңызын жедел бағалап, Тараз қаласының өртке қарсы қызмет гарнизонының шығу кестесіне сәйкес жоғары деңгейлі №2 шақыру бойынша күштер мен құралдарды дереу жұмылдырды. Сонымен қатар өзара іс-қимыл жасайтын тіршілік қауіпсіздігі қызметтеріне хабар беріп, оларды да оқиға орнына бағыттады.

Малика Асқарқызы жоспарлау және жедел басқару орталығының жедел кезекшісімен тұрақты байланыста болып, оқиғаның өрбуі жайында басшылық пен жедел кезекшіге үздіксіз ақпарат беріп отырды. Оның шұғыл жағдайда дұрыс шешім қабылдауы, күштерді нақты үйлестіре білуі және жедел әрекет етуі нәтижесінде трансформатордан тараған жалынның зауыттың басқа ғимараттарына өту қаупі қысқа мерзім ішінде жойылып, өрт толық ауыздықталды.

Диспечер маман Айдана Айтпаеваның айтуынша, орталықта мұндай есте қалған ерекше оқиғалар жетерлік.

– Бір жолы ұялы телефоннан автоматты түрде жол-көлік апаты туралы қоңырау түсті. Диспетчер сол мезетте қайта хабарласып әйел адамның көлігімен көпірден құлап кеткенін анықтайды. Диспетчер ол адаммен байланысты үзбей отырып, құтқару, жедел жәрдем және полиция қызметтерін жедел түрде оқиға орнына жөнелтіп, сол кісінің туыстарына да хабар береді. Бұл нақты бір адамның өмірін сақтап қалған кәсіби шеберліктің үлгісі болды. Төтенше жағдай кезінде халыққа SMS ескерту хабарламалары да біздің орталық арқылы жүзеге асырылады. «Қазгидрометтен» дауылды ескерту келіп түскен жағдайда, арнайы шаблон бойынша ұялы байланыс операторларына хабарлама жолданады. Өкініштісі бізге түскен хабарламалардың арасында жалған шақыртулар да кездеседі. Мұндай жағдайда Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының инспекторлық құрамы әкімшілік хаттама толтырып, тиісті шара қолданады, – дейді Айдана Шектібайқызы.

Көмек қажет етпейтін себептермен жасалған қоңыраулар нағыз төтенше жағдай кезінде дер кезінде әрекет етуге кедергі келтіруі мүмкін. Мұндай кезде әр секунд маңызды екенін ескере отырып мамандар тұрғындарды «101» және «112» желілеріне тек шынайы қауіп-қатер туындағанда ғана жүгінуге шақырады.

Жоспарлау және жедел басқару орталығының тыныс-тіршілігіне үңіле отырып, бұл салада жұмыс істеу үлкен жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті қажет ететінін байқадық. Қауіп-қатерге толы сәттерде тез әрі дұрыс шешім қабылдай білу мамандардың күнделікті дағдысына айналған. Адам қауіпсіздігі үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген жандардың еңбегі сөзсіз құрметке лайық.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар