Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардан цехтардың бірінен алдымен қою ақ түтін будақтап шығып, артынша дүрс еткен қатты дауыс естілгенін, көп ұзамай сол маңды қызыл жалын шарпығанын көруге болады.
Кейін белгілі болғандай, зауытта сары фосфордың қысқа мерзімді тұтануынан оқыс жағдай орын алған. Фосфордың ауадағы оттегімен жанасуы өртке себеп болған.
Абырой болғанда, зауыт қызметкерлері жедел әрі кәсіби әрекет етіп, жалынды дер кезінде сөндірген. Ешкім зардап шеккен жоқ, материалдық шығын да аз.
Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің мамандары келіп, мән-жайды анықтады. Ақпарат облыстық экология департаменті мен өзге де тиісті органдарға тексеру және шара қолдану үшін жіберілді. Зауыт өкілдері жағдайдың толық бақылауға алынғанын, халыққа ешқандай қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді.
Сары фосфор – ауаға тисе өздігінен тұтана алатын аса қауіпті зат. Сондықтан оны сақтау мен тасымалдау кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Әдетте бұл затты оттекпен жанасудан сақтау үшін су астында немесе инертті ортада ұстайды. Тұтанған жағдайда улы бу бөлініп, адам ағзасына зиян келтіруі мүмкін. Сол себепті мұндай өрт арнайы құралдармен сөндіріледі, жалынның таралуына жол берілмейді.
Жалпы өткен аптада облыс аумағында жедел кезекшілік бойынша 17 төтенше жағдай және 3 оқиға тіркеліпті. Апта ішінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері 89 рет оқиға орнына шыққан.
Құтқарылған немесе қауіпсіз жерге көшірілген адамдар жоқ. Жедел-құтқару жасағы 33 рет оқиғаға орнына шықса, 32-сі авариялық-құтқару жұмыстарына қатысты. Зардап шеккендер мен эвакуацияланғандар болмаған. Сондай-ақ техногендік сипаттағы 17 жағдай тіркелген.
Сонымен қатар, апта ішінде «Қазгидромет» Жамбыл облысы филиалынан 7 дауылдық ескерту келіп түскен. Тұрғындарды хабардар ету мақсатында ұялы байланыс операторлары арқылы 19 SMS-хабарлама жолданыпты. «101» және «112» қызметтеріне барлығы 8067 қоңырау түскен, оның 788-і жедел сипаттағы, ал 7279-ы жедел емес қоңыраулар. Алдыңғы аптамен салыстырғанда (4537 қоңырау) көрсеткіш едәуір артқан.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ



