Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Алдағы міндеттер айқындалды

Алдағы міндеттер айқындалды
Автор
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жай-күйі мен алдағы дамуы кеңінен талқыланды.

Кеңеске облыстық, қалалық және аудандық медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері қатысты. Жиын барысында саладағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары ортаға салынып, нақты ұсыныстар айтылды.

Алғашқы болып сөз алған басқарманың штаттан тыс бас кардиологы Рауза Жұбандықова инфаркт жағдайында медициналық көмекті интеграцияланған үлгіде көрсету жөніндегі жол картасының 2025 жылдың алғашқы 5 айындағы орындалу барысы туралы баяндама жасады. Бас кардиолог атқарылған жұмыстарға тоқталып, қол жеткізілген нәтижелерге талдау жүргізіп, бірқатар өзекті мәселені атап өтті. Атап айтқанда, кардиологиялық көмекті жетілдіру үшін халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі баса айтылды. Сонымен қатар, Шу қаласында екінші деңгейлі жүрек-қан тамырларына интервенциялық ем жүргізетін орталық ашу, Тараз қаласында арнайы кардиологиялық бөлімше құру, сондай-ақ дислипидемияға қарсы кабинеттер желісін кеңейту қажеттілігі күн тәртібіне қойылды. Бүгінгі таңда кардиологиялық ауруларды дер кезінде және сапалы диагностикалаудың маңызы ерекше. Осы орайда көпспиральды компьютерлік томография, жүктемемен эхокардиография мен позитронды-эмиссиялық томография сияқты заманауи әдістерді тәжірибеге енгізу ұсынылды.

Жиында тағы бір маңызды баяндама облыстың штаттан тыс бас невропатологы Айгүл Момынәлиева тарапынан жасалды. Баяндамашы 2024-2025 жылдардың алғашқы 5 айындағы өңірлік инсульт қызметінің қазіргі жай-күйін сараптап, бірқатар күрделі мәселені атады. А.Момынәлиеваның айтуынша, инсультке ұшыраған науқастардың медициналық көмекке кеш жүгінуі әлі де алаңдатарлық деңгейде. Сондай-ақ профилактикалық шаралардың жеткіліксіздігі, диспансерлік бақылаудың әлсіздігі, дәрі-дәрмектің және мамандар мен медициналық жабдықтардың тапшылығы саланың тиімділігін төмендетіп отыр. Бұған қоса, өмірлік маңызы бар тромболизистік емдеу әдісі тәжірибеде өте сирек қолданылады. Мұндай жағдай көбіне пациенттердің кеш келуімен, қажетті жабдықтың болмауымен немесе кадрлық даярлықтың жеткіліксіздігімен байланысты.

Осы түйткілдерді шешу үшін Айгүл Момынәлиева нақты ұсыныстарын ортаға салды. Бас невропатолог тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, салауатты өмір салтын насихаттайтын кабинеттердің жұмысын жандандыру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, созылмалы аурулары бар науқастарды диспансерлік есепке алып, оларды тұрақты бақылауда ұстау да аса маңызды. Бұған қоса, телемедицина мүмкіндіктерін кеңейту, медициналық ұйымдарды жабдықтармен қамтамасыз етуді жолға қою, мамандарды қайта даярлау және үздіксіз білім беру жүйесін жетілдіру секілді ұсыныстар да назардан тыс қалмады.

Кеңес барысында денсаулық сақтаудың цифрлық трансформациясына да ерекше көңіл бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы басқарма басшысының орынбасары Лаура Отарбай баяндама жасап, цифрландыру саласындағы негізгі көрсеткіштерді жария етті. Атап айтқанда, қашықтан медициналық қызметтерді дамыту саланың маңызды басымдықтарының бірі ретінде белгіленген. Бүгінде өңірде қашықтан көрсетілген қызметтердің жалпы саны 73 852-ге жеткен. Оның 31 128-і қалаларда, ал 42 724-і ауылдық елді мекендерде көрсетілген. Жалпы медициналық қызметтердің (1 068 902) ішінде бұл көрсеткіш 6,91 пайызды құрап отыр.

Денсаулық сақтау жүйесінде дәрілік қамтамасыз етуді цифрлық жүйе арқылы жүргізудің тиімділігі де назардан тыс қалған жоқ. «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында 433 994 рецепт жазылған. Оның ішінде 289 466 рецепт немесе 66,7 пайызы дәл осы цифрлық жүйе арқылы тұрғындарға тікелей берілді. Бұл – мемлекет тарапынан мұқтаж азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың нақты әрі тиімді механизміне айналып отыр. Сонымен қатар, облыстағы медициналық ұйымдардың дәрі-дәрмек қоры мен қамтамасыз етілу жағдайы жөнінде арнайы тізім ұсынылып, бұл бағыттағы жұмыс бақылауға алынғаны айтылды.

Жиын соңында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек медицина саласы қызметкерлеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, кардиология және инсультке қарсы көрсетілетін көмектің негізгі индикаторларының орындалуын мұқият бақылауға алу, өңірлік деңгейде осы бағыттар бойынша жұмысты жандандыру қажеттігі қатаң ескертілді. Сондай-ақ, саладағы барлық бағыттарда жүйелі жоспарлар құрып, көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру міндеті қойылды.

Медициналық көмектің сапасын арттыру – халықтың өмір сапасын жақсартудың негізі. Сондықтан саладағы кез келген мәселе уақытында анықталып, оны шешудің тиімді жолдары қарастырылуы тиіс. Облыста бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алайда бұл үздіксіз ізденіс пен жаңашылдықты қажет ететін сала. Сол себепті, бұдан былайғы кезеңде жауапты мамандардың жұмысы нақты көрсеткіштер мен халықтың нақты сұранысына негізделіп, ашықтық пен тиімділік қағидасына сүйене отырып жалғасуы тиіс.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау

басқармасының баспасөз қызметі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар