Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Инсульт жас талғамайды

Инсульт жас талғамайды
Автор
Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылы Қазақстанда 49 мыңға жуық адам инсультпен ауырған. Оның 11,8 пайызы ауруханада көз жұмған, ал 6,1 пайызы ауруханадан шыққаннан кейін бір айдың ішінде қайтыс болған.

Әлем бойынша да жағдай мәз емес. Жыл сайын 12,2 миллионнан аса жаңа инсульт жағдайы тіркеліп, 6,5 миллион адам осы дерттен көз жұмады. Бүгінде жер шарында 101 миллионнан аса адам инсульттің салдарымен өмір сүріп жатыр. Мұның барлығы инсульттің қаншалықты қауіпті әрі уақытылы емдеуді қажет ететін дерт екенін дәлелдейді.

Бүгінгі күні инсульт тек егде жастағы адамдардың емес, жастардың да бас ауруына айналып отыр. Бұрын бұл диагноз 50-60 жастағы адамдарға жиі қойылса, бүгінде 20-30 жастағы тепсе темір үзетін азаматтар арасында да жиілеген. Тіпті кей жағдайларда жасөспірімдер мен нәрестелер де осы дерттен зардап шегіп жатыр. Бұл үрдістің себебі неде? Осы сауалдарға жауап алу үшін біз дәрігер-терапевт Динара Дүкебаевамен тілдескен едік.

Дәрігердің айтуынша, инсульттің жастар арасында жиілеуіне әсер ететін факторлар өте көп. Дәрігер дертті бір ғана себепке тіреп қоюға болмайтынын айтады.

– Бұл дерттің артында адамның өмір салты, тамақтану мәдениеті, зиянды әдеттері және тұқым қуалаушылықтың да үлесі бар. Ең алдымен жастардың тамақтану әдеті өзгерді. Қазір фаст-фуд, қуырылған, майлы тағамдар мен тәтті газдалған сусындар күнделікті тұтынатын асқа айналды. Мұндай тағамдар ағзада артық май мен холестериннің жиналуына әкеледі. Қандағы төмен тығыздықтағы липопротеидтердің мөлшері жоғарылаған сайын, олар тамырларды бітеп, қан айналымын бұзады. Бұл инсульттің ең басты себебі. Жастардың зиянды әдеттерге тым ерте әуестенуін де қауіпті құбылыс десек болады. Ішімдік пен темекі бүгінде көптеген жастар үшін үйреншікті нәрсе болып кетті. Ал шын мәнінде бұл ағзаның иммунитетін әлсіретіп, жүрек пен қан тамырларына үлкен салмақ түсіретін әдет. Қазір жиырмадағы жігіт немесе қыз инсульт алып, ауруханаға түсіп жатса, бұрынғыдай таңғалмайтын болдық. Тіпті нәрестелердің де инсульт алуы тіркеліп отыр. Бұл көбіне жүктіліктің дұрыс жүргізілмеуімен, болашақ ананың өз денсаулығына бейжай қарауымен, дұрыс тамақтанбауымен және күйзеліс жағдайында жүруімен байланысты. Тұқым қуалаушылық та белгілі бір рөл ойнайды, бірақ шешуші фактор емес. Егер ата-анасында инсульт болған болса, баласында да қауіп болуы мүмкін. Бірақ бұл – жазмыш емес. Егер адам өмір салтын бақылап, артық салмақ қоспай, дұрыс тамақтанса, спортпен айналысса, бұл қауіптің алдын алуға әбден болады. Ең бастысы – ағзаға қамқорлық таныту, оны тыңдай білу, – дейді дәрігер.

Инсульттің белгілері де соңғы жылдары өзгерген. Бұрын беттің қисайуы, сөйлеудің бұзылуы немесе аяқ-қолдың жансыздануы негізгі белгілер деп саналса, қазір ауру жиі атипиялық түрде өтеді екен.

– Кейбір адамдар бірнеше күн бойы басының ауырғанына, әлсіздікке немесе шаршаңқылыққа шағымданады, бірақ дәрігерге бармайды. Мұндай белгілерді елемеу – үлкен қателік. Кейде тіпті КТ (компьютерлік томография) да ештеңе көрсетпеуі мүмкін, ал МРТ (магниттік-резонанстық томография) жасағанда ғана инсульт анықталады. Сондықтан, егер сөйлеу бұзылса, бет қисайса, аяқ-қолдың қозғалысы қиындаса – дереу дәрігерге бару қажет. Өйткені уақыт – ми үшін ең маңызды фактор, – дейді Динара Мұратқызы.

Инсульттің жасарып кетуінің тағы бір себебі – заманауи өмір ырғағының адам психикасына түсіретін қысымы. Ұйқының бұзылуы мен созылмалы стресс бүгінде жастар арасында кең тараған. Динара Мұратқызы мұны да ми мен жүрекке ауыр салмақ түсіретін фактор деп санайды. Егер адам түнгі ұйқысын дұрыс қанағаттандырмаса, ми демалмайды. Ұйқының жеткіліксіздігі ағзаны шаршатып, қан қысымының тұрақсыздығына алып келеді. Стресс кезінде адам ағзасы кортизол мен адреналинді көп бөледі, олар тамырларды тарылтып, қан қысымын көтереді. Яғни ұзақ стресс – инсультке жол ашатын себептердің бірі.

Мамандардың айтуынша, тағы бір қауіп – гаджеттерге тәуелділік. Жастардың көпшілігі күніне 8-10 сағат бойы телефон немесе компьютер алдында отырады. Бұл – қозғалыстың азаюына, арқа мен мойын бұлшықеттерінің керілуіне, қан айналымының баяулауына және миға оттегі жетіспеушілігіне әкелетін көрінеді. Мұның бәрі қан ұю қаупін арттырады. Күн сайын таза ауада серуендеу, жеңіл спортпен айналысу – инсульттің алдын алудағы ең тиімді амал.

Дәрігер жастардың энергетикалық сусындарды көп пайдалануына да алаңдайды. Емтихан алдында немесе ұзақ оқу кезінде сергіткіш сусын ішуді қалыпты нәрсе деп санайтындар көп. Бірақ бұл сусындар жүрекке ауыр салмақ түсіріп, қан қысымын күрт көтереді. Мұндай әдеттің арты жүрек ұстамасы мен инсультке апарып соғуы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, инсульт әлемдегі өлім-жітімнің алдыңғы қатарлы себебі болып отыр. Бірақ мамандар бұл аурудың алдын алуға болатынын айтады. Ең бастысы – адам өз өмір салтын бақылауға алуы керек. Дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден арылу, жүйелі түрде қозғалу және жеткілікті ұйықтау – қарапайым, бірақ тиімді қорғаныс тетігі.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар