Скринингтік тексерулер арқылы жатыр мойны обырын 30-70 жас аралығындағы әйелдер, сүт безі обырын 40-70 жас аралығындағы әйелдер, ал колоректальді обырды 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер ерте кезеңде анықтай алады.
Әйелдер сүт безі обырына байланысты тексерулерден тіркелген емханасы арқылы өте алады. Бұл ретте акушер-гинеколог, онколог және маммолог мамандар кеңесі ұсынылады, сондай-ақ УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу) және маммография жасалады. Ал жатыр мойны обырының алдын алу мақсатында видеокольпоскопия немесе кольпоскопия, ПАП-тест, пункциялық биопсия және гистологиялық зерттеулер жүргізіледі.
Колоректалды обырдың алдын алу тексерулеріне ерлер де, әйелдер де қатысады. Олар хирург, онколог, гастроэнтеролог және проктолог кеңесіне жүгінеді. Үлкен дәреттегі жасырын қанды анықтау үшін гемокульт-тест тапсырады, сондай-ақ видеоколоноскопия, эндоскопиялық биопсия және гистологиялық зерттеулерден өтуге мүмкіндік бар.
2025 жылы облысымызда онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтерге 1 миллиард 64 миллион 182 мың теңге бөлінген. Бұл бағдарламаға 177 мыңнан астам жамбылдық қатысады деп жоспарланып отыр.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, онкоскринингтер барлық азаматтар үшін тегін жүргізіледі. Яғни, сақтандырылған немесе сақтандырылмағанына қарамастан, бұл қызмет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) тізіміне енгізілген.
– Онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау – науқастардың өмірін сақтап қалудың ең тиімді жолы. Сондықтан жамбылдықтарды өз денсаулығына бейжай қарамай, уақытылы скринингтік тексеруден өтуге шақырамын. Бұл тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның денсаулығы үшін маңызды қадам, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова.
Сонымен бірге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде азаматтар бір жылға алдын ала төлем жасап, сақтандырылған мәртебесін алуға мүмкіндік алады. Бұл тәсілді жүйеге алғаш рет қосылатын немесе дербес төлеушілер де қолдана алады.
Төлем жасамас бұрын өз мәртебеңізді және соңғы 12 айдағы жарналардың бар-жоғын тексеру қажет. Бұл қызметті Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, «Telegram»-дағы «SaqtandyruBot» және «eGov.kz» электронды үкімет порталы арқылы орындауға болады. Тексеру нәтижесінде әр ай бойынша төленген жарналардың үзінді көшірмесін көруге болады. Егер кейбір айлар үшін төлем жүргізілмеген болса, сол айлар үшін төлем жасап, мәртебе алуға болады.
Егер азамат бұрын ешқандай төлем жүргізбеген болса, өткен айлар үшін емес, алдағы 12 айға алдын ала төлем жасаған тиімді. Бұл өз кезегінде бір жыл бойы медициналық сақтандыру жүйесінде үздіксіз мәртебеде болуға мүмкіндік береді.
МӘМС жарналарын екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары, төлем терминалдары және «Қазпошта» бөлімшелері арқылы төлеуге болады. Дербес төлеушілер үшін төлем тағайындау коды – 122. Жүйе төлемдерді дұрыс есептеу үшін жарналарды әр айға бөлек қабылдайды, сондықтан бір жылдық жарнаны бір төлеммен аударуға болмайды. Егер ағымдағы айдың аяқталуына аз уақыт қалса немесе сол айда медициналық көмекке жүгінуді жоспарламасаңыз, төлемді келесі айдан бастап жасау ұсынылады.
Төлемнен кейін үш жұмыс күні ішінде жарнаның жүйеге түскен-түспегенін тексеру қажет. Егер төлем ұзақ уақыт бойы жүйеде көрінбесе, банкке немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына хабарласу керек. Қате төленген соманы қайтаруға өтініш сол корпорация арқылы қабылданады.
МӘМС жүйесіндегі сақтандырылу мәртебесін тексеру үшін «msqory.kz» сайтына, «Telegram»-дағы «SaqtandyruBot»-қа, «Qoldau 24/7» қосымшасына, «eGov.kz» порталына немесе кейбір банктердің мобильді қосымшаларына жүгінуге болады.
МӘМС жүйесіне бір жылға алдын ала төлем жасау – азаматтардың медициналық қызметтерге үздіксіз қол жеткізуін қамтамасыз ететін тиімді шешім. Ең бастысы – төлемдерді ай сайын дұрыс және уақытылы жүргізу. Бұл өз кезегінде әр азаматтың денсаулығын қорғауға және сапалы медициналық көмекке жол ашады.
«AR-AI»-ақпарат


