Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Папиллома вирусынан вакцина ғана қорғайды

Папиллома вирусынан вакцина ғана қорғайды
Автор
Адам папиллома вирусы (АПВ) – әлемде өте кең таралған, шырышты қабаттар мен теріге әсер ететін вирустар тобының жалпы атауы. Вирустың 200-ге жуық түрі белгілі. Олар кемінде 13-і қатерлі ісіктің дамуына әкеледі. АПВ-ға жиі әсер ететін анатомиялық аймақ жатыр мойны болғандықтан, осы ағзаның онкологиялық аурулары әйелдердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Бүгінде аурудың алдын алудың жалғыз жолы – вакцинациялау.

Облысымызда да 2024 жылдың аяғынан бастап адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау қарқынды жүргізілуде.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликова бүгінгі күні өңірімізде 11-13 жас аралығындағы 11 781 қыз бала АПВ-ға қарсы екпемен қамтылғанын айтады.

– Ең бастысы – екпеден кейінгі ауыр жағымсыз реакциялар тіркелген жоқ. Вакцина тек ата-анасының немесе қамқоршыларының жазбаша келісімімен ғана салынады. Бұл – ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес бекітілген талап, – дейді Неили Орынбасарқызы.

Айта кетейік, вакцинацияның толық курсы алты ай аралығымен екі доза түрінде жүргізіледі. Егер 11 жастағы қыз бала екпені өткізіп алған болса, ол 12-13 жасында да қабылдай алады. АПВ-ға қарсы вакцина еліміздің егу күнтізбесіне В гепатитінен кейін екінші болып енгізілді.

Жыл сайын елімізде жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеліп, оның салдарынан 600-ден астам әйел қайтыс болады. Сонымен қатар, АПВ тікішек, қынап, вульва, жыныс мүшесі, ауыз қуысы мен жұтқыншақ қатерлі ісіктерін де тудыруы мүмкін. Ерлер мен әйелдерде бұл вирус анус қатерлі ісігіне де әкеліп соғуы ықтимал.

Сирек кездесетін, бірақ аса қауіпті ауру – қайталанатын респираторлық папилломатоз да АПВ-ның кесірінен туындайды. Бұл жаңа туған нәрестелердің көмейінде (тыныс алу жолдарында) папиллома түзіліп, тыныс алуды қиындатады. Сонымен қатар, вирус тері мен жыныс сүйелдерінің пайда болуына да себеп.

2008 жылы неміс ғалымы, профессор Харальд Зур Хаузен адам папиллома вирусының жатыр мойны қатерлі ісігін тудыратын негізгі фактор екенін ғылыми тұрғыда дәлелдегені үшін Нобель сыйлығымен марапатталды. Ғалымдар зерттеу нәтижесінде АПВ-ға қарсы вакцина жасауды қолға алды. Сөйтіп, алғашқы болып АҚШ пен Аустралия елдері 10 жыл бұрын жасөспірім қыздарға екпе салуды бастап кетті.

Бұл вакциналар алғашқы кезде ақылы түрде жүргізілгенімен, тиімділігі дәлелденіп, өлім-жітім көрсеткіші 70-тен 97 пайызға дейін азайғаны белгілі болды. Қазіргі кезде әлемнің көптеген елдерінде бұл екпе мемлекеттік бағдарламаға енгізілген. Ресми мәліметтерге сәйкес, Австралияда Ұлттық вакцинация бағдарламасы енгізілгеннен кейін 9 жыл өткен соң, 18-35 жас аралығындағы әйелдерде АПВ-ның 4 түрінің таралуы 90 пайыздан астамға айтарлықтай төмендеген.

АҚШ-та 2015-2018 жылдар аралығында әйелдер арасында АПВ-ның 4 түрінің таралуы 14-19 жас аралығындағы әйелдер арасында вакцинацияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 88 пайызға төмен, ал 20-24 жас аралығындағы әйелдер арасында 81 пайызға азайған.

Қазақстанда қолданылып жатқан вакцина – «Гардасил». Оны америкалық «Merck Sharp & Dohme Corp.» компаниясы өндірген. «Гардасил» АПВ-ның 6, 11, 16 және 18 түрлерінен қорғайды. Атап айтқанда, 16 және 18 түрлері жатыр мойны обырының 70 пайызын, ал 6 мен 11 жыныс сүйелдерінің 90 пайызын тудырады. Сонымен қатар, олар жатыр мойны обырына апаратын CIN 1 деңгейіндегі өзгерістердің 9-12 пайыз жағдайына да себеп болады.

Зерттеулер мен клиникалық деректерге сүйенсек, АПВ-ға қарсы вакцина жатыр мойны обырының даму қаупін 70-90 пайызға дейін, тікішек қатерлі ісігінің даму қаупін 77 пайызға дейін, ал жыныс мүшелерінің қатерлі ісігіне шалдығу қаупін 96-99 пайызға дейін төмендетеді.

Яғни, вакцинация – жатыр мойны обырынан қорғанудың ең тиімді жолы. Қазіргі таңда бұл дертке қарсы алдын алу мүмкіндігі бар жалғыз қатерлі ісік түрі – жатыр мойны обыры.

Адам өмірінен бөлек, бұл дерт мемлекетке де, отбасыға да ауыр салмақ салады. Мәселен, жатыр мойны обырының бастапқы І-ІІ кезеңінде бір науқасты емдеу мемлекетке 500 мың теңгеге түссе, кеш анықталған III-IV сатысында бұл шығын 1,5 миллион теңгеге дейін жетеді.

Оған моральдық ауыртпалықты, отбасылық күйзелісті қоссақ, бір аурудың салдары ел өміріне қаншалықты әсер ететінін түсіну қиын емес. Сондықтан бұл дертпен күресте тек емдеумен шектелмей, алдын алу шараларына екпін берген жөн.

Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация – қазіргі медицинадағы ең тиімді әрі дәлелденген профилактикалық шара. Ол тек жатыр мойны обыры емес, басқа да онкологиялық аурулардың алдын алады.

Кез келген ата-ана үшін баласының денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Сондықтан 11 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы екпе салдыру – болашақ денсаулығына жасалған үлкен инвестиция.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар