Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Балаларға арналған SIM-карта – қауіпсіздік кепілі

Балаларға арналған SIM-карта – қауіпсіздік кепілі
Автор
2023-2025 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі кешенді жоспар аясында елімізде бірқатар тың бастамалар қолға алынуда. Солардың бірі – балаларға арналған арнайы SIM-карта енгізу. Бұл бастама, ең алдымен, жеткіншектердің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналық бақылауды күшейту, интернеттегі зиянды контенттен шектеу және баланың қай жерде жүргенін анықтауды жеңілдету мақсатында ұсынылып отыр.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, қазіргі таңда байланыс операторлары мен тиісті мамандар жобаны пысықтап жатыр. Шетелдік тәжірибе де ескерілген. Көптеген елде дәл осындай арнайы SIM-карталар арқылы балаларға арналған интернет сүзгілері қолданылады. Бұл жүйе зиянды, психикасы мен денсаулығына әсер етуі мүмкін контентті шектеуге мүмкіндік береді. Яғни баланың гаджеті арқылы алатын ақпарат ауқымы ата-ана мен мамандар тарапынан сүзгіден өтіп, тек қауіпсіз дүниелермен шектелмек.

Оқу-ағарту министрлігі осы бастама аясында 2018 жылы қабылданған балаларды зиянды ақпараттан қорғау туралы заңнаманы жетілдіру жұмыстарын да қатар жүргізіп жатыр. Ал IT және коммуникациялар жөніндегі тәуелсіз сарапшы Евгений Питолин мұндай тарифті енгізу үшін арнайы заң қажет емес екенін алға тартады. Сарапшының пікірінше, бұл бұрыннан белгілі идея және оны байланыс операторлары техникалық жағынан еш қиындықсыз жүзеге асыра алады. Сарапшы ең бастысы – ұйымдастырушылық, технологиялық және маркетингтік шешімдердің тиімділігінде екенін айтады. Ол үшін Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс операторларымен бірлесе нақты әрі тиімді жоба құруы тиіс. Алайда бұл ведомство қазіргі кезде толыққанды жауап беруге дайын емес. Себебі бастаманың нақты тұжырымдамасын жасап, оны байланыс операторларымен келісу біраз уақытты талап етеді. Демек, балаларға арналған SIM-картаның нақты қай уақытта енгізілетіні әзірге белгісіз күйде қалып отыр.

Сонымен қатар Алматы қаласында бұл идеяның алғашқы пилоттық жобасы іске қосылды. Бас прокуратура TELE2/ALTEL байланыс операторымен бірлесіп SIM KIDS жобасын жүзеге асырды. Бұл SIM-карта автоматты түрде зиянды контентті бұғаттайды, ата-аналарға баланың қосымшалардағы белсенділігін бақылауға мүмкіндік береді және дыбыссыз режимде болса да баламен байланыс орнатуға жол ашады. Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, жоба суицидті насихаттау, порнография, есірткі, онлайн-казино сияқты интернеттегі қатерлерден қорғауға бағытталған. Пилоттық жоба сынақ кезеңінен сәтті өтіп, бүгінде кез келген ниет білдірушіге қолжетімді болып отыр.

«Kazakhstan Kids Online» зерттеуіне сүйенсек, ресми түрде цифрлық өнімдерге 13 жастан бастап рұқсат берілгенімен, бүгінде 9-10 жастағы балалардың 60 пайызында, ал 11-12 жастағылардың 66 пайызында өз атына тіркелген аккаунттары бар. Демек, балалар интернетпен ерте жастан байланыс орнатып, кейде ересек адамдардың өзі зерделей алмайтын кеңістікте күнделікті тіршілік кешіп жүр. Сондықтан қауіпсіздік шараларын ертерек қолға алып, арнайы сүзгілермен жұмыс істеу ата-аналар үшін де, мемлекет үшін де маңызды міндеттердің бірі.

Оқу-ағарту министрлігі қазіргі уақытта сарапшылардың қатысуымен балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы заңға интернет желісіндегі қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында нақты өзгерістер енгізу жұмысын бастап кетті. Жалпы алғанда балаларға арналған арнайы SIM-карта – бүгінгі заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Жаһандық цифрлану үдерісінде жас ұрпақтың санасын жағымсыз ақпараттан сақтап, киберортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір ата-ананың, әрбір ересек адамның ортақ жауапкершілігі.

Бүгінгі бала – ертеңгі ел тірегі. Оның болашағы тек білім мен тәрбиеде ғана емес, қауіпсіз ортада да қалыптасатынын естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан бұл бастама – мемлекеттің балаларға деген шынайы қамқорлығы мен жауапкершілігінің бір көрінісі деуге толық негіз бар.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар