Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Пара емес, пароль «сөйлейтін» заман

Пара емес, пароль «сөйлейтін» заман
Автор
Бір анықтама алу үшін таныс іздеп, «көмектесіп жіберетін адам» табуға тырысатын күндер біртіндеп өткеннің еншісінде қалып барады. Бұрын қарапайым анықтама алу үшін бір мекемеден екінші мекемеге сабылып, кейде амалсыздан «жолын табуға» мәжбүр болатынбыз. Қазір сол құжатты үйде отырып-ақ смартфон арқылы санаулы минутта алуға болады. Бейресми деректер цифрлық жүйеге көшу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендеткенін көрсетеді. Одан бөлек, цифрландыру облыстағы мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда әкімшілік кедергілерді азайтуға ықпал етуде.

Цифрландыру – адам әрекетімен атқарылатын қызметті сандық форматқа көшіру арқылы уақытты үнемдеу және процесті оңтайландыру. Яғни, бұрын бірнеше күнге созылатын, қағазбастылықпен қатар жүретін тірліктер бүгінде интернеттің көмегімен санаулы минутта шешіледі. Қажетті анықтама алу, түрлі төлемдерді жүргізу, сервистік қызметтерге жүгіну – мұның бәрі үйден шықпай-ақ смартфон немесе компьютер арқылы орындалады.

Білім саласында да цифрландырудың игілігін ата-аналар нақты сезініп отыр. Мәселен, баланы балабақша кезегіне қою, мектепке тіркеу немесе өзге білім беру мекемесіне ауыстыру – бұлардың барлығы бұрынғыдай құжат жинап, мекеме аралап жүруді қажет етпейді. Сонымен қатар, электронды күнделік жүйесі арқылы ата-ана баласының бағасын бақылап, оқу үлгерімін уақытында қадағалай алады.

Медицина саласында да жаңашылдықтар өз жемісін беруде. Қазір тұрғындар дәрігер қабылдауына онлайн тіркеле алады, жедел жәрдем шақыру немесе алғашқы диагноз алу сынды қызметтер де электронды форматта қолжетімді. Бұл – тұрғындарға ыңғайлы ғана емес, медициналық ұйымдар үшін де жүктемені азайтып, тиімділікке жол ашады.

Цифрландыру тек әлеуметтік салада ғана емес, экономиканың түрлі секторында да маңызды рөлге ие. Ауылшаруашылығында егіс көлемін есептеу, малдың есебін жүргізу, ауа райын болжау секілді бағыттарда заманауи ІТ шешімдер қолданылып жатыр.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларында да жобаларды тіркеу, жер телімдерін рәсімдеу, тұрғын үй кезегі сынды жұмыстар ашық әрі жылдам жүзеге аса бастады.

Мұнай-газ, энергетика сынды ірі салаларда да цифрлық жүйелер арқылы өндірісті бақылау, жабдықтардың жай-күйін онлайн қадағалау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді кешенді жұмыстар жетілдірілуде. Бұл – ірі кәсіпорындардың шығынын азайтып, тиімділігін арттырып отырған негізгі тетік.

Демек, цифрландыру – бұл жай ғана технология емес, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі, ұзақмерзімді стратегиялық қадам. Ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, адами факторға тәуелділікті азайтып, жемқорлыққа жол бермеудің бірден-бір құралына айналды. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, электронды кезектер мен өтініштер, QR арқылы төлем жасау – мұның бәрі адам мен адам арасындағы делдалдықты шектеп, парақорлыққа жол бермей отыр. Яғни цифрландыру – тек жылдамдық пен ыңғайлылық емес, ең бастысы – әділдік пен ашықтықтың алғышарты.

Тараз қаласының тұрғыны Айдана Маратқызы бұл өзгерісті өмірінен алынған мысалмен баяндайды:

– Бұрын сотталмағандығы туралы немесе АИТВ бойынша тіркеуде жоқ» деген анықтама алу үшін кемі екі-үш мекемеге баратынбыз. Мәселені жылдам шешу үшін таныс іздеу керек сияқты болатын. Ал қазір «Kaspi.kz» қосымшасы арқылы салық төлемін жасап, egov.kz арқылы меншікті тіркеп, құжатты бірнеше минутта рәсімдейміз. Біреуге бірдеңе беру деген ойдан мүлде алыстадық, – дейді Айдана.

Шын мәнінде цифрлық жүйелер кез келген қызметтің нақты алгоритммен жүруіне жол ашып, шенеуніктерге тәуелділікті азайтты. Бұл өз кезегінде пара беру мен алу фактілерінің алдын алуға үлкен үлес қосты. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматқа көшірілген. Бұл тек бюрократияны жойып қана қоймай, сенім мен әділдіктің деңгейін арттыруда.

Алайда, цифрландыру барлық мәселені түбегейлі шешіп тастады деу асығыстық. Ауылдық жерлерде интернеттің әлсіздігі, тұрғындардың цифрлық сауаттылығының төмендігі әлі де өзекті. Қағазбастылық пен адам факторынан толық арылмаған салалар да бар. Демек, цифрлы жүйе қанша жетілсе де, адам санасы өзгермей, жемқорлықтан толық арылу мүмкін емес.

– Иә, қазір техника дамыды. Енді соған сай сана да дамуы керек. Ашық қызмет көрсету үшін тек платформа емес, адал ниет қажет. Кейде қарапайым бір анықтаманың өзін бұрынғы әдетпен алып үйреніп қалғандар әлі де бар, – дейді қоғам белсендісі, Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Батырбек Сарашаев.

Жастар арасында адалдық қағидатын ерте қалыптастыру үшін қолға алынған «Адал ұрпақ» және «Саналы ұрпақ» клубтары – келешекке жасалған маңызды инвестиция. Ұстаздардың айтуынша, бала кішкентайынан «жолын табу» емес, заң бойынша әрекет етуді үйренсе, ертең адал қоғам құру әлдеқайда оңай болмақ.

Цифрлық басқарудың жемқорлықпен күрестегі тиімділігін облыс әкімдігі жобалық кеңсесінің басшысы Гүлпара Тәшенова да нақты мысалдармен түсіндіреді.

– Қазір мемлекеттік органдарда жобалық басқару қағидаттары енгізіліп жатыр. Республика бойынша бірыңғай жобалық басқару жүйесі – Bitrix ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Ұлттық жобалар мен жоспарлар осы жүйе арқылы тапсырмалар мен іс-шараларға бөлініп, нақты уақыт режимінде бақыланады. Бұл – цифрлық жүйе арқылы бюрократияны азайтып, жұмысты ашық жүргізудің жолы. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – превенция бағыты бойынша да арнайы жобалар іске асырылуда. Ең бастысы – бұл жүйеде ешкім ешкімді алдай алмайды. Мысалы, бір нысан үшін жер телімі керек болса, оны «алдым» деп жаба салуға болмайды. Міндетті түрде растайтын құжаттар жүктелуі тиіс. Сондықтан қазіргі іс-шаралар нақты, жүйелі және ашық жүргізіліп жатыр, – дейді Гүлпара Алашбайқызы.

Келешекке көз жүгіртсек, жасанды интеллект, блокчейн, биометрия сынды жаңа технологиялар мемлекеттік қызмет көрсетуді одан әрі әділетті ете түседі. Әрбір әрекет тіркеліп, сақталып, бақыланатын болса – заңсыздыққа жол беру қиындай түседі. Яғни болашақ – адами араласуы жоқ, таза жүйелердің заманы болмақ.

Алайда бар үмітті тек технологияға артқан да дұрыс емес. Цифрлық құрал – тек көмекші. Ал жемқорлықпен күресте басты рөл – адам мен қоғамның жауапкершілігінде. Біз параны емес, парасатты қолдайтын қоғам бола білсек, цифрлық жүйе сол мақсатқа жетудің сенімді көпірі болмақ.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар