
Форумға облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман, білім саласы мен құқық қорғау органдарының басшылары мен мамандары, сот жүйесінің ардагерлері мен қызметкерлері, ардагерлер және аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
Жиынды кіріспе сөзбен ашқан «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали Мемлекет басшысының бастамасын қолдау мақсатында ұйымдастырылған жиынның маңызына тоқталды.
– Жалпы «Анаға тағзым» орталығы мен Аналар кеңесі қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алу бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл бастамалар ел Президенті атап көрсеткен бес әлеуметтік кеселге – тұрмыстық зорлық-зомбылық, есірткіге тәуелділік, құмар ойын, вандализм және ысырапшылдыққа қарсы күресті мақсат етеді. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері бойынша Алматы облысы көш бастап тұрса, Түркістан облысы екінші орында, ал үшінші орын өкінішке қарай біздің өңірге тиесілі. Сондай-ақ балалар арасындағы суицид көрсеткіші бойынша облысымыз республикада екінші орында тұр. Бұл – мақтанарлық емес, керісінше, баршамыздың көңілімізге қаяу түсіретін ауыр статистика. Қоғамды алаңдатып отырған мәселенің алдын алу мақсатында барлық тиісті құрылымдар мен қоғам белсенділері шамасы келгенше жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы бағытта қолға алынған тың жобалардың бірі – «Салауатты сана» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан вандализмге қарсы «Барыңды бағала» атты әлеуметтік бастама. Аналар кеңесінің бастамасымен жүзеге асып жатқан жоба жуырда Алматы облысының Қапшағай қаласында өткен кеңесте жоғары бағаға ие болды. Онда облысымыздың тәжірибесі өзгелерге үлгі ретінде ұсынылды. Бұл жобамыз елдік деңгейде кеңінен қолдау тауып, басқа өңірлерге де тарату жоспарланып отыр, – деді Эльмира Инаятқызы.
Келесі кезекте сөз алған облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман заңға бағыну азаматтық қоғамның ең маңызды тірегі екенін атап өтті. Жастарға дұрыс құқықтық бағдар беру бүгінгі мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін жеткізді.
– Қоғамда тәртіп пен заңға бағыну – әрбір азаматтың ішкі мәдениетінің көрінісі. Тәртіп – тек сыртқы бақылаумен емес, адамның өзін-өзі ұстауымен өлшенеді. Мәселен, көшеде қоқыс тастамау, өзгеге дауыс көтермеу немесе өз орныңды білу, бәрі-бәрі ішкі жауапкершілікке байланысты. Мұндай әдет бала кезден қалыптасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында да заң мен тәртіпке, адалдық пен азаматтық ұстанымға баса мән береді. Болашақта саналы, білімді, зиялы ұрпақ тәрбиелеу – тәртіптен басталады. Әрбір адамның жеке тәртібі – қоғам тәртібінің іргетасы, – деді Хамит Ерболатұлы.
Жиында сот жүйесінің ардагері Уәлиға Қайманова бала тәрбиесіндегі құқықтық білімнің маңыздылығына тоқталды. Балаларға құқықтық сауаттылықты кішкентай кезден үйрету қажеттігін айтқан Уәлима Қайманқызы қазіргі таңда балаларға арналған құқықтық энциклопедия жазып жатқанын тілге тиек етті.
«Алдын алу – тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік тетігі» тақырыбында баяндама жасаған облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың себеп-салдарына тоқталды.
– 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында облысымызда 121 суицид дерегі тіркелді. Оның 13-і кәмелетке толмағандарға тиесілі. Оның ішінде 8 жағдай өліммен аяқталған. Суицидтің алдын алу үшін отбасы, мектеп, медицина саласының мамандары мен құқық қорғау органдары бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Десе де ортақ еңбектің нәтижесінде кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 40-тан 26-ға төмендеді. Профилактикалық шаралар аясында «Жасөспірім», «Қауіпсіз мектеп», «Түнгі қаладағы балалар» жобалары жүзеге асуда. Қазір 380 жасөспірім мен 312 қолайсыз отбасы полиция есебінде тұр. 16 жас арнайы мектепке, 82-сі бейімдеу орталығына жіберілді, 53 ата-ана құқығынан айырылды. Жыл басынан бері ата-аналарға қатысты 623, ал түнгі уақытта балаларын жалғыз қалдырғаны үшін 4 194 әкімшілік іс қозғалды. 142 мекеме иесі де жауапқа тартылды. Бала амандығы – баршаға ортақ жауапкершілік, –деді Бауыржан Дәулетханұлы.
Прокуратура ардагері Күлзипа Бекбауқызы «Құқықтық мәдениет – қоғамдық сананың айнасы» деген тақырыпта мазмұнды баяндама жасап, құқықтық мәдениетті қалыптастыруда мемлекет пен қоғамның әр мүшесінің жауапкершілігіне тоқталып, бұл тұжырымдама жастарға құқықтық бағыт беру үшін таптырмас құрал екенін айтты.
Басқосудың қорытындысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер негізінде облыс көлемінде кешенді құқықтық-ағартушылық жұмыс жүргізу туралы шешім қабылданды.
Атап айтқанда, 2025-2026 оқу жылында барлық қалалық, аудандық мектептерде, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждерде TED-X форматында арнайы кездесулер өткізу жоспарланды.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ