
Бұл жұмыс аталған өңірлерде азаматтық қоғамның дамуына серпін беріп, тұрғындардың қоғамдық үдерістерге белсенді араласуына ықпал етуді мақсат етеді. Жоба шеңберінде адам құқықтарын қорғау, азаматтық белсенділік және жергілікті өзін-өзі басқару бағытында қазақ тілінде оқыту модулі әзірленіп, осы арқылы жергілікті тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру көзделген. Аталған 3 облыста қазақтілді ауыл тұрғындарының құқықтық мәдениетін көтеру үшін медиа-ресурстық орталық құру жоспарланған.
Жобаның басты мақсаты – Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы 600 ауыл тұрғынының құқықтық сауатын арттыру мен азаматтық белсенділігін дамытуға арналған қазақ тіліндегі оқыту модульдерін әзірлеп, іске асыру. Бұл мақсатқа жету үшін мамандар мен жобаның серіктестері ауыл тұрғындарына азаматтық белсенділік пен адам құқықтарын қорғауға бағытталған мазмұнды оқыту бағдарламасын дайындайды.
Сонымен қатар жобаның онлайн медиа-контентін әзірлеу және тарату арқылы аталған 3 облыстағы кемінде 5000 ауыл тұрғынының құқықтық мәдениетін, ақпараттық сауаттылығын және қоғамдық санасын арттыру жоспарда бар.
Сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың өзекті мәселелерін көтеруге және оларды қазақ тілінде жариялауға бағытталған тәуелсіз медиа жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобаның аясында дайындалатын медиа-контент кемінде 5000 адамды қамтиды деп көзделіп отыр.
Осы жылдың 30 қыркүйегіне дейін Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында жергілікті тұрғындардың сыни ойлауын, сондай-ақ цифрлық және құқықтық сауаттылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Жоба аясында 26 маусым күні Тараз қаласында алғашқы тренинг өтіп, түрлі әлеуметтік топтар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және адам құқықтарын қорғауға бағытталған нақты, практикалық білім берілді. Қатысушылар өздерінің әлеуметтік жағдайлары мен мәртебесіне сай пайдалы ақпараттар алып, құқықтарын білу мен қорғаудың жолдарын үйренді. Тренингке бюджеттік сала қызметкерлері, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыз азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер, жастар, көпбалалы аналар, әлеуметтік осал топтар, кәсіпкерлер, әлеуметтік кәсіпкерлер, құқық қорғау және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері қатысты.
Балжан АБДУЛЛАЕВА,
жобаның облыс бойынша координаторы,
«Phoenix» Адам құқықтары жөніндегі қоғамдық бірлестігінің төрайымы