
Өнер сайысына барлығы 16 үміткер қатысты. Жас күйшілердің өнеріне «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева, Мәдениет саласының үздігі Төрехан Көрпебаев және Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің музыка бөлімінің оқытушысы Гүлвира Қосмұратова әділ бағасын берді.
Сайыс шартына сай қатысушылар жергілікті күйшілердің күйлері мен еркін тақырыпта тағы бір шығарманы нақышына келтіре орындады. Атап айтсақ, байқауға қатысқан күйшілер Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», Дәулеткерейдің «Жеңгем сүйер», Қазанғаптың «Ақ желең», Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны», Әбдімомын Желдібаевтің «Ерке сылқым», Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» және халық күйі «Тепеңкөк», «Салкүрең» секілді қазақ халқының шоқтығы биік туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Қазылар құрамының шешімімен байқаудың бас жүлдесі «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігінің мүшесі Ариф Шамсутдиновке бұйырды. Айта кетейік, Ариф республикалық, облыстық өнер додаларында топ жарып көзге түскен күйші. Он екі жасынан бастап қазақтың қара домбырасын жанына серік еткен күйші бүгінгі таңда өзінен кейінгі жас буынға домбыра үйретіп келеді.
Ал «Әулиеата» қазақ-мәдени орталығының мүшесі Нұрғали Бекали жүлделі І орынға лайық деп танылды. «Радонеж» орыс қауымдастығының мүшесі Нелли Баранецкая екінші орынға ие болса, өңірлік «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігі жастар қанатының мүшесі, «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының жүлдегері Даниял Құрбанов пен Меркі аудандық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің үміткері Кемаль Османов жүлделі үшінші орыннан көрінді. Байқауға қатысқан өзге де талантты жастар арнайы алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Толғанай АТАБАЙ,
«Қоғамдық келісім» мекемесінің
жетекші-сарапшысы