Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мемлекеттік тіл – әділдік алаңының негізі

Мемлекеттік тіл – әділдік алаңының негізі
Автор
Қазақстан Республикасының Конституциясы қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беріп, оны елдің басты тілі ретінде бекітті. Бұл – барша азаматқа ортақ жауапкершілік жүктейтін маңызды қағида. Әсіресе, құқық қорғау саласы мен сот құрылымындағы қызметкерлер үшін бұл талаптың мәні ерекше.

Сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілдің орны зор. Ол – әділ сот төрелігін қамтамасыз ететін басты тетік. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңда әрбір адамның сот процесіне өз ана тілінде қатысуға және құжаттарды сол тілде ұсынуға толық құқығы бар екендігі нақты көрсетілген. Бұл құқықтың толыққанды іске асуы – сот мамандарының тіл меңгеру деңгейі мен кәсіби даярлығына байланысты.

Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында біршама ілгерілеушілік байқалады. Бұл өзгерістер сот жүйесін де айналып өткен жоқ. Мәселен, сот іс қағаздарының басым бөлігі қазақ тілінде дайындалуда, электронды құжат айналымы мен ақпарат алмасу жүйелерінде қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келеді, қазақ тілінде өтетін сот процестеріне деген сұраныс артып отыр.

Мемлекеттік тілді жетік меңгерген сот өкілдері – халыққа жақын әділдік жүйесінің айқын көрінісі. Өз тілінде сөйлейтін сот алдында азамат өзін сенімді сезінеді, қорықпай ойын ашық жеткізеді. Тіл тек құрал ғана емес, ол – сенім мен түсіністіктің алтын көпірі. Сондықтан сот жүйесінде мемлекеттік тілді дамыту тек міндет емес, бұл – халық пен билік арасындағы байланысты бекемдейтін рухани негіз.

Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің сот саласында кеңінен қолданылуы – заман талабы. Біз, құқық саласында еңбек етіп жүрген азаматтар, бұл бағыттағы жұмыстарға белсене атсалысып, мемлекеттік тілді күнделікті қызметіміздің басты бөлігіне айналдыруға ниеттіміз. Өйткені тілге деген құрмет – елге деген құрмет.

Айнур РАЗДЫКОВА,
Тараз қалалық сотының судьясы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар