Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Зағип жандар да ас әзірлей алады

Зағип жандар да ас әзірлей алады
Автор
Ас әзірлеуді әр адам бірдей ұната бермейді. Көпшілік үшін тамақ дайындау уақыт пен күш-жігерді талап ететін күнделікті күйбең жұмыс. Ал көзі көрмейтін немесе көруі нашар жандар үшін ас үйдегі әрекет одан да күрделі, жауапкершілігі жоғары іс саналады. Осыны ескерген облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана «Tiflo Асхана» жобасын жүзеге асырып келеді. Жобаның басты мақсаты – қатысушыларға ас дайындаудың негізгі тәсілдерін үйретіп, тұрмыста өз бетінше әрекет етуге бейімдеу.

Бағдарлама аясында аспаздық өнерді меңгерген, тәжірибесі мол аға буын өкілдері жастарға бағыт-бағдар беріп, өз білгенін үйретуде. Олар тағам әзірлеудің қарапайым әдістерінен бастап қауіпсіздік ережелеріне дейін түсіндіріп, іс жүзінде көрсетеді. Мұндай сабақтар жас қатысушылардың сенімін арттырып, күнделікті өмірде еркін қимылдауына жол ашады.

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының деректеріне сүйенсек, өңірде көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар 700-ге жуық адам тұрады. Олардың басым бөлігі аталған облыстық кітапханаға немесе аудандық бөлімшелердегі арнайы залдарға барып тұрады. Мұнда оларға қолжетімді әдебиеттер ұсынылып қана қоймай, қоғамға бейімделуіне де барынша қолдау көрсетіледі.

– Көруі нашар адамның жанында әрдайым көмек беретін кісі бола бермейді. Кейде ата-анасы жұмыста, бауырлары сабақта немесе өзге тірлікпен сыртта жүреді. Сондай кезде ол үйде жалғыз қалады. Осындай сәттерде қарапайым шай қайнатудың өзі қиындық туғызады, тіпті жеңіл тағам дайындауға да батылы жетпей жатады. Бұл адамға рухани жағынан да салмақ түсіреді. Сондықтан біз шәкірттерімізді тұрмыста өзіне-өзі қызмет ете алатын деңгейге жеткізуді мақсат етеміз. Оларға күнделікті өмірде қажет негізгі аспаздық машықтарды үйретіп, өзіне сенімді болуға баулимыз. Ең бастысы, ешкімге тәуелді болмай, еркін әрекет етуіне жол ашқымыз келеді, – дейді кітапхана директоры Жанна Алшынбаева.

Кітапхана директорының сөзінше, жоба аясында қатысушыларға қолайлы ыдыс аяқ пен тұрмыстық техниканы іріктеу жөнінде міндетті түрде кеңес беріледі. Мәселен, көкөністер домалап кетпеуі үшін жиегі бар турау тақтайшаларын қолданған дұрыс екен. Ал жаңадан үйреніп жүргендерге қорғанышы бар пышақ таңдаған жөн. Ас үй таразылары мен термометрлер бедерлі белгісі немесе дыбыстық ескертуі бар үлгіде болғаны тиімді.

«Tiflo Асхана» жобасына 12 жастан асқан көру қабілеті бұзылған балалар қатысатындықтан, сабақ барысында олардың жас ерекшелігі ескеріледі. Кездесулер айына екі рет өткізіледі. Қазір кіші қатысушылар салат секілді жеңіл тағамдарды дайындап жүр, ал алдағы уақытта күрделірек ас мәзіріне көшу жоспарланған. Жоба бірнеше жылдан бері нәтижелі жүзеге асып келеді.

Көруі қабілеті бұзылған балалар үшін туыстар мен ересектердің қолдауы айрықша маңызды. Тағам дайындау барысының қыр-сырын ұғыну үшін оны сезініп көру қажет. Зағип аспаздар көбіне иіс сезу, сипап байқау, дәмін тату және дыбысты аңғару тәсілдеріне сүйенеді.

Тағам дайындау зағип жандарға тек тұрмыстық дербестік әкеліп қоймайды, олардың қоғамға бейімделуінің маңызды бөлігіне айналады. Ол өзіне деген сенімді күшейтеді, жауапкершілікті қалыптастырады және жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар