Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ерекше балаларға тең мүмкіндік

Ерекше балаларға тең мүмкіндік
Автор
Аутизм спектрінің бұзылысы бар балалардың үлесі жыл сайын көбейіп келеді. 2018 жылы Қазақстанға келген америкалық практик-маман Кэрол Роксбург сол уақыттың өзінде аутизм спектрінің бұзылысы (АСБ) әлемде әрбір елу тоғызыншы балада кездесетінін айтып, бұл көрсеткіштің тоқтаусыз өсіп жатқаны туралы ескерткен болатын. Содан бері 8 жыл уақыт өтсе де, бұзылысы бар балалар саны кеміген жоқ, керісінше, өсу тенденциясы байқалуда.

Өткен жылдың наурыз айында Денсаулық сақтау министрлігі елімізде аутизм дертіне шалдыққан балалардың саны күрт артып бара жатқанын айтып, дабыл қаққан болатын. Ведомство жариялаған ресми мәліметтер әр өңірдегі жағдайдың күрделі екенін көрсетті. Оның ішінде біздің өңірде 635 өреннің осы дертпен бетпе-бет келіп, күнделікті күрес жүргізіп жатқаны белгілі болды.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің айтуынша, өңірде ерекше қажеттіліктері бар балаларға жүйелі түрде қолдау көрсетілуде. Қазіргі уақытта өрендер үшін медициналық көмекпен қатар оңалту қызметтері де қолжетімді.

– Арнайы мамандардың қатысуымен тексерулер өткізіліп, жеке даму ерекшеліктеріне сай емдеу және сауықтыру шаралары ұйымдастырылып тұрады. Сонымен бірге ата-аналарға кеңес беру, психологиялық сүйемелдеу жұмыстары да жолға қойылған. Кезең-кезеңімен оңалту орталықтары ашылып, аутизммен күресіп жүрген балаларға кешенді көмек көрсету мүмкіндігі кеңеюде. Оның ішінде «Samruk Kazyna Trust» корпоративтік қоры мен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы облыстағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға тұрақты түрде қолдау көрсетуде. Қордың қатысуымен оңалту және қолдау бағытында нысандар ашылып, арнайы қызмет түрлері іске қосылуда. Айталық, 2020 жылдан 2025 жылға дейін өңірде жалпы құны 1,75 миллиард теңгені құрайтын 17 әлеуметтік жоба жүзеге асты. Бұл бастамалардың нәтижесінде бірқатар маңызды нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында Тараз қаласында аутизмі бар балаларға арналған оңалту және ерте қолдау орталықтары, Шу қаласындағы оңалту орталығы, Әлжан ана ауылындағы спорт кешені және тұрғындар игілігі үшін жұмыс істеп тұрған басқа да әлеуметтік орындар бар. Қазір бұл мекемелерге сұраныс жоғары, халық тұрақты түрде қызмет алып отыр. Мұндай жобалар өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтып, қызметтерге қолжетімділікті кеңейтеді. Соның нәтижесінде аймақтың дамуына серпін беретін жаңа бастамалар көбейіп, тұрғындардың өмір сапасы жақсарып келеді. Өңіріміздегі аутизмге арналған мекемелердің бірі ретінде «Қамқорлық» оңалту орталығын атап өтуге болады. Әлеуметтік нысан 6 жылдан бері ана мен балаға қолдау көрсетіп, қанша көңілге сенім мен үміт ұялатуда. Өңірде балаларға сапалы әрі кешенді оңалту көмегін көрсетіп келе жатқан бұл мекеменің орны бөлек. Балаларға медициналық және педагогикалық көмектің барлық түрі кешенді түрде көрсетіледі. Дәрігерлік оңалту, емдік денешынықтыру, физиотерапия, логопедиялық және дефектологиялық қолдау, эрготерапия жұмыстары бір бағдарлама аясында жүргізіледі. Әр балаға жеке оңалту жоспары әзірленеді. Осы жылдар ішінде орталықта 10 мыңға жуық бала оңалтудан өткен. Соның ішінде 400-ден аса өренде сөйлеу дағдылары қалыптасып, әлеуметтік бейімделудің маңызды кезеңінен сәтті өтті. Орталыққа 5-18 жас аралығындағы денсаулығында ақауы бар балалар тұрғылықты жері бойынша емханалар жолдамасы негізінде қабылданады, – дейді басқарма басшысы.

Тараз қаласында аутизм дертімен күресіп жүрген аналар мен балаларға үміт сыйлап келе жатқан мекемелердің бірі – «Асыл Мирас» оңалту орталығы. Орталық жақында ғана 4 жылдық мерейтойын атап өтті. Ұйым «Болат Өтемұратов» қорының қолдауымен ашылған. Осы уақыт аралығында өңірдегі көптеген отбасыға қолдау көрсетіп, өрендердің дамуына ықпал етуде. Орталықтың директоры – педагог-психолог Эльнура Тортаева.

Орталық қолданылатын тәсілдер ғылыми тәжірибеге сүйенген және Калифорния университеті мен АҚШ-тың Атланта қаласындағы «Marcus Autism Center» мамандарымен бірлесіп әзірленген. Толық оқу кезеңі үш айға созылады.

– Емдік бағдарламалар ішінде аутизм спектрі бұзылысы бар кішкентай жастағы балаларға арналған «ерте қолдау» бағыты ерекше орын алады. Бұл бағдарлама негізгі дағдыларды дер кезінде қалыптастырудағы маңызы зор. Ал «Өмірлік дағдылар» бағдарламасы балаларды күнделікті тұрмыста қолданылатын әрекеттерді өз бетінше орындауға баулиды. «Jasper» әдістемесіне негізделген сөйлеу дағдыларын дамыту бағдарламасының да орны бөлек. Бұл тәсіл тілдік белсенділікті арттырып, қарым-қатынас жасау қабілетін күшейтуге оң әсерін тигізіп отыр. Бұдан бөлек әлеуметтік дағдыларды дамыту бағыты бар. Осы сабақтар арқылы балалардың ортамен байланыс орнатуы, өзара әрекеттесуі және қоғамға бейімделуі қалыптасады. Сонымен бірге қарқынды оқыту курстары жүргізіледі. Мамандар аталған бағдарламалардың барлығын тәжірибеде жүйелі қолданып, оң нәтижеге қол жеткізіп жүр, – дейді Э.Тортаева.

Орталық жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Таяуда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасы бойынша оқып жүрген шетелдік магистранттар академиялық күнтізбеге сәйкес осы орталықта өндірістік тәжірибеден өтіпті. Практикант студенттер әлеуметтік мекемеде емделушілермен жұмыс істеудің психологиялық және педагогикалық тәсілдерін меңгеріп қайтыпты.

Кейбір ата аналар балалардағы аутизм белгілерінің көбеюін смартфонды тым ерте қолдануымен және әр тілдегі мультфильмдерді шектен тыс көруімен байланыстырып жатады. Дегенмен бала дамуында кідіріс не ерекшелік байқалса, отбасылар алдымен невропатолог, психолог, логопед сияқты мамандардың көмегіне жүгінеді.

Мамандардың айтуынша, оңалту жұмысы тиімді болуы үшін баламен өткізілетін сабақ жеткіліксіз. Бұл үдеріске бүкіл отбасының белсенді қатысуы маңызды. Ерекше баламен дұрыс қарым-қатынас жасау, күнделікті үй жағдайында да дамыту жаттығуларын жалғастыру үлкен рөл атқарады. Кей ата-аналар арнайы курстарға жазылып, шетелдік сарапшылардан кеңес алып жатады. Бірі баласына барынша жағдай жасауды көздесе, енді бірі тығырықтан шығар жол іздейді. Бірақ мұндай қызмет түрлері барлық отбасыға бірдей қолжетімді бола бермейді. Қаржылық және ақпараттық ресурс әртүрлі. Сондықтан соңғы жылдары облысымыздың аудандарында да ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған түзету және оңалту орталықтары ашылып жатыр.

Сондай орталықтардың бірі – Шу қаласында ашылған «Тілашар түзету және дамыту» мекемесі. Орталық жұмысын бастағанына көп уақыт өтпесе де, ата-аналардың сеніміне ие болып үлгерген. Бұрын шулық тұрғындар отбасылар шипа іздеп басқа қалаларға қатынап, уақыт пен қаражат жұмсап, ұзақ кезек күтетін. Ал жаңа орталықтың ашылуы бұл қиындықты едәуір жеңілдеткен. Қазір мұнда 36 бала тұрақты түрде сабақ оқып жүр. Бірнеше айдың ішінде олардың қарым-қатынасы жақсарып, ортаға икемі артып, мінезінде де оң өзгерістер байқала бастаған.

Орталық жетекшісі Махаббат Сәрсенқызының сөзіне сүйенсек, 2 3 жас аралығында баланың психикалық дамуына ерекше назар аудару керек. Осы кезеңде бала қарапайым сұранысын білдіріп, қолына қасық ұстап тамақтанып, өзге балалармен ойнауға талпынуы тиіс.

– Алайда тәжірибеде 5-6 жасқа келсе де сөйлемейтін, өзіне қызмет көрсете алмайтын балалар кездеседі. Соған қарамастан аз уақыт ішіндегі шағын алға жылжудың өзі ата-ана мен мамандарға зор қуаныш сыйлайды. Мұндай сәттер мамандар еңбегінің өтеуіндей өзімізді де қуантады. Біздің қызметкерлер білімін тұрақты жетілдіріп, тәжірибелі әріптестермен бірлесіп жұмыс істейді. Мәселен, орталықтағы сенсорлық терапевт, дефектолог Гүлназ Бейсенбаева шетелдік әдістерді тәжірибеге енгізген маман, белгілі логопед дефектолог Шолпан Нұрахметованың шәкірті. Орталықта сөйлеу тілі дамымаған балалар бірнеше деңгей бойынша топтастырылады. Әрқайсысына жеке логопедиялық бағдарлама жасалады. Сабақтарда мадақтау, байланыс орнату, сенсорлық ықпалдастыру тәсілдері кеңінен қолданылады, – дейді Махаббат Сәрсенқызы.

Ал Қордай ауданында аутизм спектрі бұзылысы бар балалар саны шамамен 3 мыңға жуық екен. Мемлекет тарапынан ашылған түзету кабинеттері ырғақты жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге соңғы жылдары жеке орталықтар да ашылып, ата-аналардың алғысына бөленуде. Солардың бірі – «Ерекшем» дамыту орталығы.

Орталық жетекшісі Жандос Сансызбай бұл істі жеке өміріндегі ауыр тәжірибеден кейін бастаған. Баласына қойылған диагноз оның өмір бағытын түбегейлі өзгертіпті. Бұрын мүлде басқа салада еңбек еткен ол уақыт өте келе бар күш-жігерін баласының дамуына арнайды. Қазақстан мен шетелдегі түрлі мамандарға жүгініп, әртүрлі әдістерді байқап көреді. Алайда айқын нәтиже жүйелі коррекциялық сабақтарға қатысқан кезде ғана көріне бастайды. Осыдан кейін ол бұл бағытты терең меңгеріп, туған жерде осындай орталық ашуға бел буады.

– Алғашында шағын кабинеттен басталған жұмыс біртіндеп кеңейді. Өз баламмен жүргізілген сабақтар кейін өзге отбасыларға да көмек көрсетуге ұласты. Бүгінде орталықта әр балаға жеке бағдарлама жасалып, нәтижеге бағытталған түзету жұмысы жүргізіледі. Мұнда әр бала жеке тұлға ретінде қаралады, даму жолы да соған сай құрылады. Орталықта мультидисциплинарлық команда қызмет етеді. Мамандар баланың дамуын бір ғана бағытпен емес, кешенді түрде қарайды. Себебі сөйлеудегі тежеліс моторикамен, сенсорлық қабылдаумен немесе бұлшықет тонусымен байланысты болуы мүмкін. Сондықтан бірнеше маманның бірлескен жұмысы ілгерілеуді жылдамдатады.

Жұмыс алдымен скрининг пен бастапқы диагностикадан басталады. Баланың қай тұста қиналатыны анықталып, ата-анамен бірге жеке даму жоспары жасалады. Сабақтар ойын форматында өтеді, қауіпсіз әрі қолайлы орта сақталады. Мамандар өзара байланыста жұмыс істейді, ата аналарға тұрақты кері байланыс беріліп отырады. Кей балаларда алғашқы өзгеріс бірнеше аптада байқалса, өзге пациенттерге көбірек уақыт жұмсалады. Дегенмен жүйелі еңбектің нәтижесі міндетті түрде көрінеді, – деген Жандос Қайратұлы өмірінің мәніне арналған жұмысы бизнес емес, ең алдымен үміт сыйлау жолы екенін жеткізді.

Ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-ана ретінде ол бұл жолдың қаншалықты күрделі екенін жақсы біледі. Сондықтан орталыққа келген әр отбасыға түсіністікпен қарап, қолдау көрсетуге мән беріледі. Балалар сезіну, қимыл, ойын арқылы үйренеді. Әр баламен жеке тәсіл таңдалады. Біріне ойын тиімді болса, біріне құрылым мен тәртіп қажет, енді біріне мотивация мен эмоционалдық қолдау маңызды. Мамандар отандық және шетелдік тренерлерден білім алып, заманауи әдістерді тәжірибеге енгізіп келеді.

Жандос Қайратұлының айтуынша, орталықта қырыққа жуық бала тұрақты көмек алып жүр.

Осындай қолдау шаралары жүйелі жүргізіліп, мемлекет назарында болған кезде аутизм спектрі бұзылысы бар балалар қоғамнан шет қалмайды. Дер кезінде көрсетілген көмек пен түзету жұмыстары олардың ортаға бейімделуіне, білім алып, өз қабілетін ашуына жол ашады. Тұрақты қолдау әр баланың өмір сапасын жақсартуға ықпал етіп отыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар