Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Төртінші билік тұғырынан таймасын

Төртінші билік тұғырынан таймасын
Автор
Тарам-тарам жолдардың бірі оңға, бірі солға, бірі тауға, енді бірі қырға жетелейтіні іспетті әрбір қадамнан әртүрлі оқиға туындап, өрлеп, өршіп, жаңарып, дамып отырады. Әрбір атқан таң, адам жанын нұрға бөлейтіні сияқты әрбір жаңа күн – жаңа леп, жаңа оқиғаның куәсі етеді. Әр күн алға жылжып, әр секунд соққан сайын төрткүл дүниенің төрт бұрышы түрленіп, жаңарып, жасара бермек. Ал сол жаңарған, жасарған жаңалыққа толы дүниені шартарапқа шарықтата жеткізуші маман иесі – бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері екені айдан анық.

Жалпы «Журналистика» термині алғаш рет Францияда пайда болған. Ресейде бұл термин бұрын «журналдар жиынтығы» деген мағынаны білдірген екен. Қазақ тіліне журналистика термині орыс тілі арқылы еніп, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап белсенді қолданысқа ие болды. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында фотография мен кинематографияның пайда болуына байланысты фото және киножурналистика дүниеге келген.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғылым докторы Намазалы Омашев қазақ баспасөз тарихы туралы жазған көлемді мақаласында: «Қазақ баспасөз тарихы 1870 жылы жарық көрген «Түркістан уалаятының газетінен» бастау алады. Десе де, ел зиялыларының қаламгерлік қарымы мен жазбагерлік машығын қалыптастырған басылым ол – «Дала уалаятының газеті» еді. Тұңғыш басылымнан 18 жыл кейін жарық көрген бұл газет айналасына қазақ оқығандарын топтастыра отырып, өз заманының деңгейінде Алаш жұрты үшін өзекті мәселелерді ортаға салатын пікір алаңына айнала алды.

Шынтуайтында, «Түркістан уалаятының газеті» мен «Дала уалаятының газеті» – екеуі де патшалық әкімшіліктің бұйрық-жарлықтары мен қаулы-қарарларын жариялап, отаршыл биліктің заң-закондарын бұратана халыққа жеткізу мақсатымен жарық көрген басылымдар еді. Баспасөздің түп табиғаты, тікелей рөлі сананы ағарту, көкірек көзді оятуға құрылатындықтан теріс мақсат көздегеніне қарамастан, екі баспасөз де өнер-білімге сусап отырған қазақ елінің көкірек көзін ашып, көңіліне сәуле түсіруге қызмет етті. Бұл, әсіресе, «Дала уалаятының газетіне» көбірек қатысты нақты тұжырым деп ұғынған дұрыс.

«Дала уалаятының газеті» қазақ халқының қоғамдық ой-санасының өсуіне, әлеуметтік пікірінің толысуына оң әсерін тигізді. Мәдени-әдеби, экономикалық-шаруашылық құрылыстың көркеюіне үн қосып, бұйығы жұрттың оқу-ағарту ісіне серпін берді. «Дала уалаятының газеті» – қазақ көсемсөзінің қалыптасуының тұтас бір мектебі болды. Онда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Зұлқарнайын Нұралыханов, Сәдуақас Шорманов, Әлихан Бөкейхан, Барлыбек Сыртанов, Райымжан Мәрсеков, Жақып Ақбаев, Отыншы Әлжанов, Қорабай Жапанов, Асылқожа Құрманбаев, Мейрам Жанайдаров, Шерияздан Мәрсеков қатарлы бір шоғыр қаламгерлер әр жылдары қалам тербеді. Олар патшалық цензураның саңлауынан жол таба отырып, көшелі мәселеде қазақты оң бағыт, дұрыс жолға жетектеуге күш салды. Тіс арасынан сыздықтатып болса да күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелерді шешу жолын ұсына білді», деп жазады.

Қазақ журналистикасының ана тілінде пайда болуы, елдің мәдени мұрасындағы, жалпы өркениет дамуындағы ең маңызды кезең болды. Ал ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап радиотехника жетістіктеріне байланысты радиожурналистика, 40-жылдарынан бастап тележурналистика қарқынды дами бастады. ХХ ғасырдың 90-жылдары ақпарат тарату ерекшелігі мен шапшаңдығы жөнінен журналистиканың басқа салаларынан әлдеқайда басым түсетін бүкіләлемдік байланыс торабы – интернет жүйесі пайда болды. Міне, кезең-кезеңімен дамып, өркендеп, өсіп келе жатқан мамандық әлі де сұранысқа ие.

Расында да журналистика – әмбебап мамандық. Журналист бір күні аяқ астынан медицина саласында қалам тербей жөнелсе, ертеңіне-ақ ғарыш айлағын зерттеп жазып отырады. Бірде ғалым, бірде аспазшы, енді бірде ауылшаруашылығында механизатор кейпіне еніп, осындай түрлі саланы, мамандардың еңбегін оқырманға таныту мақсатында қалам сілтейді. Бұл мамандық иесі ұршықша иірілген уақыт иірімі, заман ағымымен біте қайнасып ғұмыр кешеді. Өйткені халыққа уақытында сауатты әрі шынайы ақпарат берілуі керек. Сондықтан журналист қашан да тынымсыз еңбек етуге тиіс. Түрлі дауыл, жауындарға қарамастан оқиғаның ортасында жүріп, қалам мен қағазын қару ретінде пайдаланады. Бойында аспан айналып жерге түссе де диірменнен бүтін түсетін дән секілді мінез, қабілет болуы маңызды.

Өмір салмағы кімді қайда тартып кетері беймәлім емес пе? Сол сияқты журналистер де шындық жолында кез келген есікті айқара ашудан арланбайды. Сол сәт «Арқалағаны алтын бола тұра, жегені жантақ екеніне» көзі жете түседі. Сонда да шоқты көсеусіз, жалаң қолмен ұстауына тура келеді. Алақанын қанша жерден шоқ қарып тұрса да, өз көзқарасын өзгертпей, шындықтың алауын тұтатып, жалауын желбірететін өр мінезі оларды бар қиындықтан алып шығады. Сол үшінде қоғамда журналистке ақ пен қараны, жақсы мен жаманды айыратын халық пен биліктің ортасындағы алтын көпір деген баға берілген.

Өзеннің ағысымен ғана жүзіп жүру олардың мамандығына сай келмейді. Сондықтан олар бір сарынды ағыстан тез жериді. Тұрып қалған судың иістеніп кететі сияқты, олардың ісі жаңарумен ғана бітеді. Бұл сала мамандары пісіп-жетілуі, топ жарып, шынайы бейнесін көрсетуі үшін қашан да сенсацияға толы жаңалық қажет. Сондықтан олар өзіне жайлы, оңтайлы тұсты іздемейді, бұғып қалмайды. Журналистің қызметі сонысымен құнды, сонысымен ерекше, сонысымен қадірлі. Қаламы қару, сөзі найза, ойы жебе төртінші билік өкілдерінің қашан да алдаспандай жарқырап жүруі қоғам үшін өте маңызды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар