Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құрметке лайық қаламгер

Құрметке лайық қаламгер
Автор
Жалындаған жиырма жастан асқан шағымда Таластан шыққан бірді-екілі жас ақындармен болған арадағы рухани байланыс мені облыстық «Jambyl» телеарнасының өзім құралпы жас журналистерін бетпе-бет көруіме ебепкер болды. Кіндігім туған жердегі ауыл тіршілігіне байланған мен үшін қаладағы мұндай орта рухани тұрғыда бойыма қатты әсер сыйлайтын. Тіпті теларнаның табалдырығынан аттап, ондағы бір хабарға кейіпкер болып қатысқаным да есімде. Ол кезде облыстық телеарнаны Бекет Момынқұл басқаратын.

Таразға ары кетсе жылына екі-үш рет қана келетіндіктен облыс орталығындағы рухани достардан хабар алу да сирек еді. Бір жолы сол кездегі «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалын Амангелді Момышев басқарып тұрған тұста Бекет ағаға «Арыстан» газетін шығаруға ұсыныс түседі. Содан тілші іздеп, Бекет аға мені шақыртқанын естідім. Қателеспесем бұл 2004-2005 жылдар болуы керек. Сол кезде жақсы танып-білмесе де менің атымды біреулерден естіп, маған таңдау жасағанына әлі күнге қайран қаламын. Өйткені ол кезде менің баспасөз саласында тәжірибем де, жазуға деген ебім де жоқ еді. Бір айдай газет шығаруға талпынып көргенімізбен қаржылық мәселелерге байланысты іс соңына дейін жетпеді. Ауылға қайтарда Бекет аға мені облыстық «Аq jol» газетіне ертіп апарып, сол кездегі жауапты хатшы Қуаныш Ембердиевпен таныстырды. «Облыстық газетке мақала жазып тұрыңдар, Қуаныш ағаларың сендерден ақыл-кеңесін аямайды, тапсырма алып тұрсадар да болады», деп қамқорлық танытқан болатын.

Негізі «Аq jol»-дың табалдырығынан сол күні алғаш рет аттаған едім. Өйткені біз кілең мүйізі қарағайдай журналистер топтасқан облыс баспасөзінің қара шаңырағының табалдырығын аттамақ тұрмақ, есігінен сығалауға именетінбіз. Себебі ауылда жүріп аталған газетті парақтағанда мақаланың қалай жазылатынын пайымдауға өрем жетпейтін. Сондықтан шығар, мен сол кеткеннен мол кеттім. Қуаныш ағаны да қайтып іздеп бармадым, сол мүмкіндікті пайдаланып, сия-сауыттың иісін иіскеп көрмегеніме өзімді іштей кіналап та жүретінмін. Кейін сәті түсіп, Жамбыл аудандық «Шұғыла – Радуга» газетіне тілші болып жұмысқа орналастым. Сол кезде сөз құрауды аудандық газетте жүріп үйрендік. Бекет ағаның да еңбек жолын сол басылымда бастағанын, аудандық газет редакторының орынбасары болып еңбек еткенін білдік. Қуаныш аға облыстық «Аq jol» газетінің редакторлығынан кеткеннен кейін мен облысымыздың ғасырлық жылнамасына айналған ата басылымға жұмысқа тұрдым. Бір қызығы Бекет аға таныстырған Қуаныш ағаның шәкірттерінің бірі мені сол кезде журналистиканың қазанында қайнатты. Ақпарат айдынында қайраңға шығып қалмаудың амалы тұшымды дүние жазу екенін ұқтырды. Сол ортада жүріп ширадық, жазудан жаңылмауға тырыстық.

Менің айтпағым, ойдан екі ауыз өлең құрап, соған «ақынмын» деп малданып жүрген өрімдей кезімізде өзекке теппей өзіне тартып, «қолыңнан жазу келеді» деп қанаттандырған ағаның бірі – Бекет аға еді.

Бекет Момынқұл негізінде орыс тілді журналист. Бірақ өз тарихымызға, төл әдебиетімізге келгенде ойы мен білімі озық, қазақы болмысымызға келгенде көңілі алабөтен екені айқын сезілетін. Жастайынан орысша сауат ашып, орыс тілді газетте еңбек еткенімен батыр Бауыржан Момышұлының немере інісі ретінде оның тәрбиесін көру Бекет ағаны ұлттық тамырынан ажыратпаса керек. Әйтпесе сол кісінің заманында орысша тәрбие алғандардың талайы қазір қайдан шыққанын ұмытып қалғанын жасырып қайтеміз.

Жазушылар одағының мүшесі, аудармашы, қаламы қарымды журналист, қоғам қайраткері Бекет Момынқұлдың атқарған қызметі, жүріп өткен еңбек жолы қай-қайсымызға да үлкен өнеге. Жамбыл ауданында еңбек жолын бастап, кейін 1984 жылы партия комитетінде нұсқаушы болып, бір жылдан соң Байзақ аудандық газетінің тізгінін ұстады. 1985 жылы облыстық партия комитетіне нұсқаушы, 1991 жылы облыстық «Знамя труда» газетіне редактордың орынбасары, 1997 жылы осы газеттің редакторы болып тағайындалды. Арасында облыс әкімі аппаратында бір жылдай бөлім басқарғаны да бар. Жауапкершілігі мол сала маманына облыстық «Jambyl» телеарнасы директорының орынбасары болу, ал 2003 жылы телеарна директорлығы қызметі сеніп тапсырылды. 2009 жылы қайтадан «Знамя труда» газетіне редактордың орынбасары, кейін редакторы болып жемісті еңбек етіп, сол жерден зейнетке шықты.

Көрнекті қаламгер, ардагер тележурналист Бекет Момынқұл биыл мерейлі 70 жасқа толғаны баршаға аян. Өзінен кейінгілерге іші жылып, қажет болса қамқорлық таныта білетін ағаның еңбек жолы – абыройға толы. Атақ-даңқ, марапаттан да кенде емес. Мысалы, жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденін алды. Сала майталманына берілген әділ баға осындай болса керек

Әріптесімізді лайықты марапатымен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс пен зор денсаулық тілейміз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар