Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әлдихан ағай әкеміздей қамқор болды

Әлдихан ағай әкеміздей қамқор болды
Автор
Әр сәттілікке бір жағдайдың себеп болатыны бар. Әпкем Асыл Қартабаева екеуміздің облыстық «Ар-Ай» жастар газетіне жұмысқа қабылдануымызға ықпал еткен өңірге белгілі фототілші Алтынбек Қартабай ағамыз. Ол кісіге газеттің алғашқы бас редакторы Болат Бекжанов ағай осындай мамандар керек деп өтінсе керек.

Жастар газетін жарыққа шығаруға байланысты жұмыстар 2005 жылдың шілде айынан бастап жүргізілді.  Мен ол кезде 16 жасқа толмаған едім. Жұмысқа деген  қызығушылығым болар,  істеп те кеттім. Сол шілдеден жұмыс істегендер арасында Телғара Үсенбайұлы, Бақытжан Оспанов, Марат Құлибаев, Азамат Есалы ағалар бар. Алғаш газеттің арнайы ғимараты да болған жоқ. Облыс әкімдігі алдындағы жайлы орындықтарға жайғасып алып, газеттің алғашқы нөмірлерін жоспарлаушы едік. Әрине, жиынды басқаратын, тапсырма беретін бас редактор Болат Үмбетәліұлы.  2005 жылдың тамыз айынан бастап Ә.Әйтиев көшесіндегі ғимараттан жастар газеті үшін бөлмелер берілді. Орналастық. Осы кезден бас есепші Бақыт Төлегенова апай жұмысқа кірісті. 19 жастағы Хамит Есаман сынақ мерзімімен жұмыста жүрді.  Дегенмен, біраз кедергілер болып  газеттің алғашқы нөмірі 13 қазан күні шыққаны белгілі.  Сол кезден бастап Есет Досалы ағамыз жұмысқа қабылданды. Басылым 2005 жылдың соңына дейін 5 мың дана таралыммен облыс аумағына тегін таратылды. Ол үшін сол кездегі ішкі саясат департаментінен  қаражат бөлінген шығар.

Әуелі мен бірнеше ай теруші болып істедім. Сонан соң бас беттеуші Асыл Қартабаевадан газет жасауды үйреніп, беттеуші болып ауыстым. Жұмыс оңай болған жоқ. Себебі, бәріміз газет шығару ісіне алғаш рет кіріскендерміз. Бірақ, жұмысымызға қызығамыз, жақсы көреміз. Газетті шығара жүріп кейінірек шыңдалдық. Басында тыныс белгілерді дұрыс қоя алмаушы едім. Бас редактор Болат ағай: «Динара, бір - ақ рет айтамын. Содан соң қайталатпа» деді. Қорыққаным сонша, тыныс белгілерді  аз күнде жаттап алдым. Газет баспаханаға түн жарымында жіберілетін. Соған дейін бәріміз жұмыста жүреміз. Бірақ, ешкім қабақ шытпайды. Бәрі өз жұмысынан ләззат алатын.

Жасыратыны жоқ, кейде қате кетіп жататын. Бір жолы облыстық «Аq jol» газетін ұзақ жыл басқарған үш бас редактор туралы көлемді мақала жарияланды. Олар – Баттал Жаңабайұлы, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев. Аға газетті басқарған үш кісінің жақсы суреттерін де бердік. Болат Үмбетәліұлы тақырыбына дейін мән берді. «Үш жетекші, үш редактор, үш таған!» деп айқайлатты. Қырсыққанда тақырып: «Үш жетекші, үш редактор, үш тағам» болып қате кеткені. Ертеңіне лездеме. Лездемеде бас редактор Болат Бекжанов бәріміздің сазайымызды берді. Бәріміздің басымыз төмен салдыраған күн болып еді. Сондай сәттерден сабақ алдық, шыңдалдық.

2005 жылдың 30 желтоқсаны күні жаңажылдық нөмірді таңата шығарып біттік. Біз таң ата үйге қайтып бара жатқанда, қала тұрғындары оянып, көшеде қозғалыс пайда бола бастап еді.

2006 жылдан бастап белгілі жазушы Әлдихан Қалдыбаев ағаймен бірге жұмыс істедік. Жұмыс болған соң әртүрлі жағдай орын алады. Бір жолы газетте кеткен қате үшін кезекші редактормен бірге менің де мәселем редакция алқасында қаралды. Бас редактор ашуланып, тәртіптік шара қолданбай болмайтынын баса айтты. «Динараны жұмыста қалдырайық, кешірейік» деп алқа мүшелері Шолпан Бөгенбаева, Есет Досалы ұсыныс айтты. Басқасы үнсіз. Бас редактор да жібиін деді. Әлгі редакция алқасынан ызаланып шығып, орнымда көңілсіз отырдым. Қасыма сол кезде Әлдихан Қалдыбаев ағай  келіп жұбатты. «Қызым, сабыр ет. Жұмыс болған соң қателік болады. Өмірдің ұзақ жылдарында мұндай сынақтың талайын көресің. Шыдамды бол. Бәрі жақсы болады» деді әкемдей жылы сөйлеп. Бәрімізге әкедей қамқор болған кісінің жұбату сөзіне көңілім босап, жылап жібердім. Дегенмен мен бас редактор Болат ағайдың көп жақсылығын көрдім. Арада уақыт өткенде бас беттеуші болдым. 2010 жылы Астана қаласына ауысқанша аталған жастар газетінде еңбек еттім. Еліміздің бас қаласында да «Вечерная Астана» газетінде, баспаларда жұмыс істедім. «Aр-Ай» жастар   газетінде жинаған тәжірибем сол ұжымдарда сапалы жұмыс істеуіме жол ашты.

 Дәл қазір Әлдихан, Болат ағайлар ортамызда болғанда ғой деп армандаймын.  «Ар-Ай» газетіндегі жылдарды ерекше сағынышпен еске аламын.

          Динара Естаева,
облыстық «AR-AI» жастар газетінің
2005-2010 жылдардағы теруші,
бас  беттеушісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар