
Тіршілікте армансыз пенде болмайды. Біздің де жөні түзу қаламгер болсақ, кітап жазсақ деген арман-мақсатымыз болды. Әрі әдебиет пәнінен сабақ беретін мұғалім болсаң тіпті ғажап. Үйдегілер ылғи да ауылға барып, мұғалім болуымды қалайтын. Бәріміз де ауылда өстік, ауыл деген алтын бесік, бірақ қаланың да жөні бір басқа. Қалада жүріп жұмыс істеген қызық әрі мүмкіндік те мол сияқты көрінетін. Алуан орта бар дегендей. Қысқасы, қалада жүріп мұғалім болсам деп ойлап жүрдім. Арасында газеттерге түрлі тақырыпта мақалалар жазып қоямын деген де жоспар баршылық. Сөйтіп жүргенде, сол кездегі Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының екінші курсында оқып жүрген шақта Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газеті ашылды. «Ақ жол» газеті бұрыннан бар, бұл жерде көбіне үлкен кісілер жұмыс істейтін. Ал, «Ар-Ай» газеті жастарға шынайы шеберлік мектебі болатыны анық еді. Бұл 2005 жылғы 13 қазан болатын. Айта кетейік, сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексембиннің шығармашыл жастарға деген құрметі мен қолдауы еді бұл. Газеттің құрылтайшысы болып саналатын сол уақыттағы ішкі саясат департаментінің басшысы Масат Берік ағамыз да жастардың бетінен қаққан жоқ. Әкімдіктің де, аталған департаменттің де газеттің ішкі шығармашылық жұмысына жөнсіз араласқан кезі болған емес. Көп ұзамай «Ар-Ай» жастар газетінің бас редакторы болып Болат Бекжанов бекітілді. Болат Үмбетәліұлы кезінде облыстық қазақ драма театрын басқарған, облыстық «Ақ жол» газетінде қызмет атқарған, бірнеше кітап жазған қаламгер еді. Ол кісі қызметке келе салысымен қарап отырмай, маңайына талантты жастарды жинады. Бір айға жетпейтін сынақ мерзімінен өткізіп, мені де жұмысқа алды. Сөйтіп, бір күнде «Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің тілшісі» деген куәлік алып, газет қызметкері атанып шыға келдік. Бұл кезде Азамат Есалы, Ерлан Жүніс секілді белгілі ақындар да қызметке қабылданды. Бүгінгі белгілі журналист-блогер Өркен Кенжебек те алғашқылардың қатарында жастар газетіне жұмысқа орналасты. Тағы да басқа жігіттер мен қыздар газет жұмысына қабылданып жатты.
Он тоғыз жастағы бозбалада қандай журналистік тәжірибе болсын. Ақпарат жазамыз деп арнадан ауытқып кеткен кездер аз емес. Мәселе көтереміз деп пәлсапа соғып кете жаздаған сәттер де жиі кездесті. Аптасына бір рет қана шығатын түрлі-түсті газетті бас редактор Болат Бекжанов күніне жүз оқып, мың түзетеді. Ақпарат, мақалаларымыз қып-қызыл шимай. Одан кейінгі ауызша ескертудің өзін есту қиындау еді. Парақтың бос жерлеріне, одан ақ парақтың артына дейін жазылған, түзетілген қателерді тауып, қиыстырып, келістіріп салу деген бір азап жұмыс болатын. «Ақпарат жаза алмайтын қандай адамсыңдар өзі?» деп Болат аға кейде тілшілер отырған кабинетке өзі кіріп келетін. Кейде «Жақсы тақырып – жарты мақала» деп, әрбір мақаланың тақырыбын дұрыс қоюға үйрететін. Әйтеуір, не керек әрбір газет шығатын сәрсенбінің кешінде редакцияда түнімен жүретін едік. Болат Бекжановтың бір қасиеті – газет жұмысы бітпей жатып орынбасарына немесе басқа бір жауапты адамға газетті тастап кетіп қалмайтын. Одан кейін, газет жұмысын бес саусағындай білетіндігі де керемет еді. Бірақ, талап жоғары. Анау-мынау сүйкей салған дүниені нөмірге жібермейді.
Болат Бекжанов біздің бәрімізден үлкен үміт күтті. «Қолында редактордың ұзын қайшы» деп кейде күліп отырып, кейде ұрсып отырып, кейбір мақалаларымызды түзеп, күзеп, адам танымастай етіп беретін. Ол кезде жаспыз. Мен де сол жасы жиырмаға енді ғана жеткен, алып-ұшып тұрған кезім. Кейде түнімен өлең жазып, поэзиямен ауырып, таңертең жұмысқа бара алмай қалатын кездер жиі болатын. Одан бөлек, шабыт буып шалқып кетіп, өлеңнің өртіне балқып кетіп жұмыстан қалып қоятын шақтар да көп еді. Ол газет шығатын, мақала тапсыратын күнің болса тіпті қиын. Мен сол кездері газетке әлемдегі тағдыры қиын ақындар мен жазушылар туралы жиі жазып жүрдім. Бальзак, Эдгар По, Анна Ахматова, Марина Цветаева, Достоевский сияқты ұлы тұлғалардың шынайы тағдырымен сонда ұшырасқанмын. Редакторым осы бір ізденістерім үшін кейде көтермелеп бағалап қоятын. Ал, әлгіндей келмей қалған күндері сыбап алатын. Бұл жерде Болат Бекжанов ағамыздың кең жүректі, кешірімшіл кісі болғанын айтып өту керек. Басқа бір басшылар немесе басшының образына кіріп алған біреу болса, аямайтыны анық. Әрине, біздің нөмірге беремін деп бермей кеткен бір мақаламыздан газет шықпай қалмайды.
Бір күні мынандай жағдай болды. Түске дейін жұмысқа келе алмай, не жоспарланған мақаланы газетке бере алмай, ұнжырғам түсті. Түс қайта мені бас редактор шақырды. Бардым. Себебін сұрады, айтқан жоқпын. Түсініктеме жаздырды. Артынан сөгіс беремін деді. Мейлі дедім. Шығып кеткенмін. Ертеңіне таңертең қайта шақырды. Кешегі менің түсініктемемді майдалап жыртып, үстелдің үстіне үйіп қойыпты. «Мен сендерді дұрыс қалыптассын, жауапкершілікті сезінсін деймін» деп, біраз әңгіме айтты. Қазіргідей таза көңіл мен шынайы ниет көп адамдарда жетіспей тұрғанда, Болат ағаның адамгершілігін, ақ көңілін жиі еске алып тұрамыз.
Газетте «Біздің мінбер» деген арнайы сұхбат айдары болатын. Аталған айдарға елімізге белгілі адамдардан сұхбат алу бәрімізге жүктелген. Сол жылдары өзім Алматы қаласына іссапармен арнайы барып, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Шаханов, Ұлықбек Есдәулет бастаған кілең классиктерден сұхбаттар алып келгенмін. Бұл сұхбаттар газеттің сол жылдардағы нөмірлерінде жарияланды. Жалпы, «Ар-Ай» газеті облыстық жастар газеті болғанымен, сол уақыттарда еліміздің рухани ортасына кеңінен таралып үлгерді. Өзіміз де жарық көрген жаңа нөмірдің бірнеше данасын Қазақстан Жазушылар Одағына және бірнеше жекелеген әдебиетшілерге, қоғам қайраткерлеріне жіберіп тұратын едік. Бір күні сондай бір сұхбаттың жұмысымен Алматыға бара қалдым. Қазақстан Жазушылар Одағының алдынан ақын Маралтай Райымбекұлы кездесті. Қасында марқұм Әмірхан Балқыбек бар. Аз-кем жағдай сұрасқан соң, біраз белгілі адамдардан сұхбат алуға келгенімді айттым. Сонда Әмірхан Балқыбек «Сендер облыста жатып алып мықтысыңдар ей. Қабдеш ағадан сұхбат алыңдаршы, сол кісі көп нәрсе айтады» деп еді. Өкінішке қарай, классик жазушы Қабдеш Жұмаділов ағамызбен сұхбаттасу бұйырмапты. Одан бері де талай жылдар өтті. Уақыт, қоғам, адам өзгерді. Алайда, осындай бір жаныңды жылытатын жақсы естеліктер ешқашан ұмытылмайды.
Одан кейін «Ар-Ай» газетінің айқарма бетін алып шығатын «Дода» деген айдар бар еді. Мұнда бекітілген бір тақырып аясында шақырылғандар еркін пікір таластырады. Аталған айдарды Ерлан Жүніс жүргізетін еді. Кейіннен редактордың айтуымен Ерлан екеуміз кезектесіп жүргізетін болдық. Сол кезеңде редакцияға әйгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов, Жақсылық Сәтібеков, Елен Әлімжан, Тәкен Молдақынов, Әбдікәрім Әбдімомынов және өзге де білімді, айтары бар азаматтар жиі келіп, «Дода» айдарына қатысып кететін. Мұның барлығы да жастарға деген рухани қолдау екен.
«Ар-Ай» газеті бізге ақын ретінде де шығармашылық шабыт берді. Журналист ретінде де біраз ізденістерге бардық. 2006 жылы күзде Астана қаласында Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі өтетін болды. Соған қатыспақшы болдық. Түс қайта жұмысқа келсем, кабинетте Ерлан жалғыз өзі отыр екен. «Шабытқа» қатысайық», деп едім, ол «Барғым келмейді» деді. Содан әйтеуір кешке қарай шабыттың бір шарықтаған сәтінде Ерлан екеуміз қатысатын болып шештік. Сөйтіп қарашаның қара суығында дірдектеп Астанаға келдік. Бірақ, кеудемізде өлеңнің оты бар, бойымызда бұрқыраған шабыт бар, әйтеуір өлең оқыдық. Қазылар алқасының төрағасы әйгілі ақын Фариза Оңғарсынованың өзі. Сол жылы бұл күнде белгілі ақын атанған Ерлан Жүніс Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің «Ең дарынды жасқа» деген қолтаңбасы қойылған Кубогын иеленді. Бұл жолы маған орын бұйырмады. Десе де, қуаныш ортақ, әрі бұл жас басылымның да абырой-беделі деп білдік.
Бір айта кетерлігі, бас редактор Болат Бекжанов басқа қалаларға барып түрлі мүшәйраларға, әдеби жиындарға қатысуымызға қарсы болмайтын. Керісінше, қолдау көрсетіп, іссапармен жіберетін. 2007 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында тұңғыш рет республикалық жас қаламгерлердің шығармашылық фестивалі өтетін болды. Аталған фестивальге қатысушылардың тізімінде мен де бар екенмін, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары, белгілі ақын Ғалым Жайлыбайдан менің сол фестивальге қатысуымды сұрап редакцияға хат келді. Көңіл деген қуаныштан алып-ұшып тұр. Бас редакторым да қарсы емес. Содан сол күні газеттің кезекті нөміріне кезекші редактор болмаймын ба. Бәрін де дұрыс қараған сияқты едім, әйтеуір не керек, газеттен қате кеткен. Болат Бекжановтың бір қасиеті – газеттен кеткен қатені бірден көріп қоятын. Жиында тура сондай болды. Сол нөмірге жауапты бәріміз де сөз естідік. Маған қарап «Ешқайда да бармайсың» деді. Алып-ұшып тұрған қайран көңіл су сепкендей басылды. Ойша елестеткен Баянауыл баурайындағы қызықты күндер, өлең оқулар, пікір алмасулар, керемет кездесулер, не керек бәрі де көзден бұл-бұл ұшып бара жатқан еді. Не істеймін енді, далаға шығып көлеңкелеп отырғанмын. Бір уақытта далаға Болат аға шықты. Келді де біраз уақыт үндемей отырды. Бір кезде «Жолға қашан шығасың?» деді. «Ертең кешке» дедім. «Дайындал. Жақсылап барып қайт. Бухгалтерге айтып қойдым, жол қаражатыңды береді. Іссапармен жіберемін» деді. Ой, мынау бір қызық әрі ғажап болды. Содан өз-өзіме сыймай, қуанып, ертесі күні жолға шықтым...
Баянауыл сапары мен үшін сәтті болды. Баратындардың бәрі де Алматыдан бас қосып, бір вагон ақын-жазушы болып Павлодарға тарттық. Пойызда белгілі қаламгерлердің көбі бар. Бүгінде әдебиетте аты белгілі замандастар да жүр. Баянауылға барғанымызда жиынның басында он қаламгерге сол аймақтан шыққан белгілі тұлғалардың атынан қаржылай стипендия берілетіні, он үш автордың кітабы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша жеке кітап болып шығатыны және жеті қаламгердің Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылдатаныны айтылды. Мұнда жүздеген жас келген, бәріміздің де ішімізде бір үміт бар. Қорытынды жиында Қазақстан Жазушылар Одағының сол кездегі төрағасы, белгілі ақын Нұрлан Оразалин бірқатар жастармен бірге менің де тұңғыш кітабымның Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жарық көретінін сүйіншіледі. Жиырма екі жастағы жас ақын үшін бұдан асқан қандай бақыт керек! Сөйтіп, келесі 2008 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы бағдарламасы бойынша Алматыдағы «Жалын» баспасынан «Ағаштың бүрі» атты тұңғыш жыр жинағым шықты. «Ар-Ай» газетінде жұмыс істеп жүрген 2013 жылы Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде құбылыс ақын Есенғали Раушановтың қолдауымен «Жазушы» баспасынан «Қараша хаттары» атты өлеңдер кітабым жарық көрді. 2014 жылы Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты атандым. Бір сөзбен айтқанда, шығармашылығымда оң жетістіктер болды. Мұның бәрін әрине өзімді көрсету үшін, бос мақтан үшін айтып отырғаным жоқ. Бұл – жалынды жастар басылымының маған берген шығармашылық мүмкіндігі, сәттілігі еді. Жалғыз менің емес, «Ар-Ай» газеті талай қолына қалам ұстаған жастың жолын ашты, талабын шыңдады. Болат Бекжанов сияқты ақжүрек азаматтың да біздің өмір жолымызға шашқан шуағы аз болған жоқ.
Мен біртуар тұлға, мықты жазушы Несіпбек Дәутайұлы ағамызбен де жастар басылымында істеп жүрген алғашқы жылдары таныстым. Өлеңдерім мен мақалаларымды оқып жүреді екен. Кейде мақтап жіберсе, кейде ескерту де айтатын. Айбынды ағадан да көп нәрсе үйрендік. 2007 жылы Несіпбек аға алпыс жасқа толатын болды. Бір бет беру керек. Содан алып-ұшып жазушы ағамызға келдім. Ойымды айттым. «Жаза аласың ба?» деді. Мына сөзден жүрегім дауаламаса да бар жауапкершілікті мойныма алып «Жазамын» дедім. Кейіннен газетке «Қазыналы қайнар» деген көлемді мақала жаздым. Мақала талғамы жоғары Несіпбек Дәутайұлына ұнапты. Жақсы пікірін айтты. Сол жылы Несіпбек ағадан сұхбат алмақшы болып, сұрақтарды алып бардым. Ол кісі ауызша сұхбат бермейтінін, сұрақтарға қарап отырып өзі жауап жазып беретінін айтты. Сұрақтарды тастап кеттім. Бір күннен кейін хабарласып сұхбатты жазып отырғанын айтып, бір сұраққа ескерту жасады. Қазір қандай сұрақ екені есімде жоқ, бірақ «Сұрақтар салмақты болуы керек. Ал, қалған сұрақтарың жақсы» деді. Бұл сұхбат та кейіннен «Ар-Ай» жастар газетінің бетінде жарияланды.
Адамның өмірінде өзі қадір тұтатын кезеңдер, ұмытылмайтын естеліктер, қайта оралмайтын сағыныштар болады. «Ар-Ай» жастар газетінде жұмыс істеген жылдарым – мен үшін сондай аяулы сәттер. Сол кезеңдегі суреттің бәрін де бір естелікке сыйғызу мүмкін емес. Ең бастысы – журналистік жолда шығармашылық жолымыз қалыптасты. Кейіннен азды-көпті бірқатар басылымдарда еңбек еттік. Мен өзі «Ар-Ай» газетіне үш рет айналып соғып, жұмыс істедім. Үшінші рет аталған газетте істеп жүрген, бөлім меңгерушісі болып жүрген кезімде, яғни 2017 жылғы 19 қаңтар күні республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі болып қабылдандым. Еліміздің бас басылымының сол кездегі басшысы Дархан Қыдырәлі осы қызметке шақырды. Мен еліміздегі ең үлкен басылымның бір облыстағы өкілі болып осы «Ар-Ай» газетінен аттандым. Әйгілі Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Ақселеу Сейдімбек, Темірхан Медетбек сияқты кілең классиктердің де меншікті тілші болғанын есіме алдым. Шүкір, «Егемен Қазақстан» газетінде де жаман еңбек еткен жоқпыз. Бірақ, «Ар-Ай» газетінде жинаған тәжірибем маған рухани азық болды.
Аға буынның бәрі алпысыншы, жетпісінші жылдардың жастарының газеті деп сол кездегі «Лениншіл жас» басылымын айтатын. Бұл жерде де қазақтың маңдайалды қаламгерлері жұмыс істеді. Бірақ, бұл бізге аңыз сияқты болып көрінеді бүгінде. Ал, жаңа заманның жаршысы болған «Ар-Ай» газеті де біз үшін сондай еді. Өзіміз көрдік, ел ішінде, жоғары оқу орындарында жастар басылымын қызыға оқитын оқырман да көп болатын. Әрбір кезеңде «Ар-Ай» газетінде көптеген азаматтар бас редактор болды. Көптеген журналистер жұмыс істеді. Бәрі де өздерінің мүмкіндігіне қарай жұмыс атқарып, жастар басылымының өркендеуіне үлес қосты. Өкінішке қарай, газеттің алғашқы нөмірін шығарып, қол қойып, суығына тоңып, ыстығына күйген Болат Бекжанов бұл күнге жете алмады. Болат Үмбетәліұлының газеттің тірлігі үшін әкімшілікке күніне талай рет баратынын көзіміз көрді.
Қазіргі таңда да «Ар-Ай» газеті сапалы, оқылымды болып шығып келеді. Тұрсынбек Сұлтанбеков бастаған әріптестер лайықты еңбек етуде. Бұл күнде жастар басылымының өз жолы, өз оқырманы бар. Бәсі биік басылымның жиырма жылдық мерейтойымен еңбек еткен және еңбек етіп жүрген барлық әріптестерімізді құттықтай отырып, шығармашылық табыс, асқақ абырой тілеймін!