
Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың айтуынша, биыл ауданда жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлемі 6 миллиард 657 миллион теңгеге жетіп, жылдық жоспар 176 пайызға артығымен орындалыпты. Демек, өткен жылғы 3 миллиард 715 миллион 900 мың теңгемен салыстырғанда ауданда екі еседен аса өсім бар. Құрылыс қарқынына қатысты нақты көлем индексі де осыны айғақтайды. Бұл ретте меже 205,9 пайызды құрапты. Сонымен қатар пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 3 148 шаршы метрге жетіп, бұл бағыттағы жылдық жоспар 102 пайызға орындалған екен. Салыстырар болсақ, өткен жылы бұл көрсеткіш 3 087 шаршы метр болған екен. Нақты көлем индексі – 101,7 пайыз. Көңілден шығар көрсеткішке қол жеткізуге ауылдық жердегі инфрақұрылымды жақсарту, демографиялық тұрақтылықты қолдау бағытында атқарылған жұмыстар да өз үлесін қосып отырғаны анық.
Осы тұста аудан басшылығы мен тиісті сала мамандарының еңбегі ерекше екенін айта кетуіміз керек. Өйткені кез келген бастаманың табысты болуы нақты жоспар мен тиянақты жұмысқа байланысты болады. Сарысуда бұл ұстанымның берік орныққанына жоғарыда сөз еткен көрсеткіштер дәлел бола алады.
– Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында тұрғын үй саясаты нақты нәтижелермен жүзеге асып келеді. Қалада бүгінде 104 көпқабатты тұрғын үй (6 650 пәтер) бар. Оның ішінде 28 үй коммуналдық меншікте болса, 76 көпқабатты үй кондоминиум нысаны ретінде тіркеуден өткен. Осы арқылы тұрғын үй қорының жүйелі түрде басқарылып, меншік иелері тарапынан ұқыпты пайдаланылып отырғанын білуге болады. Қаладағы тұрғын үйлердің тозуын тоқтату және оларды жаңарту бағытында да нақты жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, №32 көпқабатты тұрғын үйді қайта қалпына келтіруге биыл 554 миллион теңге бөлініп, ауқымды жөндеу жұмыстары атқарылды. Бұл 90 пәтерлі үй, яғни ондаған отбасының тұрмыстық жағдайы жақсара түсті деген сөз. Қазіргі таңда сол жұмыстарды толық аяқтау үшін қосымша 113 миллион теңге бөлінді. Бұдан бөлек, тұрғын үйге қажетті инфрақұрылым тарту және ауласын абаттандыруға 72 миллион теңге қарастырылды.
Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету ісі де басты назарда. Осы мақсатта коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер сатып алуға 143 миллион теңге бағытталған. Бұл істің қолға алынуы әсіресе көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүгедектігі бар азаматтар мен жалдамалы баспанада өмір сүріп жатқан тұрғындар үшін зор мүмкіндік болмақ.
Осы жылдың тағы бір игі жаңалығын айтар болсақ, пәтерге мұқтаж бюджет саласының 90 қызметкеріне баспана беру жоспарланды. Осы арқылы мұғалім, дәрігер, әлеуметтік салада еңбек етіп жүрген өзге де мамандарға үлкен қолдау көрсетілмек.
Жаңатас қаласындағы көпқабатты үйлерді күрделі жөндеуден өткізу де жүйелі жалғасып келеді. «Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы» аясында республикалық бюджеттен 410 миллион теңге қаржы бөлініп, көпқабатты 12 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілді. Мұндай жаңғырту тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін аса маңызды.
Алдағы уақытта республикалық бюджеттен тағы 1 миллиард 800 миллион теңге бөлініп, қаладағы тағы екі тұрғын үй қайта жаңғырылады. Оның бірі – 1-ықшамаудандағы 80 пәтерлі №45 үй, екіншісі 6-ықшамауданда жаңадан салынатын 60 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй. Жаңа құрылыстың жер телімі де дайын. Бүгінде кәсіпкерге 0,8 гектар жер беріліп, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұл үйдің құрылысы жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта Жаңатас қаласында коммуналдық меншіктегі үйлерден пәтер алу кезегіне 1 443 адам тіркелген. Жаңатаста тұрғын үй құрылысы мен қайта жаңарту жұмыстары қарқын алғанын ескерсек, кезекте тұрғандардың мәселесі де кезең-кезеңімен біртіндеп шешілетіні анық, – дейді Сәкен Үмбетұлы.
Жалпы алғанда Жаңатас қаласында тұрғын үй саясаты кешенді түрде жүргізілуде. Мемлекеттік қолдау, жергілікті биліктің жүйелі жұмысы және халықтың баспана алуға деген белсенді құлшынысы секілді басқа да қажеттіліктер үйлесім тауып, ел игілігіне айналуда.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ