
Осы мақсатта жыл сайын еліміздің барлық өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, мыңдаған отбасы жаңа пәтерге қоныстануда. Мемлекет жүзеге асырып отырған тұрғын үй саясатының арқасында пәтер алып, қоныстой тойлап жатқандар да жетерлік. Жастармен қатар, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген елуді еңсерген кейбір азаматтардың да баспаналы болуына елімізде жүзеге асырылып жатқан әртүрлі әлеуметтік топтарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы тиіп жатқанын айта кетуіміз керек. Нәтижесінде әсіресе көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар жандар, жастар мен бюджеттік сала қызметкерлері қолайлы шарттармен баспана алу мүмкіндігіне ие болуда. Бұл бүгінде мемлекетіміздің халықты баспанамен қамтуға айрықша басымдық беріп отырғанын көрсетеді.
Халықты баспанамен қамтуда «Отбасы банкі» акционерлік қоғамының атқарып отырған қызметі айрықша. 2025 жылдың 24 мамырынан бастап «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды кезекке қою және есеп жүргізу қызметі толығымен «Отбасы банк» акционерлік қоғамына берілген болатын. Осыған байланысты тұрғындар арасында «Енді пәтер кезегіне әкімдік тіркемейді екен, бәрін «Отбасы банк» шешетін болыпты» деген пікір айтыла бастаған еді. Негізінде бұл жаңсақ әңгіме емес, заңнамадағы нақты өзгерістерге байланысты туындаған жаңалық. Сол себепті біз осы акционерлік қоғамның қашықтықтан қызмет көрсету департаментінің директоры Арсулан Черниязовпен онлайн байланыс арқылы тілдескен едік.
Арсулан Асылбекұлының айтуынша, Үкімет бекіткен бағдарламалар шеңберінде аталған қаржы институты миллиондаған қазақстандықтың өз баспанасына қол жеткізуіне жол ашып отыр. Білгеніміздей, қазіргі таңда мемлекет тарапынан тұрғын үй мәселесін жүйелі шешуге бағытталған заңнамалық өзгерістер мен жаңа тетіктер іске қосылған. Атап айтқанда, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға енгізілген соңғы түзетулер халықты баспанамен қамту ісінде жергілікті атқарушы органдардың рөлін нақтылап беріпті. Дегенмен, коммуналдық немесе жеке тұрғын үй қорынан берілетін жалдамалы пәтерлерді бөлу қалалық және аудандық әкімдіктердің құзырында қала бермек. Бүгінде тұрғындар пәтер алу үшін кезекке тұруда бұрынғыдай жергілікті жердегі әкімдіктерді жағаламайды. Бұл ретте жұұртшылық «Отбасы банктің» тиісті филиалына қайырылады немесе kezekte.kz электронды порталына жүгінеді. Банк пәтер кезегіне тұруға ниет білдірген адамның табысын, әлеуметтік мәртебесін тексеріп, тұрғын үйге мұқтаж екені расталған жағдайда жүйеге тіркеп, ресми түрде кезекке қояды.
Бір айта кетерлігі, бұл «әкімдіктердің рөлі азайды» дегенді білдірмейді екен. Коммуналдық тұрғын үйді бөлуді, санаттар бойынша іріктеуді және пәтерді нақты тағайындау жұмысын әлі де жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын көрінеді. Аталған жүйедегі өзгеріс мемлекеттік тұрғын үй саясатын цифрландыру, ашықтықты арттыру және жемқорлықтың алдын алу мақсатында жүзеге асырылып отырса керек. Барлық мәлімет бір ақпараттық жүйеге жинақталғанда пәтер кезегі бұрынғыдан да әділ жүзеге асырылады деген сенім бар.
– 2025 жылдың 24 мамырынан бастап күшіне енген жаңа өзгерістерге сәйкес «Отбасы банк» акционерлік қоғамы ұлттық даму институты мәртебесін иеленіп отыр. Бұл мәртебе қаржы ұйымының тұрғын үй саясатын іске асырудағы стратегиялық маңызын арттыра түсті. Яғни, мемлекет ұсынатын тұрғын үйді жалға беру және жеңілдетілген ипотекалық несиелеу бағдарламаларын қаржылық сүйемелдеу жағы біздің банк арқылы жүзеге асырылуда.
Жаңа заң бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтар арасында пәтер бөлу олардың табыс деңгейіне және есепке қойылған күніне сәйкес жүргізіледі. Бұл тәсіл тұрғындардың нақты қажеттілігіне сай мемлекеттік қолдау тетігін ұсынуға мүмкіндік береді. Мәселен, табысы төмен азаматтарға жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау, орташа табысы барларға жеңілдетілген ипотекалық қарыздар ұсынылады. Қазіргі таңда «Отбасы банк» арқылы «2-10-20», «5-10-20», «Отау», «Наурыз» секілді бірнеше тұрғын үй бағдарламасы табысты іске асырылуда. Оның ішінде «2-10-20» және «5-10-20» тетіктері ерекше сұранысқа ие. 2025 жылғы 5 маусымдағы жағдай бойынша «2-10-20» бағдарламасы аясында республика бойынша 1 164 несие берілсе, оның 192-сі облысымыздың үлесінде. Ал «5-10-20» бағдарламасы арқылы республика бойынша 1627 азамат баспаналы болды. Әулиеаталық тұрғындар арасында 167 отбасы қоныстойын тойлады.
Облыс бойынша мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болған азаматтардың әлеуметтік санатына келсек, 1 мамырдағы есеппен 67 көпбалалы отбасы, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар 33 тұрғын, ерекше қажеттілігі бар бала асырап отырған 44 отбасы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 8 бала тұрғын үйге қол жеткізді.
Бір айта кетер жайт, жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғын үй сатып алуға арналған қосымша бюджет қаржысы қарастырылмаған. Сондықтан азаматтар кезек қозғалысы туралы өзекті ақпаратты kezekte.kz электронды платформасы арқылы бақылап отыруы қажет.
Тұрғын үйге мұқтаж жандардың саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2025 жылғы 24 мамыр мен 4 маусым аралығындағы мәліметке сүйенсек, «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» ақпараттық жүйесінде облыс бойынша 10 004 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл көрсеткіш баспананы жалға алу немесе жеңілдетілген ипотека арқылы тұрғын үйге қол жеткізгісі келетін азаматтардың қатары әлі де көп екенін көрсетеді. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, «Отбасы банк» акционерлік қоғамы жалға берілетін және несиелік тұрғын үйді тек есепке тұрған күнге сәйкес үлестіреді. Сонымен қатар, азаматтың табыс деңгейі де шешуші рөл атқарады. Бұл мемлекет тарапынан көрсетілетін тұрғын үй қолдауының нақты бағыттарын анықтап, әр адамға жағдайына сай тиімді жол ұсынуға мүмкіндік беретін әдіс, – деді Арсулан Асылбекұлы.
Айта кету керек, берілетін тұрғын үйлердің кемінде 70 пайызы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға, өзге мемлекеттер аумағындағы әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер мен жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жесір әйел мен тұл ер адам секілді әлеуметтік осал топтарға таратылады екен.
Осы тізімге қарап-ақ, еліміздегі халықты баспанамен қамту саясатының әлеуметтік әділеттілік қағидатына негізделгенін аңғаруға болады. Яғни, мемлекет қамқорлығы ең алдымен қолдауға зәру топтарға бағытталып отыр.
Кейбір азаматтар арасында «мемлекет баспананы тегін береді» деген жаңсақ түсінік қалыптасқаны жасырын емес. Алайда «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда мұндай норма қарастырылмаған екен. Бүгінде мемлекет ұсынатын негізгі қолдау тетіктері кейіннен сатып алу мүмкіндігімен тұрғын үйді жалға беру, жалдау ақысын субсидиялау, жеңілдетілген ипотекалық несие ұсыну, тұрғын үй сертификаттарын беру арқылы жүзеге асырылады. Осы арқылы мемлекет адамның баспананы өз күшімен сатып алуына немесе жалдап тұруына жағдай жасауда. Бұл қолдаулардың барлығы белгілі бір тәртіппен және табыс деңгейіне қарай көрсетілуде. Мәселен, жалға алу ақысын субсидиялау құқығы тек әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға беріледі. Атап айтқанда, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баласы бар немесе тәрбиелеп отырған отбасы, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, сондай-ақ «Батыр ана» немесе «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар осы қолдау түріне ие болады. Бұл ретте әрбір отбасы мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы орташа табыс көлемі бір күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. 2025 жылы бұл шамамен 55 560 теңгені құрайды. Егер отбасы осы межеден төмен табыс табатын болса, жалдау ақысына арналған мемлекеттік субсидия алу мүмкіндігі бар.
«Отбасы банк» акционерлік қоғамы қашықтықтан қызмет көрсету департаментінің оператор-консультанты Әнеля Әлібаева жалдамалы тұрғын үй мен жеңілдетілген ипотеканы беру тәртібі де нақты санаттарға бөлініп белгіленгенін айтады. Жергілікті атқарушы орган арқылы жалға берілетін баспаналар ең алдымен әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтарға бағытталады екен.
– Тұрғындар үшін 2 пайыздық жеңілдетілген ипотека баспаналы болудың ең тиімді жолы. Бұл мүмкіндік те жоғарыда аталған әлеуметтік топтар үшін қарастырылған. Бірақ мұнда табыс шегі жоғарырақ. Соңғы 6 айдағы әрбір отбасы мүшесіне шаққан табыс бес төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы қажет. Мемлекет тарапынан тұрғын үйге мұқтаж жандар үшін ұсынылатын жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар бірнеше деңгейге бөлінеді. Олардың шарттары мен талаптары табыс көлеміне тікелей байланысты. 2 пайыздық ипотека жоғарыда көрсетілген әлеуметтік осал топтарға арналған. Несие шарттарына келсек, сыйақы мөлшерлемесі – 2 пайыз. Бастапқы жарна 10 пайыздан басталады. Неиені қайтару мерзімі 20 жыл болса.
5 пайыздық жеңілдетілген ипотека тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған барлық азаматтарға арналған. Бұл бағдарлама бойынша да негізгі шарттар өзгермейді. 10 пайыз алғашқы жарна құйылуы тиіс. Несие 5 пайыздық мөлшерлемемен 20 жылға беріледі. Табыс шегі алты күнкөріс деңгейінде болуы тиіс.
Ал 7 пайыздық ипотека орташа табысы бар азаматтарға арналған. Мұнда табыс деңгейі бес күнкөріс деңгейінен жоғары болуы керек. Қалған шарттар алдыңғы бағдарламалармен өте ұқсас. Баспана сатып алуға рұқсат етілген нысандарға келсек, жаңа салынған (бірінші нарықтағы) тұрғын үйлер, моноқалалар мен ауылдық елді мекендердегі екінші нарықтағы үйлерді алуға болады. Кезекке тұрудың да өз талабы бар. Соңғы 5 жылда еліміздің аумағында өз атына тіркелген тұрғын үйдің болмауы, егер үй бар болып, ол апатты деп танылса, құжатпен дәлелденуі тиіс. Астана, Алматы және Шымкент қалалары үшін соңғы 3 жылда сол қалада тұрақты тіркеуде болуы міндетті, –дейді Әнеля Ерланқызы.
«Отбасы банк» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Нұрлан Сұлтановтың айтуынша, облыста 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы кезең-кезеңімен іске асырылуда. Аталған құжат аясында өңірімізде нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Мәселен, 2025 жылдың сәуір айында өңірде 486 пәтерден тұратын 11 тұрғын үй нысаны пайдалануға беріліпті. Осындай пәтерлерге ие болуда тұрғын үй кезегінде тұрған барлық санаттағы азаматтар үміткер бола алады.
– Қазіргі таңда өтініштерді қабылдау «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Отбасы банкінің» otbasybank.kz порталы арқылы онлайн түрде жүзеге асырылуда. Жалпы әлеуметтік тұрғын үй құрылысы жоғарыда аталған тұжырымдама аясында жүргізілуде. Өткен жылы осы бағытта облыста 944 пәтер пайдалануға берілген болатын. Сонымен қатар, тұрғын үй саясатының бір бағыты – жалдау төлемдерінің 50 пайызын субсидиялау. Бұл көмек І және ІІ топтағы мүгедектігі бар жандарға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, көпбалалы отбасыларға және жетім балалар санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға көрсетіледі. Мемлекеттік қолдаудың тиімділігі – оның нақты адамдардың мұқтажына бағытталуында. Әулиеаталықтарды тұрғын үймен қамту саласындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса береді, – дейді ол.
Бүгінгі таңда мемлекет баспана мәселесін түбегейлі шешудің жолын қарастырып, азаматтарға лайықты жағдай жасауға күш салуда. Жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстар, халықты қолдау тетіктері мен цифрлық жүйе пәтер бөлу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ететіні анық. Бұл ретте әр азамат өз құқығын біліп, қай санатқа жатады, сол бойынша құжаттарын рәсімдеп, баспаналы болу жолында белсенділік танытуы тиіс.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ